Газ одағынан Қазақстанға қандай пайда бар?

0
263

Қазақстан жылына 53 млрд текше метр көлемінде газ өндіреді. Бірақ оның үштен бірі жер қабатына кері айдалады. Шамамен 20 млрд текше метрден астамы ғана тауарлық газға айналдырылады.

Газ қоры жөнінен әлемде – 22, ТМД елдері арасында 3-орында (Ре­сей мен Түрікменстаннан кейін) екені­міз­ге қарамастан, жағдайымыз кісі қызы­ғар­лықтай емес – мүшкілден жоғарылау, жақсыдан төменірек. Елдегі газ бағасы өзіндік құнмен бірдей десе де болғандай. Бұл өндірушілердің ынтасын оятпайды. Солтүстік пен шығысқа газ жеткен жоқ, орталық және оңтүстікте де әлі газ бармаған өңірлер жетерлік. Ал сұраныс жыл санап үлкен қарқынмен өсіп келеді.

Бізге газды, әсілінде, Ресейден тарт­қан жөн болады дегенді Энергетика министрі Болат Ақшолақов біраздан бері айтып жүр.

Оның сөзінше, солтүстіктегі көрші­міз­ден бізге шамамен 7-10 млрд текше метр газ қажет. Әрине, соғыс, соған жал­ғас санкция салдарынан Еуропа секілді үлкен нарықтан айырылған Ресей бұған қуана келіседі. Олар тек бізді ғана емес, біз арқылы бірнеше елді газбен жарыл­қауға ниетті. Сол үшін былтыр қара­шада Владимир Путин Қазақстан мен Өзбек­станға қатысты «газ одағы» идея­сын көтерді. Мұнай-газ саласының сарап­шысы Абзал Нарымбетов Ресей Қазақ­стан мен Өзбекстанды тарту арқылы екі үл­кен бағытты көздеп отырғанын айтады.

«Меніңше, Ресей екі бағытты көз­деп отыр, бірі – Қытай, екіншісі – Үндіс­тан мен Пәкістан бағыты. Өйткені аталған елдердің нарығы өте үлкен, кем дегенде 2050 жылға дейін сұранысты қамтамасыз ете алады. Үндістанда газ тұтынушылар нарығы 3 есе, Пәкістанда 2 есе өседі деген болжам бар», дейді.

Оның айтуынша, әзірге Ресей газы Еуропа жариялаған санкциялар тізімі­не кіріп тұрған жоқ. Бірақ санкция қыспа­ғын­дағы мұнай, мұнай өнімдерінің қата­рына газдың енбей қалмасына тағы ке­піл­дік жоқ. Сондықтан Ресей өткізу на­ры­ғын іздеп, тәуекел менеджментін пы­сық­тап жатыр деген ой айтады сарапшы.

«Ресей өз газын аталған нарықтарға Таяу Шығыстағы құбырлары арқы­лы жіберсе де болар еді, алайда ол бағыттың қуаттылығы төмен. Екінші­ден, алыс. Өзбекстан арқылы тасымалдау тиімді, себебі ол жақта кеңес заманынан қалған газ құбырлары бар. Біз арқылы тасымалдағысы келсе, онда «Орталық Азия – Орталық» деген газ құбыры, одан әрі Қытайға газ жеткізіп беретін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбыры дайын. Оны қолдана беруге болады. Егер Қазақстанның солтүстік және шығысы арқылы жаңа бағытты жоспарласа, онда жаңа құбыр салуға тура келеді. Бұл схема Энергетика ми­нистр­лігі ұсынған картада көрсе­тілген. Бірақ оның келісімдері қалай болатынын білмейміз», дейді А.Нарымбетов.

Газ одағы құрылар-құрылмас, биыл қаңтарда Ресей мен Қазақстан газ саласындағы ынтымақтастық бойынша Жол картасына қол қойды. Құжат мәтіні еш жерде жария етілмеді. Қысқа ақпараттан ұққанымыз – Орынбор ГӨЗ-інде қазақстандық газды өңдеу, ресейлік газды Қазақстанға жеткізу мүмкіндіктері пысықталған көрінеді.

