Заңсыз шығарылған активтер қалай қайтарылады?

0
82

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палата отырысында бірқатар заң жобасын қабылдады. Екі бөлімнен құралған жиында депутаттар 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылады. Сондай-ақ заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы құжат қаралды.

Ішкі жалпы өнім көлемі ұлғайып келеді

Жалпы отырыстың күн тәр­тібіндегі бірінші мәселе бойын­ша Премьер-министрдің орынба­сары – Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев пен Жоғарғы ауди­торлық палатасының төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады.

Қаржы министрінің айтуынша, 2022 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға өскен. Бұған қызмет көр­сету саласындағы, нақты сек­тор­дағы өсім, экспорттың тез қар­қыны есебінен сауда балансы­ның нығаюы, құрылыс пен қыз­мет өндірісіндегі жоғары инвес­ти­циялық белсенділік әсер етіп отыр.

«Азық-түлік пен шикізат баға­сының жалпы әлемдік қым­баттауы аясында Қазақстандағы инфляция деңгейі де нысаналы көрсеткіштен асып, 20,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9 па­йыз деңгейінде сақталды. Осын­дай макроэкономикалық ахуал аясында республикалық бюд­жеттің атқарылуы мынадай көр­сеткіштермен сипатталады. Түсімдер 102,1 пайыз атқарылып, 16,1 трлн теңгені құрады. Шығыс­тар 98,6 пайызға игерілді және 18,5 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығыстардың өзі 2021 жылмен салыстырғанда 987 млрд теңгеге ұлғайып, 8,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 46 пайызы. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге шаққанда 2,3 пайыз болды», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысының ай­туын­ша, Республикалық бюд­жет­тің меншікті кірістері бойынша жоспар 103 пайыз орындалған. Кірістер құрылымының негізгі үлесі салық түсімдеріне тиесілі. 2021 жылмен салыстырғанда салық түсімдерінің өсімі 3 трлн теңгеге немесе 42 пайызға жетті. Салықтық тексерулердің тиімділігі 3,2 есеге, кедендік тексерулердің тиімділігі 7 есеге артты. Кейінгі 4 жыл ішінде салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің ар­қа­сында бюджетке 3 трлн теңгеден астам қосымша қаражат түскен.

«2022 жылы бюджет шығыс­тары 56 стратегиялық бағыт бо­йын­ша жұмсалды. Мемлекеттік орган­дардың даму жоспарларының 219 нысаналы индикаторына қол жеткізілді. Оларды іске асыру еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына оң серпін берді. Мәселен, 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 131 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 136 мың оқушы орнына 247 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1 003 мектеп жаңғыртылды. Мектеп салу есебінен ғана 10,5 мыңға жуық жұмыс орны, оның ішінде 6,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 35 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынып, ашылды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 17 мыңнан астам техника сатып алды», деді Е.Жамаубаев.

Қаржы министрі Жоғары аудиторлық палатаның қоры­тындысы туралы баяндап берді. Палата есебінде мемлекеттік кірістер органы салықтық және кедендік әкімшілендіруден қосымша түсірген 726,2 млрд теңгенің 136 млрд-ы растал­мағанын көрсеткен. Ведомство басшысының айтуынша, бұл сома бюджетке толығымен түсті. Бірақ өндіріп алудың әдістемелік сипатына байланысты Жоғары аудиторлық палата есепке алмаған.

«Мәселен, ең үлкен сомасы 99 млрд теңге салықтық мониторинг және камералдық бақылау шеңберінде 62 жер қойнауын пайдаланушыдан түскен. Қалған сома электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесінің деректеріне жүргізілген мониторинг пен талдау нәтижелері арқасында және төлемге қабілетсіз борышкерді оңалту және банкроттық рәсімдері, сондай-ақ кедендік бақылау шаралары есебінен келді. Бұл ретте екі рет есепке алынған тек 526 млн теңге сомасы қате деп саналады.

