Ауылдың жағдайы жақсарады
Бүгінде халық саны 1,5 миллионнан асатын Алматы облысында 52 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында аталған өңірдің 5 ауданында және Қонаев қаласында қуаттылығы 68 200 оқу орны бар 63 жайлы мектеп нысандарының тізімі бекітілген. Биылғы жылы 28 мектептің, келер жылы 35 мектептің құрылысын бастау жоспарланғандығы жайлы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Алматы облысына іссапары барысында мәлім болды.
Аумағы мен халық саны жағынан өңірдегі ең ірі Еңбекші қазақ ауданындағы 84 мектепте 53 мыңнан аса бала білім алуда. Бұл ауданда да үш ауысымдық мектеп мәселесі күрделі болса, соның бірі Рахат ауылдық округіндегі алты жыл бұрын жобалық қуаттылығы 600 орындық боп салынып, пайдалануға берілген №1 орта мектеп. Содан бері оқушы саны үш есеге артқан.
– Рахат орта мектебінде бүгінгі күнге 1660 оқушы үш ауысымда білім алса, сыймаған 800 бала Есік қаласындағы мектептерге тасымалданып оқытылуда. Осы қиындықтың күрмеуін тарқату мақсатында Президенттің қолдауымен жүзеге асатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында республика бойынша ең көп мектеп, яғни 63 мектеп біздің Алматы облысынан бой көтермек. Оның 28-інің іргесі биыл қалану жоспарланған. Соның ішінде Еңбекші қазақ ауданынан осы жоба бойынша 5 мектептің құрылысы басталады. Оған қоса «Верный капитал» компаниясы Есік қаласы мен Шелек ауылынан әрқайсысы 900 орындық екі үлкен мектеп салуды жоспарлап отыр, –деді облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.
Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша облыста үш ауысымды мектеп саны ең көп Іле ауданында – 14, Талғар ауданында – 11 мектептің құрылысы қаланбақ.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Алматы облысының мектептерінде кадр тапшылығы жоқ емес, биылғы жылдың өзінде 160 ұстаз жетіспейді. Оның ішінде негізінен физика, математика, бастауыш және орыс тілі пәнінің мұғалімдері. Осы мәселені шешу мақсатында Алматы қаласындағы педагогикалық жоғары оқу орындарының барлығымен келісімшарт жасасып, сұраныс беріп, мұғалім тапшылығын жою бағытындағы жұмыстарды жандандыруда. Сонымен қатар ең өзекті мәселелердің бірі – білім сапасын көтеруде де нақты қадамдар жүзеге аса бастаған. Атап айтсақ, облыс әкімі бекіткен «Алматы облысының білім сапасын арттырудың «Жол картасы» бойынша «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры облыстағы 50 мектептен 5 мыңнан астам ұстазды даралап, біліктілігін арттыру, оқушылардың ынта-зейінін көтеру бағытында әдістемелік жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Нәтижесіне қарай кейіндеп кеңейту көзделген. Өйткені аталған облыста білім сапасының деңгейі айтарлықтай төмендеп кеткендігін бас ұстаз жасырмады.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру арқылы үш ауысымдық мектептер мәселесін түбегейлі шешумен қатар, тозығы жеткен, апатты ғимараттардың болмауы қамтамасыз етіледі, – деген Вице-премьер Алтай Көлгінов аталған жоба бойынша салынатын жаңа мектептерді мұғалімдермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге, бұл орайда ұстаздардың біліктілігіне, іс-тәжірибесіне айрықша назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ өңірлерге келетін жас ұстаздарға алдағы жылдан бастап 10 млн теңгеге дейін көтермеақы төленетіндігін атап өтті.
Адам капиталының сапасын арттыруда денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы айрықша маңызға ие. Алматы облысында 398 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 58-і жекеменшік. Бұл салада да күрмеуі күрделі мәселелер аз еместігі Есік қаласындағы көпсалалы аудандық аурухана дәрігерлерімен кездесуде мәлім болды. Аудан тұрғындарына 300-ге жуық дәрігер қызмет көрсететін денсаулық сақтау мекемесінде кадр тапшылығы барын аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуова баяндады. Денсаулық сақтау саласындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Алматыдағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен келісімшарт жасалып, ортақ меморандумға қол қойған.
Ауруханаға арнайы келген А.Көлгінов медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасына, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл аударып, пікір алмасты. «Денсаулық пен білім ең өзекті сала саналады. Еліміздің өсіп-өркендеуінің қос қанаты іспетті. Алайда ауылдарда дәрігер мамандар жетіспейді. Медициналық құрылғылардың тозығы жеткен. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылдың ішінде өңірлерде 600-ден астам нысан салу көзделген. Соның ішінде 38 нысан осы облысқа тиесілі, оған қоса 2 ауданаралық аурухана салынатын болады», деген сөзі дәрігерлердің көңілін жадыратты.
Президент тапсырмасына сәйкес, халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетіндігінен хабардар еңбеккерлер екі білектерін сыбана іске кірісуге дайын. Үкімет басшысының орынбасары Еңбекші қазақ ауданындағы іссапары барысында Жаңашар ауылдық округіндегі «Адал» агроөнеркәсіп кешенінде облыстағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Онда «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін түсіндіре келіп:
– Республика тұрғындарының жартысына жуығы ауылдық аймақтарда тұрады. Олардың кәсіптерін ашып, кеңейтуіне осы бағдарлама арқылы мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығына қажет құрал-жабдықтар мен техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінсе, оның 8 млрд 300 млн теңгесі Алматы облысының азаматтарына тиесілі. Қаржыға қол жеткізудің заңдылықтары түсіндіріліп, оны алғаннан кейін, дұрыс игерілуін жіті назарда ұстаңыздар. «Көктемнің бір күні – жылға азық» демекші, науқандық жұмыс қызатын шақта бұл мәселені кешеуілдетуге болмайды. Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету арқылы отандық өнім көлемін арттырар болса, бүгінгідей бағаның шарықтауына жол бермейтін боламыз, – деген Алтай Көлгінов көптеген шаруагерлердің толғақты сауалдарына тұщымды жауап қайырды.
Түс ауа Қонаев қаласының Бас жоспарымен танысқан Премьер-министрдің орынбасары А.Көлгінов іссапар соңында әкімдік қызметкерлерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша маңызға ие жобалар жайын талқылап, басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.