ҚАЗАҚ ҚАРА СӨЗІНІҢ ҚҰЛЖАСЫ
Қазақтың маңдайалды нар тұлғаларының бірі – Жүсіпбек Аймауытұлының көркем тілі өзгелерден ерекше. Ақиқат дүниені бейнелеуде табиғатқа да, шытырман оқиғаға да, қарапайым тіршілікке де тіл бітіріп, әдемі құбылтуының өзі шебер. Өз заманының шындығын, әсіресе қазақ халқының, соның ішінде әйелдердің ішкі жан дүниесіндегі күйзеліс пен қорқынышты жүрекке жеткізе білген суреткер.
«Сөзқоржын» айдарына белгілі жазушы, Алаштың ардақты азаматы Жүсіпбек Аймауытұлының көркем тілінен «Ақбілек» романы арқылы үзінді ұсынғалы отырмыз. Жүсіпбек Аймауытұлының бейнелі сөз орамдарының толық нұсқасын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Қазақ тілінің ұлттық корпусы Жазушылар ішкорпусынан» оқи аласыздар.
«Қазақтың атақты жазушысы, Алаш Орда қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймауытұлының кез келген туындысы ұлтты сүюдің барометрі іспетті»
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
ҚОШҚАР ТҰМСЫҚ (мұрны қолағаштай). Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр.
ТҮЛКІ МҰРТ (жіңішке мұртты). Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр.
БАУЫРСАҚ МҰРЫН (дөңгелек мұрын). Шешеміз жылқы жылы құрт аурудан қайтыс болған соң, әкеміз бір кедейлеу адамның ақ құбаша, бауырсақ мұрын жаңа өспірім қызын беріп қойған жерінен он бес қараға бата бұзып алып еді, тоқал бұ күнде әкейдің мойнына мініп алды.
ОТ ҚҰШАҚ (ыстық құшақ). Сұлу әйелдің от құшағын, тәтті лебізін кім аңсамайды?
КІРПІ ШАШ (қайратты тік шаш). Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жар қабақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін.
САБАЛАҚ ЖҮНДІ ОРМАН (ну орман). Төрт құбыладан бірдей ерейіп-серейіп, үстіне төніп тұрған ақар-шақар тауларға, тауға біткен үйірім-үйірім сабалақ жүнді орманға да, тау басында қалықтап жайылып жүрген бүркітке де, тауға тырмыса жайылып, жатқан құмырсқадай жылқыға да, қостан аулағырақ өзек қуалай, шыққан шоқ-шоқ бұтаға да Ақбілектің көзі тоқтап тұра алмай, сырғанап келіп, жер ошақ басындағы қазақтың қара құманына, қара астауына жыртық орыстың шөмішіне тоқтады.
БАЙЛАУЛЫ ТҮЙІН (шешім). Ақсақалдың өшті-қасты кісілерін қылға тізіп, он-он беске апарып, біреуі үй – деп, біреуі бүй – деп жорығанмен, байлаулы түйін шықпады.
ХОР ҚЫЗЫН ҚҰШҚАНДАЙ (буыны босап, масайрау). Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды; ауызы қобыз гуілдейді; мас болады, жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны.
ӨКПЕСІН СОҚҚАН ТОРҒАЙДАЙ (ышқынып, жанталасқан). Ақбілек бала қамаған лаққа ұқсап, апанды айнала жүгіріп, өкпесін соққан торғайдай торға ілінді.
ЖОНЫНА ШОЙЫН ТАҒАЛАҒАНДАЙ. Жонына шойын тағалағандай, апасы сіресіп қалса да, елемей, шыңғырған дауысқа қарай үкідей ұшып келеді.
БҮРКІТШЕ БҮРУ (тырналау, қорлау). Қызын бүркітше бүріп, илеп жатқан екі орысты анасы екпінімен келіп игеріп тастап, балапанын басқан ана құстай, баласын бас салды.
ҚОЛТЫҒЫ КЕҢ (қамқор). Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол астына қарағанына қазақ тәубе қылу керек қой.
ІШІН ТАРТҚАН ДАУЫЛДАЙ (күрт тыныштық). – Атты, атты! – дегенде, су жүрек болып қалған жұрт, ішін тартқан дауылдай, кенет басыла қалды да, сонша болмады қайтадан дәуірлей, бажылдай, күңіреніп кетті.
САБАҒАН ЖҮНДЕЙ (буылтық-буылтық). Сабаған жүндей түйдектелген, шыңылтыр сұрқыл бұлттар тоғытқан қойдай шоғырмақталып, тауға қақпақ болатындай, тауды тұншықтыратындай, аш тауықша селдір жұлдыз – тарыларын, бір-бірлеп қылқып жатыр.
ЕМСІЗ ЖАРАДАЙ (орнына қайтып келмейтіндей). Даланың көркі ел екен-ау! Елсіз дала – емсіз жарадай көрінеді.
ИТ ЖАЛАП КЕТКЕН ЫДЫСТАЙ (арам). Өз ауылының тауына, жеріне жақындаған сайын таза жерді басуға өзінен-өзі ұялып, атылып өліп кетпей, қара мұрттың мылтығына бекер-ақ жармасқан екем деген өкініш пайда болды; ит жалап кеткен ыдыстай, өзінің денесін де, демін де арам деп білді…
ТАЗЫНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫНДАЙ (жіп-жіңішке). Мұртын тазының құйрығындай ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан, ақ киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр.
ЕНЕСІ ЖАЛАҒАН БҰЗАУДАЙ (жып-жылтыр, теп-тегіс). Мұртын тазының құйрығындай ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан, ақ киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр.
МАСА ТАЙҒАНДАЙ (жылтыр, тап-таза). Аурухананың қабырғалары да, төбесі де, табаны да сүргі тартқандай теп-тегіс, маса тайғандай, тап-таза.
СУДАН ШЫҚҚАН ТЫШҚАНША (сүмірейіп). Бекболат судан шыққан тышқанша солбырайып, сенекпен ептеп аяңдап, алақтап дәрігерлердің қасынан өтті.
БЕТІ ШИҚАН ДУЫЛДАУ (бетіне қан жүгіру). Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды; аузы қобыз гуілдейді; мас болады, жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны.
АУЗЫ ҚОБЫЗ ГУІЛДЕУ (бөсіп сөйлеу). Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды; аузы қобыз гуілдейді; мас болады, жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны.
ЖЕЛ ЖЕТПЕСКЕ МІНУ (масайрау, желпіну). Жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны.
ЕЗУ ТАРТСА ЕСІҢ КЕТІП, СҰҢҚЫЛ ҚАҚСА, ШЫМ-ШЫМ ЕТУ. Былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күлбіресіп, көлеңдесіп, езу тартса есің кетіп, сұңқыл қақса, шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қиян кезеді.
ҚИЯЛЫ ҚИЯН КЕЗУ (әсіре қиялдау). Қопа талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күлбіресіп, көлеңдесіп, езу тартса есің кетіп, сұңқыл қақса, шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қиян кезеді.
ЖАУШЫ-ЖАЛАМ (барып кел шауып кел жалшы). Дастарқанымен шай қалды жайрап, жиюсыз шыны-аяқ қалды күйреп. Мамырбай күріс-күріс, бір есікке, бір төрге… Жаушы-жалам, бәйбіше де, қыз да жоқ. Сыртқы есікке жетер-жетпесте, Мамырбайдың кеудесі үңірейген үш мылтықтың аузына тірелді.
ТАБАН (аяқкиім). Березе сұр шапан, cap сапиянға қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным бар.
БАТА БҰЗЫП АЛУ (шартты бұзу). Шешеміз жылқы жылы құрт аурудан қайтыс болған соң, әкеміз бір кедейлеу адамның ақ құбаша, бауырсақ мұрын жаңа өспірім қызын беріп қойған жерінен он бес қараға бата бұзып алып еді, тоқал бұ күнде әкейдің мойнына мініп алды.
ҚЫЗ-КЕЛІНШЕГІ БАР ҮЙДІҢ ІРГЕСІН ТЫРНАУ (қызға қырындау). Оннан асқан соң-ақ, қыдырған қолы бос жігіттердің боқ ауыздарын, былапыт әңгімесін тыңдап, он беске келген соң, қыз-келіншегі бар үйдің іргесін тырнап, жібін қиып, есігін қиратып, түн баласында дамыл көрмедік.
ҚҰСТЫҢ ТІЛІН БІЛУ (құсбегілікті үйрену). Тұзды ет беріп, суға жығып, қашырып алып, талай құстан айырылсам да, аяғында құстың тілін білдім, па шіркін!
ҚЫЗЫЛ ЖАУ (қызыл әскер). Алдымызда қылышын сүйреткен қызыл шұнақ қыс. Айналамыздағы қала – қызыл жау.
АУЫ АТҚА ЖАРЫМАУ (ат мінбеу). Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы, аузым асқа, ауым атқа жарыған емес.
ЕСІКТЕ ЖҮРУ (жалшы болу). Ес біле есікке жүрдім; ә дегенде, құны жоқ, былық, сараң, жаман Төлеубай дегеннің қозысын бақтым.
БҮЙІРІ ҚЫЗУ (қызығу). Бір күні балалардың ойнағанына бүйірім қызып, төңбекшіп ұйқым келмей, не де болса, құдайдың салғанын керермін деп, тұра сала ойынға мен де бардым.
ОРАЗА АШАРЫ (ас-ауқат). Қатын алғанда ораза ашарым да болды.
КӨЗІНІҢ ҚҰЙРЫҒЫ ТҮСУ (көз қиығымен қарау). Ақбілек олардың бетіне тура қарай алмады, кіріп келгенде ғана немесе түрткенде ғана көзінің құйрығы түсті.
АШЫЛМАҒАН ҚАУЫНЫН АРАМ ПЫШАҚҚА ЖАРҒЫЗУ (зорлану). Шынымен ақ төсіне арам денені ойнақтатып, ашылмаған қауынын арам пышаққа жарғызғаны ма?
АҚТЫҢ БІЛЕУІТТЕРІ (ақ әскерлер). Мен болмасам да, осынау ез етін өзі жегелі жатқан ақтың білеуіттері елді тыныш қояр ма еді?
ТҮТІН АҢДЫМАҒАН (ел жағалап қайыршы болмаған). Тезекбай ел қыдырып, зекет, садақа жинаған, ет, қымыз іздеп түтін аңдыған кісі емес, ондай сұқым, сімтік шалдарды қайта шенеп жаратпай «Не бар екен? Жатсайшы!» – деп отыратын.
ҚЫЛҒА ТІЗУ (бірін қалдырмай санамалап тізбектеу). Ақсақалдың өшті-қасты кісілерін қылға тізіп, он-он беске апарып, біреуі үй – деп, біреуі бүй – деп жорығанмен, байлаулы түйін шықпады.
БЕРІМСЕК (берешек). АЛЫМСАҚ (алашақ). Өйткені біреу партиялықпен, біреу жекжаттықпен, біреу алымсағы, біреу берімсегі үшін, біреу ұрланған малы тимегені үшін, біреу қатыны кеткені үшін немесе қатынына, қызына барғаны үшін, ең болмаса тілі тигені үшін, біреуді айыптап, біреуді қорғағаннан басқа, әркім өз есебін ойлап, бүйрегі бұрғаннан басқа, дәл жанашырлық қылып, әділ қағушы, әділ тексеруші жоқ болды.
ҚАЗАҚШЫЛЫҒЫ ҰСТАУ (қонақжайлану) Төлеген қазақшылығы ұстады ма, немесе бір күніме керегі болар деді ме, жастардың қатарында бұл екеуін қонаққа шақырған еді.
***
Адам тілегенін істеуге ерікті болса, тұрмысы осындай болар ма еді? Біреу ырысты, біреу сорлы болар ма еді? Адамда ерік жоқ. Адам лажсыз елінің тілегіне бағынады. Дүниеде тағдыр бар, лажсыз өмірге қону бар: тағдырда бостандық, еркіндік деген жоқ.
***
Қазақтың қара көздерінің сиқырлы күші жауропа әйелінен кем емес.
***
Шынында өлім деген, өмір деген немене? Адам өлмек үшін туған. Бүгін өлдің не, ертең өлдің не? Өмір — қабақтың қаққаны. Ендеше, аз күн тіршілікте өмірден қандай қызық, қандай ләззат болсын, алып қалу керек. Өлген соң түк те жоқ.
***
Тіршілік деген арпалысып күнелту деген сөз.
***
Желден жаралған желге мінбей, адамға желік бітпейді екен.
***
Сұқым шалдарша, сұғанақ балаларша, көзімізді сатып, қылқиып отырмайықшы, өз үйімізде де шай бар ғой. Қазақтың сондай телмірген әдеті құрысын!
***
Ажал шіркін адамның алдынан айғайлап келген бе? Аңсызда артыңнан бұғып келіп, алып ұрғанын бір-ақ білесің. Ажал бір ұры ғой; «Ажалға не дауа?»
***
Өмір шіркін неден сонша тәтті болды екен! Адам дегеніңіз «Басқа түссе, басбақшыл» болады екен. Абақты екеш абақтыға да, зынданға да, соғысқа да жүре-жүре адамның еті үйреніп, көндігіп кетеді деседі, өлім жазасына бұйырылғанын естіген адам да тамақ жеп, ұйқы ұйықтап, өмір сүруден безе алмайды деседі. Дүниеде адамнан көнгіш мақұлық бар дейсіз бе?
***
Даланың көркі ел екен-ау! Елсіз дала – емсіз жарадай көрінеді.
***
Өтірікші Алланың дұшпаны ғой.
***
Ажалы жеткен қарға қаршығамен ойнайды.
***
Әйел деген жарықтық өмірі таусылмайтын, адамды жалықтырмайтын қызық әңгіме ғой.
Дайындаған:
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің
меңгерушісі, филология
ғылымының кандидаты.