Екіншіден, Жоғары аудитор­лық палата 2018-2021 жылдары салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен. Осы салық жеңілдіктерінің көбісі стандартты және жалпы әлемдік тәжі­рибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Бұрын бизнес-климатты жақсарту мақсатында салық есептілігі айтарлықтай жеңіл­детіліп, оңтайландырылған болатын. Осыған орай қазір салық есептілігінде салық жеңілдіктері туралы деректер жинақталмайды. Бұл ретте Жоғары аудиторлық палата бюджет шығындарына әкеп соғатын салық нормаларының барлық түрлерін есепке алған. Алайда олардың барлығы дерлік жеңілдіктер саналмайды», деді Е.Жамаубаев.

Сонымен қатар Жоғары ауди­торлық палатаның экспорттық-импорттық статистикадағы ал­шақтық жөніндегі ескертпесін түсіндіріп берді. Бұдан бөлек, Ұлт­тық қордың қаражатын үнем­деу саясаты қалай жүріп жатқа­нын баяндады.

 

Республикалық бюджеттің орындалуында кемшілік көп

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова бір­қатар жүйелі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, тексеру барысында бюджет шығыстарын қо­йылған стратегиялық мақ­сат­тарға байланыстырудың себебі нақты емес. Салдарынан жалпы­ұлттық міндеттерге қол жет­кізу­ге еш­қандай әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурстар жұмсалған.

«Ұлттық жобаларды әзір­лейміз, алайда іске асырылған екінші жылында олардың күшін жоя­мыз. Барлығы орындалып жат­қан сияқты көрінеді, бірақ бере­т­ін әсері күмәнді. Бір жақтан мың­даған жұмыс орны құрылып жатса, екінші жағынан Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрлігі жұмыс­сыздардың саны өседі деген болжам айтып отыр», деді Н.Годунова.

Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін бюджетті толықтыруға қатысты барлық резервті іске қосыл­ма­ған. Баяндамашы республика­лық бюджет 2017 жылғымен салыс­тырғанда айтарлықтай ұлғай­ғанына тоқталып, бірақ көлеңкелі экономика салдарынан 3-4 трлн теңге салық бюджетке түспей тұрғанын жеткізді.

«Елімізде басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтар бар, олардың көлемін ешкім бағаламаған. Жоғары аудиторлық палатаның аудиті 64 салықтық жеңілдікті Ұлттық экономика министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де ескермегенін анықтады, ал бұл тек 4 жылдағы бюджет шығыны шамамен 10 трлн теңгені құрады. Соның салдарынан созылмалы бюджет тапшылығы орын алды. Яғни көрпеңе қарай көсіліп емес, қарызға өмір сүресің. Бұл ретте үкі­меттік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге ар­нал­ған шы­ғыстар бюджеттің таза кіріс­тері­нің 25 пайызын немесе 2,9 трлн теңгені құрайды», дейді Н.Годунова.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бюджет қаражатын мер­ді­­­­­герлер мен өнім берушілер жиі тиім­сіз жұмсайды. Сонымен қа­тар қар­жыландырылуы еш­қа­шан қам­тамасыз етілмейтін мөл­шер­дегі жобалау-сметалық құжаттама қабылданады. Мысалы, 2017-2018 жылдары құны 5,9 млрд теңгеге әзір­ленген 292 жоба­лау-смета­лық құ­жаттама қажетсіз күйінде қалған.

«Министрліктердің даму жос­парлары мен олардың бюд­жет­тік бағдарламаларында ха­лықтың өмір сүру сапасының өзгеруіне байланысты түпкілікті көр­сеткіштер жоқ. Жалпы, ішкі өнім­нің өсуі, триллиондар, тонна, мың­даған км! Ал осыдан адам­ның өмір сүруі жақсарды ма? Түсі­ніксіз. Анықтау мүмкін емес. Жоқ! Себебі тапсырманың шарттары дұрыс айқындалмаған», деді Н.Годунова.

Сондай-ақ Жоғары аудитор­лық палатаның есебінде қолданыс­тағы бюджетаралық қатынастар жү­йесінің жетілмегені айтылған. Ми­нистрліктер жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға құмар көрінеді. Квазимемлекеттік салада да мәселелер жетерлік. Мәсе­лен, Н.Годунова басқарушы хол­дингтердің қызметі ашық емес, олар Парламентке мүлде есеп бермейтінін атап өтті.

