Қазақстан құрамасы 17 алтын, 25 күміс және 24 қола медаль жеңіп алды

0
13

Малайзияның астанасы – Куала-Лумпур қаласында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен 10-шы Азия-Тынық мұхиты ойындары өз мәресіне жетті. Бұл додада Қазақстан құрамасы 17 алтын, 25 күміс және 24 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Айтулы жарыста Астана қаласының төрт спортшысы өнер көрсетіп, екеуі жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Атап айтқанда, елордалық Сабыржан Хапизов сурдо дзюдодан жекелей есепте күміс жүлдегер атанып, командалық есепте алтын жүлде иегері болды.
Сондай-ақ, сурдо шахматтан өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Сұлтан Қожахметов жекелей есепте қола жүлдегер, командалық есепте күміс жүлде иегері атанды.

«Қазақстан Азия-Тынық мұхиты ойындарына 1996 жылдан бері 5 рет қатысып келеді. Биыл жарысқа елімізден 80 спортшы қатысып, 66 медаль жеңіп алды, оның ішінде 17 алтын медаль бар. Азия-Тынық мұхиты ойындары 2025 жылы Токиода өтетін жазғы Сурдлимпиадалық ойындарына жақсы дайындық кезеңі болды. Ол жарыста да біздің спортшылар елімізді ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімдіміз», — деді Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мүмкіндіктері шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Марат Қасқырбаев.

Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты ойындары 1-9 желтоқсан аралығында өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз