Автокөлік нарығы: Дағдарыстан шығуға талпыныс
Өткен жылы еліміздің автокөлік нарығы елеулі ауыртпалықтарға кезікті. Саланың жалпы өсуінің өзінде ел тұрғындары үшін жаңа көлік сатып алу қиынға соқты. Премиум санатындағы ғана емес, үнемді, қолжетімді көліктердің өзін айлап күтуге тура келді. Дегенмен қазір автосалондарда танымал брендтердің жаңа көліктері көбейе бастағанын аңғаруға болады.
Карантиннің кесірінен онсыз да бұзылған логистикалық жеткізу тізбегі әрі қарай күрделене түсіп, жартылай өткізу түріндегі дағдарыс бүкіл әлемге біршама әсер етті. Оның үстіне Украинадағы ушыққан жағдай Қазақстандағы ең ірі «СарыарқаАвтөнеркәсіп» пен «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыттарына автокөлік бөлшектерін жеткізу тізбегін қиындатып жіберді. Тиісінше, Ресейден келетін жаңа автокөліктердің ағыны айтарлықтай төмендеді. Өйткені көрші елдің әскери агрессиясы нәтижесінде салынған санкциялар мен ірі брендтердің елден кетуі ресейлік автокөлік өнеркәсібіне ауыр соққы болып тиді.
Былтырғы наурыз айының басында бірқатар ірі шетелдік автоөндіруші Ресейдегі қызметін уақытша тоқтататынын хабарлады. Компаниялар ресейлік зауыттарда автомобиль шығаруды, сонымен бірге ресейлік дилерлерге жаңа автокөліктерді жеткізуді доғарды. Мәселен, Volkswagen 3 наурыздан бастап екі зауытта да көлік шығаруды тоқтатты, Renault 28 ақпаннан бастап жұмысын тәмамдап, кейін өз үлесін АвтоВАЗ-ға беріп, нарықтан кетті. Наурыз айының басында Санкт-Петербордағы азиялық төрт брендтің ‒ Toyota (Camry және RAV4), Nissan (Qashqai, X-Trail және Murano) және Hyundai (Solaris, Creta) және Kia Rio зауыты тоқтады. Соңғы деректер бойынша Ресей Федерациясында шектеулі режімде 20 автокөлік құрастыру зауытының 3-і ғана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта АвтоВАЗ Lada Niva және Lada Granta модельдерін шығарады. Оның өзінде ABS және қауіпсіздік жастықтары жоқ қарапайым нұсқалары ғана құрастырылуда.
Карантиндік талаптардың күшеюі және АҚШ-пен сауда соғыстары жағдайында Қытайдың автомобиль нарығы жыл сайын сатылатын техниканың саны бойынша әлемдік көшбасшылықты сақтап тұр. 2022 жылы Қытайда 26,6 миллион автомобиль сатылды, осылайша нарық 2021 жылғы деңгейден 3,74%- ға өсті. Өткен жылы автомокөліктердің әлемдік сатылымы 81 млн бірлікті құрады. Бұл жаһандық нарықтың 2021 жылғы деңгейге қарағанда 2%-ға төмендегенін көрсетті. Қытайдың әлемдік сатылымдағы үлесі 32,8%-ды құрады. Әрине, коронавирустық шектеулерге байланысты кейінге қалдырылған тұтынушылық сұраныстың және мемлекет тарапынан автокөлік нарығын қолдау бойынша жаңа шараларды іске қосудың әсері айқын байқалады.