«Маңызды ресурстарды өңір­лік деңгейге беру және анық­­талған жүйелі проблемалар Жо­ға­ры аудиторлық палатаға жаңа өкі­леттіктер беру, тексеру ко­мис­­сияларының мәртебе­сін арт­ты­ру қажеттігін көрсетті. Кон­с­­ти­туциялық реформа шең­берінде Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылған сәттен бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Бі­рақ Жоғары аудиторлық пала­та­­ның өкілеттіктері мен құзы­рет­тері­­нің құқықтық шекаралары әлі ай­қындалған жоқ», деді Н.Годунова.

Мәжілістің Қаржы және бюд­жет комитетінің мүшесі Ұлас­бек Сәдібеков бюджеттің кіріс және шығыс бөліктері­нің атқары­луы­на тоқталды. «2022 жылы республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгеге немесе 101,9 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының 127,7 пайызды құрағанын көреміз. Алайда рес­публикалық бюджеттің Ұлт­тық қордан түсетін трансферт­терге тәуелділігі сақталып отыр. Рес­публикалық бюджет кірісі­нің шамамен 34,4 пайызы транс­ферттердің түсімдері есебінен қалыптасқан. Шығындар 18,5 трлн теңгені құрап отыр. Жоспар бо­йынша орындал­ғаны – 98,6 пайыз. Ал орындалма­ғаны – 262,6 млрд теңге», деді Ұ.Сәдібеков.

Депутат бюджеттің дұрыс атқа­рылмауының негізгі себептері жос­парлаудың жүйесіздігі мен тиім­сіз пайдалану екенін атап өтті. «Бюджетті атқару барысында заң­сыз­дықтар мен кемшіліктерге жол берген орталық мемлекеттік орган­дар мен жергілікті атқарушы орган­дардың басшылығына қатыс­ты жауапты тұлғаларды жауап­кер­шілікке тарту жөнінде Үкі­мет шара қабылдау қажет деп санаймыз. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға арнал­ған республикалық бюд­жет жобасын Парламент қарауы­на енгізу кезінде депутаттардың Есепті талқы­лау барысында айтқан ескер­ту­лері мен ұсыныстарын еске­ріп, қа­был­данған шаралар туралы ақ­парат беру қажет», деді Ұ.Сәдібеков.

Мәжілістегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері де 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты өз пікірлерін білдірді. Есепті бе­кі­туді «Amanat», «Respu­blica», Қазақстан Халық партия­сы, «Ауыл» фракциялары қолд­а­са, Жалпыұлттық социал-демо­кра­тиялық партиясы мен «Ақ жол» қарсы болды. Дауыс беру қорытындысы бо­йын­ша көпшілік дауыспен құжат Сенатқа жіберілді.

 

Азаматтар құқығы интернетте де сақталуға тиіс

Бұдан бөлек, Мәжілістің бейінді комитеттері масс-медиа туралы және оған ілеспе заң жобасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заң жобасы бо­йынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құра­мына Снежанна Имашева, Абзал Құспан, Мәди Такиевті сайлады. Елдің орнықты дамуы саласын­дағы ұлттық мақсаттар мен міндет­тер­дің іске асырылуын мониторингі­леу жөніндегі Парламент­тік комиссия құрамына Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Па­вел Казан­цев, Гауһар Тана­шева, Асқар Садықов, Асхат Рақым­жанов, Аян Зейнуллин, Динара Шү­кіжанова және Ерлан Стамбеков енді.

Мәжіліс онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің хатшысы Айдос Сарым баяндама жасады. Оның айтуынша, заңды әзірлеудегі мақсат – ең алдымен адам құқығын қорғау.

«Азаматтар интернетте де құқықтарының қорғалуын талап етеді. Олар артында күшті мемлекет бар екенін айқын сезінуге тиіс. Біз қабылдап отырған заң әлеуметтік желіні бұғаттауға немесе біреудің құқығын бұзуға арналмаған. Екі жыл бұрын кибербуллинг туралы заң қабылданғанда да біраз келіспеушілік болған. Бірақ бұл заңдардың өміршеңдігі мен қажеттілігін өмірдің өзі дәлел­деп берді», деді депутат.

Заң жобасында онлайн платформаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға ты­йым салынады. Олардың меншік иелері үшін мемлекеттік органдармен анық емес ақпаратқа және салықтан жасыруға қарсы кү­рес бойынша ынтымақтастық жөнін­дегі міндеттеме енгізіледі.

Пайдаланушылар үшін өз парақшаларында орналастырылатын онлайн-жарнаманы таңба­лау, сондай-ақ өз қызметін міндет­ті түрде кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттемелері белгі­ленеді. Ілеспе түзетулермен Әкім­шілік құқық бұзушылық тура­лы кодекске және өзге де заңна­малық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

 

Заңсыз шығарылған активтерді қайтаратын құжат

Бұдан кейін заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы ілеспе құжаттары­мен бірге қаралды. Аталған мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда активтерді іздеу және қай­та­ру әлем­­нің барлық елінде өзекті болып отыр.

«2022 жылдың басында Мем­лекет басшысы еліміздегі байлық­тың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын. Сондай-ақ әлемдік қаржы сарапшыларының жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражат­ты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд долларға дейін жоғалтады екен. Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Өйткені ол экономикаға кері әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді.

Қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «қауіпсіз, жайлы орын» тауып жатады. Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады. Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару үдерісі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күр­делі жұмыс», деді Е.Бейсенбаев.

Осыған байланысты депутат қаралып отырған заң жобасын әзірлеу және қабылдау бүгінде өте өзекті екенін жеткізді. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың басты бағыты. Басты мақсат – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.

«Заң жобасы аясында Арнайы уәкі­летті орган мен комиссия құ­ры­­лады, заңды және жеке тұл­ға­­лар­дың жабық реестрі жаса­­лы­нып, мемлекеттік қор жасақ­тала­ды. Заңға жеке және заң­ды тұлға­лардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқы­лы байлыққа, активтерге ие бол­ған адамдар жатады. Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негіз­сіз байлыққа ие болған және олар­ға қатысы бар адамдарды жат­қызуға болады. Соның ішінде жауап­ты мемлекеттік лауазымды, мем­лекеттік ұйымда немесе квази­мемлекеттік секторда басқа­ру функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады. Яғни әкім­­шілік-билік ресурстарын пайда­ла­­на отырып активтерге заңсыз ием­дену мен кәсіпкерлікке заңға қай­шы, бәсе­келестіктен тыс арнайы қо­лайлы жағдай жасауға ықпалдасқан азаматтар», деді Е.Бейсенбаев.

Активтерді қайтаруға бағыт­талған шаралар осы жеке тұлға­лармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныс­тары, көлік жүргізушісі, қыз­мет­шісі және олардың мүлкіне номи­­нал­ды иелік ететін адамдар. Осы­л­айша, аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және рес­публикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді.

«Заңның новелласына шетелде активтерді қайтару бойынша жұмысты заң шеңберінде жүргізу тетіктері қарастырылған. Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Ерікті түрде қайтару өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырыла­ды. Сот­тардың шешімдері негізін­де қыл­мыстық процесс шеңберін­де заң­сыз алынған активтерын тәркі­ленеді. Соттардың активтерді негіз­сіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған актив­­тер мәжбүрлеп қай­т­ары­лады. Соттардың немесе шет мемле­кет­­тердің өзге де уәкі­летті орган­дары­ның шешім­дері негізінде тәркі­ле­неді. Жалпы заң аясында арнайы Комиисия құ­ры­лады, заңды және жеке тұлғалардың реестрі пайда бола­ды, арнайы Мемлекеттік қор мен уә­кі­летті орган құрылады», деді Е.Бейсенбаев.

Депутаттар заң жобасын тал­қылағаннан кейін құжатты бірауыздан қабылдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