Бұқаралық спортты дамыту қаланың халықаралық имиджін арттыруға ықпал етеді

Алматыда спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты насихаттау бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
2024-2025 жылдары мегаполисте 6 жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, сондай-ақ 2 спорт нысаны жеке инвестиция есебінен салынды.
Алатау ауданындағы Нұркент шағынауданында жеке инвестиция есебінен жаңа теннис орталығы ашылды. Кешеннің құрамына HARD жабынды 4 жабық және 4 ашық корт, сондай-ақ 6 топырақты корт кіреді.
Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында «Тұлпар» кешені коммуналдық меншікке қайтарылып, Спорт басқармасының жедел басқармасына берілді. Оның аумағында 100 атқа арналған төрт ат қора, спорт залдары және екі ашық манеж бар.
Райымбек даңғылында ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт орталығының құрылысы басталды. Құрылысты аяқтау 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Орталық Алматыда мүмкіндігі шектеулі спортшыларды даярлауға арналған алғашқы мамандандырылған нысан болмақ.
2027 жылдың соңына дейін Наурызбай, Алатау және Түрксіб аудандарында алты дененшынықтыру- сауықтыру , сондай-ақ үш спорт мектебін салу жоспарланып отыр. «Авиатор», «Шұғыла», №9 спорт мектебі және дарынды балаларға арналған мектеп-интернат жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытынды алды.
Спорттық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасын тауып отыр. Алматының жаңа футбол стадионын салу бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті. Көркем гимнастика орталығының жобасы әзірленіп, «Медеу» биік таулы спорт кешенін қайта құру аясында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нұркент шағынауданында жүзу бассейні бар 5 мың орындық әмбебап арена салу жоспарланған.
Алматыда жыл сайын 310 мыңнан астам спортшы қатысатын 3 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында Almaty Marathon, ATP-250 Almaty Open, WTT Contender, Ұлы дала ойындары, дзюдодан Азия кубогы, сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан 18 елден келген спортшы қатысатын Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі бар.
Алматыдағы Gorky Tennis Park әлемдегі ең айтулы теннис турнирлерінің бірі Roland – Garros ресми клубы мәртебесіне ие болды.
2025 жылдан бастап қалада 35 ЖОО, 108 команда және 1500 студентті біріктіретін студенттер лигасы басталды. Балалардың футбол лигасы жобасы іске асырылып жатыр, оған 8 мыңнан астам бала қатысып жатыр.
Жақында Алматыда өткен «Жігер» фестивалі ерекше қажеттілігі бар 1 мыңнан астам қатысушының басын қосты.
Қысқы кезеңде конькимен сырғанау жобасы дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Биыл қаланың танымал қоғамдық алаңдарында 16 мұз айдынын жасау жоспарланып отыр. Келесі жылы конькимен адаптивті сырғанау ұйымдастырылады.
2026 жылдан бастап бұқаралық спортты дамытуға және белсенді өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған Active city Hub жаңа қалалық жобасы қолға алынады. Жоба бойынша апта сайынғы спорттық іс-шараларға, ашық жаттығуларға, Run & Clean, Free Zone және Kids Lab бастамаларына жылына 50 мың адам тарту қарастырылған.
Биыл жыл соңына қарай Алматыда футзалдан УЕФА Чемпиондар Лигасын, сондай-ақ күрес түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатын және жасөспірімдер арасында бокстан ел біріншілігін өткізу көзделіп отыр.
«Аталған жобаларды жүзеге асыру Алматының Орталық Азияның спорттық астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға және қаланың халықаралық имиджін арттыруға ықпал етеді», – деді Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері.









