ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА 120 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0
115
фото:Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданы барды. Аймақ басшысының қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі өтті. Оған ҚР Парламентінің Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Өңір басшысы жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтап, облыс көлеміндегі құрылыс жұмыстарын тізбектеді.
«Президентіміздің және Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Аймақтағы электр энергия тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын 215 млрд.теңгеге жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 115 млрд.теңгеден астам инвестиция салды. Келер жылы қыркүйек айында ел игілігіне табысталады.
Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Өңірде құны 123 млрд. 400 млн. теңгеге 81 әлеуметтік нысан салынуда. Құны 58 млрд. 900 млн. теңгеге 332 мың шаршы метрді құрайтын жаңа 452 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Сыр елін көркейтуге, ауылдарды дамытуға белсенді араласып, өз үлестерін қосуда. Аймағымызда демеушілер есебінен барлығы 50 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асуда.
Қазалы ауданында да тұрғындарының өзекті деген мәселелерін шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылы Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін салынған баспаналар кілтін қазалылық 50 отбасыға табыстаған болатынбыз.
Биыл да үлгілі үрдіс жалғасын тауып, жаңа үйлерді тұрғындарға табыстаудамыз. Ауданның ажарын айшықтай түсетін бұл үйлер инженерлік инфрақұрылым желілерімен толықтай қамтылған. Қадірлі жерлестер, жаңа пәтер иелері жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада жаңа үйлердің құрылысын жүргізген мердігер мекеменің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді.
Үй беру рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