Аукционның әуресі немесе балықшылар неге браконьерге айналды?

0
256

Кезінде Көпбірлік ауылы қандай еді? Шіркін, «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» өрісті өлке-тұғын. Озат балықшылардың отаны саналып, 9 бригадасы мен 18 моторлы қайығы бар ел көлеміндегі ең бір құтты елді мекен саналған. Ал қазір ше? Балықшысы браконьер атанып, аңшысы жалшы болып, баласы қала кезіп жүр.

Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр сағасында қоныстанған Көпбірлік ауылы көпке мәлім. Мұндағы тұрғын­дар­дың негізгі тіршілігі – балық шаруашылығы. Кезінде атақты Киров балық колхозы болған. Округтің аты да өзіне сай, Қызылбалық ауылдық округі деп ата­ла­ды. Заман қанша құбылса да ауылдағы ағайын іргедегі Балқаш көлінен ризығын тауып отыр. Әрине, бәрі бала-шағаның қамы үшін. Сондықтан ағайынның айтар әңгімесі – балықтың жыры. Сол топырақтың перзенті, журналист Ришат Тұрғанбай осы мәселені айтып та, жазып та жүр. Бірақ естір құлақ қайсы? Бүгін сол аза­мат бізге де қолқа салды.

– Кеңес заманында аталған ауыл балық аулаудан алдыңғы қатарда болып, талай мәрте өкіметтің жоспарын орындап, озат балықшыларымен мақтанатын. Ол кезде ауылда 9 бри­га­да, 18 моторлы қайық бар еді. Өкі­нішке қарай, қазір оның бірі де жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы тоқырауға түскен Көпбірлік ауылы содан бергі кезеңде қолда бардың бар­лығынан айырылды. Жеке кәсіпкерлік, кооператив құрамыз деген желеумен сырттан келген азаматтар ауылдағы барды ұқсатамыз, көркейтеміз де­ген-ді. Алайда ауылдағы бар тех­ни­каны сатып, айрандай ұйып отырған ауылдың берекесін қашырды. Дамы­тамыз дегені бос сөз болып, тоз-тозын шығарды, – дейді Р.Тұрғанбай.

Жасыратыны жоқ, ауыл сол қал­пын­да, ажары кетпеген. Тек, тұр­ғындарының көңілі алаңға толы. Төрт ауылдан жиылған ағайынның базынасын естіп, біздің де жүрегіміз ауырды. Ауылдағылардың айтарына құлақ түрдік, жанайқайын естідік. Өзен жағалап отырып, өзегі талған ха­лықтың мәселесіне үңілдік. Көп­бірлік ауылындағы жиылған жұрт­тың негізгі шағымы – күнкөріс мә­се­лесі. Басында айтқанымыздай, мұн­дағылардың негізгі тіршілігі – балық аулау. Одан басқа жұмыс жоқ. Осы орайда балықшы қауым бүгінгі күн­ге дейін қашып-пысып жүріп, заң­сыз балық аулап келді. Олардың ар­найы тіркеліп заңды балық аулауына ешқандай мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар ау-құралдарына да заңмен тыйым салынған. Күнкөрістің басқа амалы қалмағасын, қара қазан, сары ба­ланың қамы үшін рұқсатсыз балық аулауға мәжбүр болып жүргендерді соң­ғы кездері табиғатты қорғау поли­ция­сы тырп еткізбеуге айналыпты. Шеті­нен ұстап, қылмыстық іс қозғап, шы­рылдатады. Бүгінгі күнге дейін бір­неше балықшыны қылмыстық жауап­кершілікке тартып, істері сотқа жө­нел­тіпті. Ашынған халық не істерін білмей отыр.

