Қазақстан-Еуроодақ: Ынтымақтастықтың жаңа белесі
Қазақстан мен Еуроодақ арасында байланыс нығайды. Көптеген еуропалық компания аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты елге келуге ниет білдіріп жатыр. Осыған орай инвестиция көлемі де кейінгі жылдары айтарлықтай өскен. Ал Батыстың мұндай қызығушылығы мен ұмтылысын Қазақстан қалай қабылдап отыр?
Қазірдің өзінде Қазақстанда 3 мыңнан астам еуропалық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында «Shell», «Eni», «Total», «Amazonen-Werke», «Air Liquide», «Alstom» және «Carlsberg» сияқты әлемдік алыптар бар. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты көптеген еуропалық компания елімізге келуге айтарлықтай қызығушылық танытып отыр.
«Бүгінгі таңда Ұлыбритания, Литва, Дания, Чехия елдерінің ірі компанияларымен Қазақстанда жаңа өндіріс ашу немесе олардың өңірлік кеңселерін ауыстыру туралы нақты уағдаластықтар бар», деді министрдің орынбасары.
Жалпы, Қазақстанның сыртқы саудасының 30 пайызға жуығы ЕО үлесіне тиесілі. Осылайша, Еуроодақ елдің ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып отыр, қазірде шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 160 млрд доллардан асады.
«2022 жылдың 9 айында еуропалық инвестициялар ағыны 10 пайызға өсіп, 8 млрд доллардан асты. Ал тауар айналымының көлемі 2021 жылғы көрсеткіштен 27,6 пайызға өсіп, 40 млрд долларға жетті. Бұл – Ұлыбритания ЕО құрамынан шыққаннан бергі рекордтық көрсеткіштер. Биыл да қарқынды өсу жалғасып жатыр», деді Роман Василенко.
Сондай-ақ СІМ өкілінің айтуынша, Қазақстан «екінші буын» келісіміне – ЕО және оған мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған және оны ратификациялаған аймақтағы жалғыз ел болып қала береді. Осы ретте Қазақстан сирек кездесетін металдар, «жасыл» сутегі, аккумуляторлар, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, сондай-ақ тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру сияқты жаңа салаларда ынтымақтастық орнатқан. Оның бірі ретінде Батыс Қазақстанда жел мен күн электр стансалары салынады, бұған қоса 2030 жылдан бастап 3 млн тонна «жасыл» сутегін өндіру бойынша құны 30-40 млрд еуро болатын ірі еуропалық «Svevind» компаниясымен маңызды келісім жасалған. Ал Франция компаниясы еліміздің 4 өңірінде электровоз өндірісін ашады.
«Total Energies» Франция компаниясының Жамбыл облысында салып жатқан қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансасы жобасы бар. Бұл нысанды 2026-2027 жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның құны – 1,9 млрд доллар. Бұдан басқа, «Alstom» компаниясы Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл және Түркістан облыстарында электровоз өндірісін және оларға қызмет көрсететін орталықтарды құруды жоспарлап отыр. Бұл жобаны іске асыру кезінде 1 мыңнан астам жергілікті мамандар даярланады», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Еуропа елдеріне мұнай, газ жеткізудің мәселесіне келсек, сарапшылардың айтуынша, мұнда да Қазақстан ЕО үшін маңызды рөл атқарады. Негізі Еуропа осы уақытқа дейін Ресей газының тұтынушысы болып келді. Алайда Ресейге қарсы салынған ауқымды санкциялар жеткізілімді едәуір қысқартты.
«Ресейден энергия жеткізу қиындық туындатқаннан кейін Еуропа елдері Иран, Венесуэла сияқты мемлекеттерді балама көздер ретінде қарастырды. Сонымен қатар осындай жағдайдан соң Еуроодақ пен Қазақстан арасында энергияны жеткізу туралы екіжақты келісім негізінде қазір біздің елдің энергия жеткізуші ретіндегі үлесі артып келеді. Өз кезегінде Еуропалық одақтың энергия өндіруші елдерге деген қызығушылығының артуы Қазақстан үшін транзиттік логистикалық салада, сондай-ақ ел экономикасына озық Еуропа технологиялары мен инновацияларды тарту тұрғысынан қосымша мүмкіндік ашады. Қара теңіз арқылы Еуропаға мұнай тасымалдау проблемаларын, Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жеткізілімдерді ұлғайту арқылы шешуге болады. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізі арқылы Оңтүстік Кавказдан, Қытайдан Германияға жаңа жүк кемелерінің жол бағытын тарту арқылы жүзеге асыруға болады. Осылайша, Қазақстан мен Еуропа арасында өзара мүдделілік бар» деген пікірде «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аманкелді Таженов.
