Қазақстан әртістерінің музыкасы Instagram желісіне қайта шықты

Ведомствоның мәліметінше, Instagram-дағы музыкалық контентке қолжетімділік Meta платформасының ішкі саясаты мен құқық иелерімен жасалған келісімдерге байланысты кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Яғни Meta тек ұжымдық негізде құқықтарды басқаратын ұйыммен ғана емес, сонымен қатар авторлар мен орындаушылармен тікелей шарт жасасуға құқылы.
“Бұған байланысты бұл Meta компаниясымен тікелей келісімшарт жасасқан құқық иелерінің шығармалары деп есептейміз”, – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.
Еске салайық, былтырғы күзде Meta-ға тиесілі Instagram желісінен қазақстандық музыкалық шығармалардың басым бөлігі жоғалып кеткен еді. Қазақстандық орындаушылардың авторлық құқықтарын ел ішінде және шетелде қорғаумен айналысатын Қазақстан авторлар қоғамы Meta Platforms компаниясы ұсынған гонорар сомасының тым төмен екенін айтып, бұл ұсыныстан бас тартқанын және алдыңғы келісімнің мерзімі аяқталғанын мәлімдеген еді.
Танымал орындаушылар Dequine мен Akim Қазақстан авторлар қоғамын музыканы пайдалану құқықтарын авторлардың келісімінсіз сату және “роялти” төлемеу мәселесі бойынша айыптады. Dequine өз әндерінің Air Astana борттарында келісімсіз пайдаланылғанын айтып, Қазақстан авторлар қоғамынан ешқандай төлем алмағанын жеткізді.
Қазақстан авторлар қоғамы құпиялылық келісіміне сәйкес нақты сыйақы мөлшерін жарияламады. Алайда ұсынылған сома Meta компаниясының Еуропа мен Америкадағы құқық иелеріне төлейтін ақысынан әлдеқайда төмен екені хабарланған.
Журналист Әділ Балтабаев әлеуметтік желілерде Қазақстан авторлар қоғамы әріптестік орнатқан кейбір әртістердің роялти төлемдерінің болмауына шағымданғанын жазған. Журналистердің есептіліктің ашықтығына қатысты сұрағына Қазақстан авторлар қоғамы өкілдері “Кез келген автор сайт арқылы немесе бізден есепті сұрата алады” деп жауап берген. Сондай-ақ Қазақстан авторлар қоғамы сыйақы мөлшерін құқық иелерімен алдын ала талқылаусыз көтеру туралы шешімі де сынға ұшыраған. Бұл шешім авторлық кеңестің шешімімен қабылданған.