– Мен Байшегір ауылының тұр­ғынымын, екі баламды Бағлан деген жігіт ұстап алып, қылмыстық іске тартты. Әрине, оның істеп отырған ісі заңды, табиғатты қорғап, өз жұ­мы­сын атқарып отыр. Бірақ ауыл тұр­ғындарының басқа жұмысы жоқ. Қайтіп күн көреді? Ұры-қары секілді заң қызметкерлерінен қашып жүріп, балық аулауға шығады. Байлыққа бел­шесінен батып жатқан ешкім жоқ, бар­лығы да бала-шағасын асыраудың қамы. Олар айыппұл салса бір жөн, бас салып, қылмыстық іс қозғағаны бізді қат­ты алаңдатады. Барлығының бала-ша­ғасы бар, олардың ертеңгі болашағы не болады? Әкелері балық аулап сот­тал­ған балалар ертең жұмысқа да ор­наласа алмайды. Бұлай жалғаса бер­се, бүтін ауыл сотталып шығады. Енді бұлар қайда барады? Бізге осы мә­селені шешіп берсе, біз заңды балық­шы деген атқа ие болып, рұқсат қаға­зы­мыз­бен балық ауласақ. Осыны жоғары жаққа жеткізіңіздер деген тілекпен сіз­дерді шақырдық, – дейді Түгелбай Әрін.

Рас, қарап тұрсақ ауылда басқа жұмыс жоқ. Олар екі қолға бір күректі қайдан тауып, бала-шағасын қалай асырайды? Заңды тіркелетін мекеме де жоқ. Ұстағанын қылмысқа тарта берсе, ауылда таза адам қалмайтыны анық. Заң талабын орындаймыз деп елдің бәрін қылмыскер атандыру жергілікті жұртты ашындыру емес пе деген сауал туады. Онсыз да ти­тықтап отырған ауыл тұрғындары ашынып кетіпті. Ашынған халық заң қызметкерінің жағасына жармасып, бірі жазым, екіншісі жалалы болса, арты жақсылыққа апармасы анық. Осы жағы өте қауіпті. Бір адамды ба­сарсың, төрт ауылдың адамын тоқтату қиын. Осының алдын алып, ауылдағы ағайынның талабына құлақ асқан жөн болар. Осындай әңгіменің тиегін ағытқан тұрғындардың ішінен тағы бір ағамыз ұсынысын айтты.

– Біздің құрып отырған ауымыз Қытайда шығарылған. Ел арасында «қытай сеткісі» деп аталады. Бұл ау-құрал­мен балық аулауға рұқсат жоқ. Не­гізінен рұқсат етілген жібек жіп­тен тігілген ау-құрал Қазақстанда шы­ғарылмайды. Ресей мемлекетінен келеді. Амалсыздан осы «қытай сет­кісін» пайдалануға мәжбүрміз. Егер мемлекеттен оған тыйым салынса неге еліміздің нарығында еркін сатылады? Бұл да қылмыстық жолмен елге келіп жатыр емес пе? Рұқсат етілген құрал болса, заңсыз дүниені тұтынып неміз бар. Жоқ болғасын аламыз. Осы мәселені де шешіп берсе. Бүгінгі аулап жүрген құралымызбен балық инспекциясы, табиғатты қорғау поли­циясының қолына түсеміз, олар қыл­мысқа тартады. Біз заңнан қаш­пай­мыз, ол құралдың зиян екенін жақ­сы білеміз. Елімізде жібек жіптен тоқылған ау-құрал шығаратын кәсіп­орын ашылғанша осы құралмен ба­лық аулауға рұқсат берсе деген ұсы­нысымыз бар, – дейді Мұратхан Құдайбергенұлы.

Шынымен де ел аузында «қытай сеткісі» деп аталатын құрал өте зиян. Оған 2004 жылы Үкіметтің қау­лысымен тыйым салынған. Бірақ сол кезде рұқсат етілген ау-құралдың жоқ­тығын неге ескермеген деген сауал туады. Екінші мәселе, Үкімет тыйым салса, нарықта неге еркін саудаланады? Кеденнен неге өткізіледі? Осы жағы да беймәлім. Жоғарғы басшылық мұны ескеруі керек деп санаймыз және балықшы қауымның ұсынысына құлақ асқан­дары дұрыс. Тіпті уақытша болса да, полимитті ау-құралын қолдана берсе деген өтінішті біз де айтқымыз келеді. Осы тұста сөз алған Еркін Қы­дыр­бекұлы басты себептің бірін айтты:

– Әкем де, атам да балықшы бол­­­ған. Мына тұрған азаматтардың бар­лығының ата-бабасы балық аула­ған. Біз басқа кәсіптің ыңғайын біл­меуіміз мүмкін, балықтың жағ­дайын жақсы білеміз. Сондықтан да атакәсіптің иесі атанып отыр­мыз. Біздің заңсыз балықшы ата­нуымыздың басты себеп­терінің бірі – көлден балық аулау үшін белгіленген учаске алуға қол жет­кізе алмауымыз. Өкінішке қарай ол мүмкін емес. Неге? Өйткені барлығы аук­цион ар­қылы өтеді. Бәссауданың бас­тапқы төлемі 1 млн теңгеден бас­талады. Кім көп береді, сол ұтады. Біз­де ондай қаражат жоқ. Мұнымен қоса бүгінгі күнге дейін Қаратал ауда­ны­на жататын учаскелерде бірде-бір аук­цион өткен жоқ. Оның себебін біл­меймін, өтетін болса сырттағы адам­дар ұтады. Көлден бір телім ал­ған адам бар болғаны 10 адамды жұ­мыспен қамтиды, қалғандары тағы да сол браконьер атанып жүре бе­реді. Осы жағдайды да ескерсе. Та­би­ғат байлығының барлығы сол елде тұрып жатқан халықтың игілігіне жа­ратылу керек. Барлығын заңды етіп шешіп берсе, біз де заң талабына сай са­лығымызды төлеп, жұмыс істегіміз келеді. Жаңадан тағайындалған Қара­тал ауданының әкімі іскер азамат еке­­­нін аңғардық. Елге келіп, ауыл хал­­­қымен кездесу өткізді, ол жерде де ұсы­нысымызды жеткіздік. Әрине, бір ғана ол кісінің қолынан келетін іс емес, дегенмен де жоғары жаққа жет­кізсе дейміз. Балықшылардың көлге шығуы қиындап кеткен болатын. Көл­дің аузы бітеліп, көліктің өтуіне ке­­дергі келтірген. Мұны естіген Ұлан Әл­дибекұлы арнайы техника жіберіп, қазір қазу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көмегіне балықшылар атынан ал­ғы­сымызды айта отырып, біздің ті­лек­ке де назар аударса. Қашанғы бра­коньер деген атпен қашып жүреміз. Жоғары облыстық, республикалық бас­шылыққа жеткізсеңіздер деп өті­ніп тұрмыз, – деді Е.Қыдырбекұлы.

Жалпы аукцион дегеніміз – карта ойыны секілді. Оған қарапайым ба­лықшының шамасы жетпейді. Тап­қа­ны тиын балықшылардың аукционға қатысуға қауқары жоқ. 2014 жылға дейін конкурс арқылы берілген. Кейін өзгеріс еніп, осындай болды. Оның үстіне бәссаудаға қатысудың ар­найы талаптары бар. Қатысушының үл­кен тоңазытқышы, үлкен моторлы қайықтары болуы шарт. Тағы да сол шы­рылдайтын қарапайым ауыл тұрғы­ны. Ашынатындай-ақ бар, жалғыз кә­сібінен айырылып қалғалы отыр. Заң­ды аттап басуға мәжбүр, егер арнайы мемлекет тарапынан қолдау болмаса бұл істің түбі шимайлана бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылға көңіл бөлуді тапсырған еді, ендеше алыстағы ағайынның жайын неге ескермеске?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз