Қазақ этнографиясының шырақшысы

0
177

Баянауылды былайғы жұрт «тұңғыштар елі» деп таниды. Отандық ғылым мен өнер, мәдениет пен өзге де салаларда тыңнан түрен салған тарландардың көбі осы қасиетті топы­рақтан түлеп ұшқан. Соның бірі – Қазақстандағы этнографтар мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаев.

Халел Арғынбаев Алаш ар­дақ­тысы Жүсіпбек Айма­уытұлы­ның елі – Әулиелі Қызылтауда дү­­ние­ге келген. Тірісінде этногра­фия са­ласының көшбасшы ғалымы ата­нып, соңына елеу­лі зерттеу ең­бектерін қалдырды. 1973 жы­лы ғалымның «Қазақ хал­­қын­дағы семья мен неке» (та­ри­хи-этнографиялық шолу) ат­ты күр­де­лі монографиясы жарық көр­ді. Ол 1996 жылы «Қайнар» бас­пасынан «Қазақ отбасы» деген атау­мен екінші рет кітап ре­тінде басылып шықты. Бұл – ав­тор­дың ширек ғасыр бойы ел ара­сы­нан, этнографиялық экспеди­ция­лардан, мұрағаттардан және бұ­рын-соңды баспа жүзін көр­ген әдеби мұралардан жинаған қы­руар этнографиялық зерттеу еңбегі. Онда қазақ отбасының өткені мен бүгіні, халқымыз­дың оған бай­ланысты бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары терең қам­тылған. Кітапта ха­лықтың ұмы­тылып бара жатқан озық әдет-дәстүрлерін кеңінен насихаттау, одан ғибрат алуға үндеу мақ­сат етілген. Бұл еңбектен бас­қа «Қазақ халқының қолөнері», «Хо­зяйство казахов», «Қазақ ше­жіре­сі хақында», «Казахи. Истори­ко-этнографическое ис­сле­­дование», т.б. маңызды дү­ние­­лерді жа­рыққа шығарды.

явиа

Белгілі ғалым Жамбыл Артық­баев былай деп жазады: «Қазақ этнография ғылымы Халекеңнен басталады. Халекең үлкен кітап түгілі, әр мақаласына барынша жауапты қарайтын, ғылымдағы асығыстыққа қарсы адам еді. Ол жағынан Халекеңді ғылымдағы академиялық дәстүрдің өкілі деп толығымен атауға болады. Біз кандидаттық диссертациямызды отызға жетер-жетпесте асығып қор­ғап жатқанымызда, ол кісі өзі­нің 36 жасында алғаш­қы ғылыми атағын қорғағанын айтатын. 1960 жылы Мәскеуде Х.Арғынбаев «Ис­торико-куль­турные связи русского и казахского народов и их влия­ние на материальную культуру казахов» деген тақырыпта кан­дидаттық диссертациясын қо­р­ғады. Бұл диссертацияда ХІХ ға­­сырдың екінші жартысындағы тарихи-этнографиялық деректер негізінде және өзінің шекара­­лық алқапта ерінбей-талмай жаяу­­лап жүріп жинаған материалдары­­ның негізінде Ертіс бойын­дағы қа­­зақ-орыс қарым-қатынас­та­ры­­ның әртүрлі саласын қарас­тыр­­­­­­­ған. Ертіс бойы қазақтарының өзге ­­­ұлт өкілдеріне әсері күшті болға­­­­­­нын сол жердің тумасы Г.Пота­­­нин де кезінде жазған еді. Халекең­­­­ді бұл жағынан Ш.Уәлиханов­­­тың, оның досы Н.Потаниннің жо­­лын жалғастырушы деп те атауға ­болады».

апр

Қазақтың туысқандық жүйе­­сін, халық шаруашы­лығы­ның ­ерек­шелігін, қазақ қолөнерінің біре­гейлігін зерттеп, онысын үне­мі екі тілде жариялап отырған ға­лым 1960-1970 жылдары ғалым­дар­дың әлемдік басқосуларына жиі қатысып, ғылыми баяндамалар жасаған. Қазақ этнография­сы­ның жетістіктерін жариялап, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан этно­граф­­тарымен қарым-қаты­наста жұ­мыс жүргізді.

апр

Х.Арғынбаев қазақтың ат әб­­зел­­деріне алғаш рет ғылыми тұ­р­ғ­ы­­дан баға беріп, ондағы әрбір де­таль мен ою-өрнекті талдап, олар­дың қолданысы жайында кеңірек сипат­таған. Қамшыны «мүйіз сапты қамшы», «тобылғы сапты сарала қамшы», «ырғай сапты қамшы», «үш өрімді қамшы», «сабы елік сирағынан жасалған қамшы», «өрме сапты қамшы», «қамшы өрімін өзінен өру үшін жасалған қамшы» деп жетеуге бөлген. Бұған қоса құйысқан, өмілдірік және тартпа түрле­рін де жіктеп берген. Ғалым ке­­зінде суретшілігімен де аты шы­қ­қан екен. Өзі зерттеген кез кел­­ген этнографиялық бұйымды айна-қатесіз суретке түсіріп, бас­паха­налардан түзетусіз шығар­ған. Көкшетаудағы музейден 1956 жылы суретін салған қазақ са­дағының ерекше түрі де таңғал­ды­рады.

апр

«Халел Арғынбаевтың ғы­лымда өнімді жұмыс істеген уақы­­ты – 1960-1980 жылдар. Сол ке­­зең­де ғалым 30-ға жуық ғылы­ми экс­­педицияның жетекшісі болып, еліміздің барлық аума­ғын ара­лап шыққан. Кейін жаз­­­ған құн­ды материалдарын ғы­лы­­ми жинақтар мен журналдар­­да, шетел басылымдарында жария­лай­ды. Тағы бір ірі монография­сы «Қазақ хал­қының қолөнері» деп аталады. Қазіргі этнографтар мен қолөнершілер үшін бұл тап­тырмайтын еңбек», дейді Пав­ло­дардағы Г.Потанин атындағы Та­рихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы.

Жуықта бұл музейде ғалым­ға арналған бұрыш ашылды. Он­да тұлғаның қолжазбала­ры мен еңбектері, фотосуреттері мен жеке заттары қойылды. Бұл жә­дігерлер­ді қызы Мақпал Ар­ғынбаева арнайы әке­ліп тап­сырып­ты. Этно­граф ға­лым­ның соңына қалдыр­ған мұра­ларын музейге келушілер қызыға тамашалап, ұлттық салт-дәстүр, қол­өнершіліктің қыр-сыры жайында кеңірек мағлұмат алып жатыр.

Атап өтерлігі, алдағы жылы эт­но­граф ғалымның туғанына 100 жыл толады. Әйгілі ғалымның есімін жас ұрпаққа наси­хаттау, есте қал­дыру іс-шарала­ры жөні­мен ұйым­дастырылып, баян­ды істер атқа­рылады деп сенеміз.

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