«Ресей біздің елге газды Қазақ­стан­­ның бағасымен сатады деп ойламай­мын. Өйткені олар өз тұтыну­шылары­на бізден қымбат сатады. Сонда орта­дағы айырмашылықты кім төлейді? Тұты­ну­шылар төлей ме, әлде мемлекет суб­сидия жасай ма, мұның да басын ашып алған жөн. Әлде мемлекет кей­бір жеңілдіктерге баруы мүм­кін бе? «Газпром» Қазақстанның инфрақұ­рылымын иелену мәселесін келісімшарт ішіне қосып жатыр дегенді естіп қалдым. Бұл – ешқашан келісілмеуі тиіс жағдай. Өз мүлкімізді олардың пайдалануына беруге болмайды. Энергетика министрлігі Ресеймен арада қандай келісім болғанын егжей-тегжей жария етпейінше, әртүрлі қауесет тарай береді. Бұл өз кезегінде халықтың ашуын, наразылығын туғызады», дейді А.Нарымбетов.

Бұл ретте ол тұтыну нарығын әрта­рап­тандыра білген Еуропаны мысалға келтіреді.

«Еуропаның өзінде ресурс жоқ, бірақ баламалы энергетика көздері­не көбірек көңіл бөліп жатыр. Еш­кім­ге тәуелді болмас үшін газды да, атом энергетикасын да, күн мен жел энергиясын да кешенді түрде қолданады. Оларда белгілі бір деңгейде әртараптандыру бар. Сондықтан біз Ресейден газ алумен қатар өзіміздің кен орындарымызды игеруді қатар жүргізе беруіміз керек. Күндердің күні газ импорты бойынша проблема туындаса, өз газымызды пайдалана береміз. Ресей газын ғана емес, Түркімен газын да алуға болады. Келісім жасау кезінде мықты мамандар қатыстырылып, кең ауқымды стратегия жасалуы керек. Осы ретте айта кетерлік бір жағдай – біздің салалық министрлікте стратегиялық құжат жоқ. Негізі 5, 10, 20 жылда не істейміз деген құжат болуы керек. Ол әрдайым жаңарып тұрады. Міне, сондай құжат жоқ екен бізде. Былай айтқанда, біз қазір бағдарсыз жүзіп бара жатқан кеме сияқтымыз», дейді сарапшы.

Газға деген тұтынушылық жо­ғары қарқынмен өсіп барады. Был­тыр бізде 27,8 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, соның 19,3 млрд-ы ішкі нарыққа жіберілген, 4,6 млрд-ы экспортталған. 2020 жылмен салыстырғанда ішкі тұтыну 2 млрд текше метрге көбейген. Енді ішкі сұраныс көбеймесе, азая қоймайды. Ал оған Қазақстан дайын емес. Дайын болмайтын себебі, біріншіден, өндіріс жоққа тән. Биыл 55 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндіріледі деген жос­пар бар, соның 28 млрд-ы ғана тауарлық газға айналмақ. Былтырғыдан болмашы ғана жоғары көрсеткіш. Ішкі нарықты қамту бір түйткіл болса, екінші түйткіл – Қытайға газ экспорттау мәселесі. 2018 жылы «ҚазТрансГаз» (қазіргі QazaqGaz) бен PetroChina арасында жасалған келісім бойынша Қазақстан Қытайға жылына 10 млрд текше метр газ жіберуге міндетті. Қазір осының жартысының өзі орындалмай тұр. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбыры да салынған. Енді осы екі түйткіл (ішкі нарық қажеттілігі мен Қытай алдындағы міндеттеме) екі жақтан қысқанда Қазақстанның Ресей газын алмасқа амалы қалмайды. Бірін­шіден, Ресей газын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» арқылы тасымалдап, бір­ден Қытайға аттандырып салып, міндет­теме­ні орындағансиды. Екіншіден, тран­зит­тік газ есебінен солтүстік және шығыс облыс­­тарды көгілдір отынға қосады.

«Кейінгі 10-20 жыл көлемінде кен қор­лары­мызды дұрыс игермеуіміз сал­дары­нан өз газымыз өзімізге жетпей отыр. Өндірілген 55 млрд текше метр газдың үштен бірін кері айдай­мыз. Осының өзі дұрыс емес. Мем­лекет осыған дейін газды кері айдау жобаларының барлығын қол­дап келді. Меніңше, бұл – қате қадам. Дүние жүзінде газды кері айдау деген түсінік азайып бара жатыр. Кері айдағанша, оны халыққа тұтынуға жіберу керек. Энергетика министрлігінің жоспарына қарасақ, 2025 жылы – 40 пайыз, 2050 жылы 50 пайызын айдайды екенбіз. Яғни көбейе түседі. Демек бізде жыл санап газға деген тапшылық та арта береді», дейді А.Нарымбетов.

Энергетика министрі Болат Ақшо­­лақовтың айтуынша, қазір сол­түс­тік және шығыс облыстарды газ­дан­дырудың бірнеше нұсқасы қарасты­ры­лып отыр. Біріншісі – оңтүстік пен елор­даны байланыстырып тұрған «Сарыарқа» магистралды газ құбыры­ның 2 және 3-кезеңінің құры­лысын жалғастыру. Екінші нұсқа – Ресей газы есебінен газ тарту. Үшін­шісі – Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен (Павлодарды қоса отыра) ма­гистралды газ құбырын салу. Төр­тіншісі – Омбы – Павлодар – Семей (Өскеменді қоса отыра) магистралды газ құбырының құрылысын жүргізу.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Теңіз кен орны­ның акционерлерімен бірлесе оты­рып 2 млрд текше метр газды ішкі нарық­қа қайта бағыттау мәселесін шешу­ді тапсырған еді. Сондай-ақ Қаша­ған­дағы қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылы­сын жеделдетуді де тапсырған. 55 млрд текше метр газ өндіріп, 28 млрд текше метр тауарлық газ тұтынатын ел үшін 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт дегеніңіз тамшыдай ғана үлес, дейді сарапшылар. Қашаған акционерлері жағдайға қарай қуаттылықты бірте-бірте 6 млрд-қа жеткізуі мүмкін. Бірақ әуелі 1 млрд-тың өзін игеріп, реттеп алу да оңайға соқпайтын сияқты.

Қазір еліміздегі газдандыру деңгейі – 53,1 пайыз. Көгілдір отын игілігін 9,8 млн адам көріп отыр. 2030 жылға дейін газға қосылған тұрғын саны 13 млн-ға жетуі тиіс. Қазіргі бір жылдық тұтыну көлемі – 18,6 млрд текше метр шамасында. 2015-2021 жылдары ұлттық оператордың ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізу шығындарының сомасы, шамамен 587 млрд теңгені құраған. Бұл шығындар газ экспортынан түскен кірістер есебінен өтеліпті. Тап осы шығын жылдар өте келе, нақтылағанда, 2022-2026 жылдар аралығында 1 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бірақ өткен мен бүгінді қорытып қарар болсақ, бәрібір газ бағасының өсетінін аңдаймыз. Бұл тұжырымды экономист Мақсат Халық келтіріп отыр.

«Газдың бағасы міндетті түрде өсе­ді. Әйтпесе газ компаниялары шы­ғын­ға ұшырайды. Ондай жағдай­да газ өңдеу, газ өндіру компанияларындағы қызметкерлер жұмыссыз қалуы мүм­кін. Бұл да үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келеді. Бұл ретте газ проблемасы, оның баға саясаты халық­қа жан-жақты түсіндірілуі керек. Бағаның неліктен, қашан, қалай өсетінін Үкімет дұрыс жеткізе алмайды. Бұл – Үкіметтің коммуникациясына сын. Өсіру керек деп шарықтатып жіберуге тағы болмайды. Халық газ үшін үлкен көлемде төлем жасауға дайын емес. Халықтың табысын арттырмай тұрып, бағаны өсіре алмаймыз», дейді сарапшы.

Газ саласын дамытудың 2022-2026 жыл­­­дарға арналған кешенді жос­па­­ры бойынша, 2030 жылға қарай елде ши­кі газ өндіру 87 млрд текше метр дең­гейінде болады. Бірақ соның 42 млрд-ы ғана тауарлық газ болып өңделеді. Қалғаны қабатқа кері айдалады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