Қазақ-түрік университеті түлектері резидентура емтиханының сұрақтарына наразы (ВИДЕО)
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің түлектері резидентура емтиханының сұрақтарына қатысты шағымын айтты. Бір топ түлек Halyq Uni редакциясына видео жолдап, емтихан талаптары орындалмағанын жеткізді.
Редакцияға хабарласқан түлек аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Ер адамның айтуынша, 2023 жылдың 11 тамызында университетте 350-ге жуық түлек резидентураға емтихан тапсырған. Алайда 85-87%-ы шекті балды жинай алмаған.
Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегіміз. Резидентура емтиханын тапсыратын кезде бағдарламалық тақырыптар беріледі. Яғни, нақты сұрақ бермейді, бірақ қандай тақырыптар қамтылатыны көрсетіледі. Сол тақырыптар бойынша дайындалып бардық. 11 тамызда таңғы 8:30-дан бастап 3 лекпен тапсырып шықтық. Бізге медицина факультетінің деканаты мен қабылдау комиссиясы сұрақтардың 30%-ы жалпы практика дәрігері (ВОП) жұмысы бойынша, 70%-ы резидентурада таңдаған мамандық бойынша келетіні айтылды. Біз әртүрлі мамандыққа тапсырдық. Біреу гинекология, енді бірі урология, травматология таңдаған. Бірақ сұрақтар айтылған талапқа сай келмеді, – дейді ХҚТУ түлегі.
Емтихан бойынша ең жоғары 100 балл, грантқа үміткер болу үшін шекті 75 балдан жоғары жинауы қажет.
«Урология бойынша емтихан тапсырдым. Осы сала бойынша небәрі 15 сұрақ келді. Гинекология, кардиология бойынша сұрақтар келді. Жалпы практика дәрігері саласы бойынша сұрақтардың өзі емхана деңгейіндегі емес, операцияға қатысты болды. Жалпы практика дәрігерінің (ВОП) өзі науқастарды сырқатына қарай басқа мамандарға жолдайды, мүгедектік бойынша құжаттарды реттеу секілді жұмыстары бар. Ол туралы бір сұрақ келмеді. Клиникалық күрделі сұрақтар болды. Содан бәріміз аз балл алдық. ХҚТУ-дың резидентурасына жалпы 55 грант бөлінген. Оның өзі игерілмей тұр», – дейді редакцияға хабарласқан ер адам.
Айтуынша, университет басшылығы түлектердің бұл мәселені көтергенінен хабардар.
Ректоратқа бардық, «мәселені қарастырамыз» деп жылы жауып қоя салды. (…) 13 тамызда университет басшылығынан хабарлама келді. Осы емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік береміз деп отыр. Ол мемлекеттік емтихан болғандықтан, оны бір-ақ рет тапсырмай ма? Қайта-қайта тапсыру деген қайдан шықты? Университет өзі шеше бере ме? Ол мүмкіндікті беретін болса, емтихан ережесінде көрсетілген талаптардың сақталуын талап етеміз, – дейді университет түлегі.
Редакцияға хабарласқандар оқу орнының Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша магистратура, резидентура, докторантураға оқуға қабылдау ережесін де жолдады. Соған сәйкес, жалпы ережеде «Тестілеу емтиханы алдыңғы білім беру бағдарламасының көлемінде өткізіледі. Тест ҚР МСЕ-2019 бойынша интернатураның үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес «Жалпы дәрігерлік практика» мамандығы бойынша оқу материалын қамтиды» делінген. Сондай-ақ құжатта емтиханды қайта тапсыруға жол берілмейтіні көрсетілген.
Емтихан ережесінде 100 сұраққа жауап беруге 150 минут беріледі делінген, бірақ тест тапсыруға кірген кезде тек 120 минут берілетінін хабарлады. Емтиханды компьютер арқылы тапсырдық, бірақ нәтижесі сол сәтте экранға шықпады. Неге? Осы уақытқа дейін қаншама емтихан тапсырдық. Бірақ резидентура емтиханының нәтижесі 4-5 сағаттан кейін шықты. Бұл қаншалықты дұрыс?, – дейді ол.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – Түркістан қаласында орналасқан жоғары оқу орны. Университет 1991 жылы ашылған. Қазір жоғары оқу орнының ректоры – Жанар Темірбекова.