Қазақстандық кәсіпкер Африкадағы елдімекенге құдық қаздырып берді

0
259

 

Қазақстандық кәсіпкер Елдос Айбеков Африка құрлығындағы ауызсуға мұқтаж халыққа құдық қаздырып берді. Қазақстан атынан сыйға тартылған құдық Уганда мемлекетіндегі Наноко елді мекенінде орналасқан. Кәсіпкер Уганданың The Ngali Development Foundation (Нгали дамыту қоры) компаниясымен байланысып, нәтижесінде құдық қазу үшін екіжақты келісімге келген. Құдықтың құрылысы ақпан айында басталып, наурыздың 12 күні аяқталды. 13 наурызда ашылу салтанаты ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қазақстандықтарға алғыстарын білдірді.

Біз таза суға қол жеткізе алмай отырған ауыл тұрғындарымыз. Қарапайым тұрмыс кешеміз. Азын-аулақ ешкім ұстаймыз. Қазір суды 5 км жердегі өзеннен тасып ішіп отырмыз. Бұл әрине таза су емес. Мұның бәрін балаларымыз тасып әкеледі. Мотоцикл, велосипеді бар адамдар сирек. Көбіне жаяу тасыймыз.

Бүгін Елдос Айбек деген мырза жерімізге келіп, ауылдың қақ ортасынан үлкен құдық қазып берді. Алғысымызда шек жоқ. Балалардың қалай қуанғанын көрдіңіз бе?! Олардың қуанышын көріп біз де ерекше қуанып тұрмыз. Елдос мырзаға көп рақмет. Алла істеген жұмысына береке берсін.

Біз Қазақстан деген мемлекеті жайлы мүлде білмейтін едік. Осы жағдайдан кейін ешқашан ұмытпастай болдық. Қазір болған қуанышты көрген балалар Қазақстанды, көк туларыңызды мәңгі жадында сақтап қалары анық. Қазақстанға сәлем, – дейді.

Кәсіпкер Елдос Айбеков құдықты қай елден қазу жайында ұзақ ойланған. Африкадағы елдердің тыныс-тіршілігін, ауыз су мәселелерін зерттеп көрген. Нәтижесінде Угандадағы Наноко елдімекенін таңдаған.

Құдық қазуға қатысты бізде екі таңдау болды. Бірі – Уганда, екіншісі – Кения. Екеуі де Шығыс Африкада орналасқан. Алғашында құдықты Кениядан қазамыз деп ойладық. Өйткені, Кениядағы қызметтің бағасы Угандаға қарағанда арзан болды. Кейін қос мемлекетке анализ жасап, Уганданың ЖІӨ-сі Кениядан 3 есе төмен екенін көрдік. Ойлана келе, құдықты таза суға шын мұқтаж халыққа қазып берейік деген қорытындыға келдік. Бүгін құдығымызды қолданысқа бердік. Тұрғындардың, балалардың қуанышын көріп ерекше толқынысты күй кештім. Бұл жобамыз Қазақстан мен Уганда мемлекеттерінің арасындағы байланысты нығайта түседі деген сенімдеміз, – дейді.

Ашылу салтанатына аталған қайырымдылық шараға қолдау көрсету мақсатында қазақстандық саяхатшы-блогер Яков Федоров та барды. 65 мемлекетті аралаған Яков мырза бұл жолғы сапардың әсері бөлек екенін айтты.

Уганда 5 патшалықтан құралған. Олар мемлекет билігінен тыс жеке патшалықтарға бөлініп өмір сүреді. Ең үлкен патшалық – Буганда. Екіншісі – Бусога. Құдық дәл осы бусогалықтарға тиесілі жерден қазылды. Олар лусога тілінде сөйлейді.

Мен Елдос мырзаға көп алғыс білдіремін. Ол кісі ғаламдық мәселеге өз үлесін қосты. Су – Африка халқының ең үлкен мәселелеріңің бірі. Бүгін аядай ғана ауылдың проблемасы шешілді, – дейді блогер.

Құдық қолданысқа берілгеннен кейін Елдос Айбек Қазақстаннан арнайы апарған мектеп жабдықтарын үлестірді. Мемлекеттік жалауымыз бейнеленген дәптер, қалам, қаламсап, сөмкені ноноколық балаларға таратып берді. Қуанышпен басталған жиын қуанышпен аяқталды. Ауыл тұрғындарына 2 қазан палау таратылып, балаларға тәттілер берілді. Сондай-ақ бір жасөспірім “Массагет” сайтының жейдесіне сыйға алды.

Елдос Айбеков – кәсіпкер. ШҚО, Аягөз ауданы, Аягөз қаласының тумасы. Қазақстан, ТМД бизнес нарығында 15 жылға жуық кәсіппен айналысып келеді. Ол осы уақытқа дейін бірнеше қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Нақтырақ айтсақ, жалпы құны 15 млн тұратын ДЦП-науқастарына арналған аппараттарды тегін таратқан. Ай сайын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. 2021-2022 оқу жылы қарсаңында 100 оқушыны мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етті. Елдос Айбеков – «Райымбек батыр» қайырымдылық мекемесінің демеушісі.

Уганда – Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Ұлыбритания бодандығында болған ел тәуелсіздігін 1962 жылы алған. Уганда нағыз африкалық колоридімен ерекше. Қара құрлық саванналарында жыртқыш аңның түр-түрі бар. Әйгілі африка бестігінің (арыстан, піл, мүйізтұмсық, буйвол, леопард) барлығы Уганда жерінде бар. Әлемде тек 600 тау горилласы қалса, соның басым бөлігі Уганда территориясындағы «Бвинди» Ұлттық паркінде өмір сүреді. Уганда тұтас территория болғанымен, ол оңтүстік-солтүстік болып екіге бөлінеді. Себебі экватор сызығы Уганда территориясының қақ ортасымен өтеді.

massaget.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз