Ауыл мен қаланы жалғаған жоба 47 рет көрсетілді
Сенаттағы парламенттік тыңдау барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының бағыттары туралы баяндады.
Өткен жылдың соңында басталған осы қанатқақты жобаға әуелгі кезде 12 ауданнан 24 ауылдық округ таңдалды. Өз ауласынан қосалқы шаруашылық ұйымдастыру арқылы табыс табуға құлшыныс білдіргендер саны күрт артқандықтан, Ақтөбе облысындағы 134 ауылдық округтің жағдайына толық талдау жүргізілді. Нәтижесінде, елді мекендердің әлеуеті, азық-түлік өнімдерін өндіру-тұтыну теңгерімі, әлеуметтік инфрақұрылымдарының болуы мен көлік қатынасына қолайлылығы зерделенді. Осы мақсатта ауылдық округтердегі жұмыссыз, табысы төмен отбасылардың кірісін көбейту үшін жеке қосалқы шаруашылықтар ұйымдастырылып, бірнеше шаруашылық ауылшаруашылығы кооперативтеріне біріктіріліп жатыр.
Жобаға қатысушы азаматтар ауылдағы баспаналарын кепілдікке қою арқылы жылдық өсімі 2,5 пайызбен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ұзақ жылға несие рәсімдей алады. Оған қоса табысты шаруа қожалықтары тауарлық несие түрінде ірі қара, қой-ешкіні ауылдастарына қарызға беруіне болады. Қарыз алушы мен берушінің арасындағы уағдаластықтың нәтижелі болуы үшін ауыл әкімінің қатысуымен үшжақты келісім жасалынады. Соңғы дерек бойынша «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар саны жағынан Алға ауданы бірінші орынға шықты. Түпкілікті нәтиже – облыс орталығын жергілікті көкөніс, мал, құс етімен, сүт өнімдерімен, жұмыртқамен қамтамасыз етуді 80 пайызға дейін жеткізу. Айта кету керек, 900 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтөбе облысы азық-түліктің негізгі түрлерін сырттан тасымалдайды. Соның ішінде облыста өндірілетін сүт өте аз, жұмыртқа мүлде жоқ деуге болады. Өңірдің жер жағдайы ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы болса да, ірі шаруашылықтардың әлеуеті толық пайдаланылмай келе жатқаны өкінішті. Енді алдағы жоспарланған жұмыстар толығымен іске асса, «Ауыл аманатына» қатысатын ауылдарда жұмыссыздық деңгейі 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар деңгейі 49,3%-ға төмендейді деп күтіліп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіріп сатқан отбасының орташа табысы 2 есеге артады. Ералы Тоғжанов Сенатта Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жаңғырту, инвестициялық тартымдылықты арттыру туралы тапсырмаларын орындау бойынша да шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Елді мекен тұрғындарының кіріс көзін көбейту жобасына газ құбырын тарту, сапалы ауыз су құбырын жеткізу, жылдамдығы жоғары интернет байланысын жүргізу жұмыстары да еніп отыр. Тұрғындардың ауылдан көшуін азайту, әсіресе жастарды тұрақтандырудың нақты жолы ретінде ұсынылып отырған осы шараның тиімділігі – сауатты жобалау мен қаржы ресурстарын тиімді жұмсауға да байланысты. Биылғы жылы өңірдегі 67 ауылға мобильді кеңжолақты интернет келеді.
Сонымен қатар «Абаттандырылған ауыл» жобасы бойынша аз уақытта 12 ауылға 120 әлеуметтік маңызы бар нысан салу көзделіп отыр. Мақсат – автокөлік жолына және теміржолға жақын, газ және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, тұрғындар саны тұрақты, табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары бар ауылдарды заманауи және тұрмысқа қолайлы, үлгілі ауылдар ретінде қайта құру. Бұл жобаны «Ауыл – ел бесігі» жобасымен сабақтастыра отырып, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарымен қамтуды арттыру көзделген.
Еліміздегі бес агломерациялық орталықтың санатына енген Ақтөбе қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендердің мүмкіндіктерін арттыруда өңірдің демографиялық өсімі де назарға алынған. Республикалық еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегі бойынша 2050 жылға қарай облыс тұрғындарының саны 31%-дан 45%-ға дейін (1 млн 336 мың адамға дейін) жетеді деген болжам бар. Тұрғындар санының көбеюі қосымша еңбек ресурстарын қажет етеді. Сондай-ақ тұрғындар санының артуы тауар мен адамдар қозғалысын жылдамдатып, тұтынылатын азық-түлік мөлшері мен өндірістік тауарлар көлемін арттырып, шаруашылық түрлерін дұрыс ұйымдастыруды қажет етеді.