Бұл жетістік – ішкі істер органдары жүйесіндегі әйелдер бөлімшелерінің қарқынды дамуының айғағы

0
16

Алматы халықаралық әуежайы аумағында Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері – Tomiris әйелдер арнайы жасағының мүшелерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Олар UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде Қазақстан намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Аталған беделді жарыс Дубай қаласында өтті.

Іс-шараға департамент басшылығы, әріптестер, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындары қатысты. Салтанатты қабылдау қошеметке, гүл шоқтарына және алғыс сөздеріне ұласты.

Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, арнайы жасақтың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді.

– Бүгін біз батыр қыздарымыз – ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Қарашаш Есдәулетова мен мамандандырылған және кәсіби даярлық басқармасының инспекторы Мадина Қайыржанованы қарсы алып отырмыз. Олар жоғары кәсібилік үлгісін көрсетіп, Қазақстанды әлемдік деңгейде мойындатты. UAE SWAT Challenge турниріндегі бұл жеңіс – темірдей тәртіптің, қайсар рухтың және берік командалық бірліктің айқын көрінісі. Біз сіздермен мақтанамыз. Сіздердің жетістіктеріңіз – бүкіл жеке құрам үшін үлгі, – деп атап өтті Әділғожа Құсайынов.

Жиналған қауым әйелдер командалары арасында бірінші орынды иеленіп қана қоймай, жалпыкомандалық есепте бірқатар ерлер бөлімшесінен озып шыққан қызметкерлерді зор құрметпен қарсы алды.

Бұл жетістік – ішкі істер органдары жүйесіндегі әйелдер бөлімшелерінің қарқынды дамуының айғағы әрі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырған маңызды белес.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