Экономикалық байланыстардан өзге Еуропа елдерімен білім саласында да ынтымақтастық артады. Мәселен, Мажарстанда білім алатын ел студенттері үшін «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасының мерзімі ұзарады.
«Сыртқы істер министрлігі халықаралық академиялық байланыстарды кеңейту, бірқатар бірлескен білім беру және мәдени бастаманы іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді. Осылайша, мажарстандық тараппен қазақстандық студенттер үшін «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасын ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ Қазақстан «Erasmus+» және «Horizon Europe» сияқты академиялық және ғылыми алмасудың маңызды бағдарламаларына одан әрі қатысуға мүдделі», деп мәлімдеді Роман Василенко.
Қазір Қазақстанда 5 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді. Ал жуырда Шотландияның Херриот-Уотт университетінің Ақтөбе өңірлік университеті базасында филиалы ашылмақ.
Сонымен қатар Еуроодақ елдері белді өкілдерінің Қазақстанға келу жоспары бар. Алдымен елге Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен жұмыс сапарымен келеді. Сырты істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, өткен жылдың қарашасында ЕО бастамасымен Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен шикізат материалдарын жеткізуді әртараптандыру бойынша меморандумға қол қойған. Бұл өз кезегінде қаржылық және технологиялық салада ЕО-ның өнеркәсіптік альянсымен ынтымақтастық орнатуға ықпал етпек. Бұған қоса биыл маусым айында Қазақстанда Астана халықаралық форумы өтеді. СІМ өкілі мәлімдегендей, бірқатар Еуропа елінің үкімет басшылары, ірі трансұлттық компаниялар мен академиялық топтар форумға белсенді қатысуға қызығушылық білдіріп отыр. Ал жақында Ұлыбритания, Чехия, Италия, Аустрия елдері өкілдерінің елімізге жоғары деңгейдегі сапарлары жоспарланған.
Десек те мұндай тығыз қарым-қатынасқа қарамастан Еуропаның бір елі Қазақстанды Шенген бойынша «қара тізімге» енгізуге ұсыныс жасаған. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Роман Василенко Шенген келісімі аясында бір елдің бастамасымен келесі бір мемлекетті «қара тізімге» енгізу тәртібі қарастырылғанын растады.
«Мұндай шешім күнтізбелік 7 күн ішінде қаралады. Шынында да бұл тізімде ұзақ жылдар бойы болмаған Қазақстан Еуропа елдерінің бірінің бастамасымен «қара тізімге» енді. Әзірге қандай мемлекеттің ұсынысы екенін білмейміз. Олар бізге қай елдің қандай себеппен жасағанын айтуға, ақпарат ұсынуға міндетті емес. Бірақ біз келіссөз жүргізу арқылы мәліметті анықтаймыз деп үміттенеміз», деді ол.
Осы орайда ведомство басшысының орынбасары айтылып отырған «қара тізім» анығында қара, қызыл, сары деп те аталмайды, түр-түске жіктелмейтін «тізім» ғана екенін айтып өтті. Ал бұған дейін ЕО өкілдігінің ресми сайтында Еуропалық Одақ елімізді мұндай «тізімге» енгізбегені көрсетілген хабарлама жариялаған болатын. Роман Василенконың айтуынша, мұның анық-қанығын СІМ жуық арада анықтайды.
Еуропа елдері алдағы парламенттік сайлауға да елеулі үлестерін қоспақ. СІМ хабарлағандай, саяси доданы ЕҚЫҰ-ның 400-ден астам өкілі бақылайды. Өткен аптада ЕҚЫҰ миссиясының аралық есебі жарияланды, онда халықаралық сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылған сайлау жүйесінің реформасын оң бағалаған. ЕҚЫҰ-дан осы сайлауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Ирландия саясаткері Оуэн Мерфи, бюро директоры Маттео Мекаччи, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы ретінде аустриялық депутат Райнхольд Лопатка, ЕҚЫҰ қысқамерзімді байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Кипр Республикасының депутаты Ирен Хараламбидес және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Маргарет Седерфельт сияқты жоғары дәрежелі халықаралық шенеуніктер келеді.
«ЕҚЫҰ тарапынан мұншалық назар аударылуы – Қазақстанның осы ұйыммен белсенді әрі нысаналы жұмысының нәтижесі, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан еліміздегі ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдаудың бар екенінің дәлелі», дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.