Автокөлік өнеркәсібінің локомотиві болып саналатын Қытай көліктері былтыр Қазақстандағы ең танымал 10 брендтің қатарына енді. Үздік ондықтың ішінде Қытайдың төрт бренді: Chery, JAC, Exeed және Haval бар. Еліміздің автомобиль нарығында соңғы жылы ресми түрде ұсынылған қытайлық брендтердің саны өсуде және олардың модельдік қатары жоспарлы түрде ұлғаюда. Бұл құбылыс негізінен бұрын ресейлік автомобиль зауыттарында шығарылған еуропалық және жапондық маркалардың жабдықтарын жеткізуді тоқтатуына байланысты туындады. Toyota, Volkswagen, Renault, Nissan және басқа да маркалардың ресейлік өндірісі аяқталғаннан кейін Қазақстанның автонарығындағы республикалық және өңірлік ойыншылар Қытайдан импорттық автомобильдерді жеткізуді ескере отырып, брендтер портфелін қалыптастыра бастады. Қазірде Қазақстанда бір қытайлық брендтің автомобиль өндірісі оқшауландырылған. 2015 жылы JAC автомобильдерінің ірі желілік өндірісі басталды. Алматыда былтырғы күзден бастап құрылысы жүріп жатқан автозауытта үш қытайлық брендтің автокөліктерін шығару жоспарлануда. Ағымдағы жылдың наурыз айында Қостанайда jetour маркалы автомобильдер өндірісі жарияланды. Осылайша, қытайлық брендтер Қазақстан нарығындағы өз үлесін айтарлықтай арттыра алды. Өткен қаңтар-наурызда қытайлық брендтердің сатылымдағы үлесі 2022 жылдың сәйкес мерзіміндегі 5,9%-бен салыстырғанда 17,7%-ға жетті. Chery, Exeed, Haval, JAC және Changan сияқты брендтер үздік ондыққа кірді, ал тағы үш бренд, Geely, Yutong және JAC Trucks ең жақсы сатылған 20 брендтердің қатарында.
Геосаяси күйзелістер жағдайында отандық автокөлік нарығы әлемдік сатылыммен салыстырғанда оң динамика көрсетіп, екінші жартыжылдықтан бастап өсті. Бұған автокөлік компоненттерін жеткізудің жаңа тізбегін құру, олардың импорттық бағыттарын кеңейту және жаңа жеткізушілерді іздеу ықпал етті. Елімізде жаңа көліктер өндірісі де айтарлықтай өсті. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда барлық үлгідегі 113,9 мың автокөлік шығарылды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,8%-ға көп. Барлық өндірілген көліктердің 103,3 мыңы жеңіл автокөліктер, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,1% өсті. Осы жылы отандық нарықта 123,5 мың жаңа көлік сатылды.
Биыл да саланың өсу үрдісі жалғасуда. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 19,5 мың автокөлік шығарылды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,7%-ға артық. Оның ішінде жеңіл автокөліктер 17,5 мыңды құрап, бір жылда 41,3%-ға өсті. Нәтижесінде, отандық автокөлік нарығы былтыр дағдарысты еңсеріп, автодилерлер оң нәтиже көрсетті. 2022 жылы елдегі сатылым 123,8 мың жаңа автокөлікті құрады, бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Қазақстан Автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ) берген мәлімет бойынша көктемнің алғашқы айында жаңа көлік саудасы қызып, жоғары деңгейін сақтады. Мысалы, 13 007 жеңіл автомобиль, жеңіл коммерциялық техника, сонымен қатар 686 жүк көлігі, арнайы техника және автобус иесін тапты. Бұл үш ай қорытындысы бойынша жақсы нәтиже, былтырғы наурызбен салыстырғанда көрсеткіш 27,8%-ға жоғары. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 37 283 автомобиль өтті, ал былтыр сол кезеңде 22 370 машина сатылған (+66,7%).
Наурызда брендтер арасында биыл алғаш рет Hyundai көш бастады. Марка 3 757 моделін саудалаған (2022 жылғы наурызбен салыстырғанда +16,3%). Chevrolet дилерлері 3 516 (+103,4%) автомобиль кілтін тапсырды. Ал үштікті 2 038 (+60,6%) моделі өткен Kia түйіндеді. Еліміз зауыттары құрастырған көліктерден бөлек Қытай брендтерін жеткізушілер де белсенді болды.
Айта кетерлігі, автокөлік өнеркәсібіне жанармай бағасының өсуі мен оның тапшылығы әсер етіп отырған қазіргі кезде ел тұрғындары үнемді, шағын автокөліктерге мойын бұрары сөзсіз. Сонымен қатар отандық автоөндірушілер мен дистрибьюторлар жалғасып жатқан жартылай өткізу дағдарысын және АҚШ пен Қытай арасындағы «санкциялық соғыстардың» ушығуын ескере отырып, автокөлік компоненттерін жеткізетін елдердің санын көбейтіп, жеткізу тізбегін тұрақтандыруды сұрап отыр.
Суретті түсірген Ерлан ОМАР