Қазақстанда сүт қымбаттады
2022 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша сүт бағасы бір айда 2,4%-ға, жыл басынан 17,2%-ға және бір жылда 21,5%-ға өсті делінген.
Салыстыра кетсек, 2021 жылы бағаның жылдық өсуі тек 9,5%-ды құраған.
«2022 жылғы қаңтар-мамыр айларында сұйық өңделген сүт пен кілегей өндірісі 235,3 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 7%-ға аз. Бұл 6 жылдық үздіксіз өсуден кейінгі ұқсас кезеңдегі көрсеткіштің алғашқы төмендеуі», дейді сарапшылар.
Сонымен қатар зерттеушілер сүт пен кілегей өндірісінің жартысы тек Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) және Алматы (44,2 мың тонна) облыстарына тиесілі екенін нақтылап отыр.
Сондай-ақ өндірістің айтарлықтай көлемі Ақмола (34,2 мың тонна) мен Қостанай облысында (28,5 мың тонна) байқалып отыр.
«Ішкі нарықта өткізу көлемі 3,7%-ға, 192 мың тоннаға дейін қысқарды, ал экспорт екі есе дерлік, 5,6 мың тоннаға дейін төмендеді», делінген зерттеуде.
Осы жылдың бірінші тоқсанында шикі сүтті тұтыну жан басына шаққанда орташа есеппен 3,5 литрді құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз.