Байқаудың мақсаты – еліміздің ұлттық мұрасының бірі – ұлттық спортты насихаттау

0
13
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен өтті.

Алматыда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен «ҚҰЛАГЕР» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Қауымдастық президенті Исламбек Салжанов, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ұлттық спорт, ұлттық тәрбиеде жазушылардың үлесі мен қаламгерлердің еңбегіне тоқталды.

«Жазушылар қауымы мен үшін өте жақын. Себебі халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызбен 20 жылға жуық араласып, қаламгерлердің еңбегіне қанық болдым. Ел мен жердің жайын толғап, тағылымы мол туындыларды өмірге әкелу оңай шаруа емес. Оған шалқар шабыт пен қажырлы еңбек қажет. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе «ҚҰЛАГЕР» байқауының тұсауын кескен едік. Міне, бүгін сол қаламгерлер бәйгесінің қорытынды жиынына келіп отырмыз. Ұлттық спорт ұлтымыздың бейнесі. Оны айшықтай түсу баршамызға міндет. Сол мақсат жолында әдебиеттің түрлі жанрында шығарма жазған барша қаламгер қауымға алғыс айтамын», – деді Исламбек Салжанов.

Байқаудың мақсаты – еліміздің ұлттық мұрасының бірі – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындылар жазуға ынталандыру.

«Құлагер» республикалық байқауына ұлттық спорт түрлеріне арналған бұрын жарияланбаған 200-ден аса материал келіп түскен.

Қазылар алқасының әр мүшесінің ұсыныс-пікірі мен сараптамалары негізінде ең үздік деген шығарма іріктеліп, төмендегі қаламгерлер 7 номинация бойынша «ҚҰЛАГЕР» республикалық байқауының жүлдегерлері атанды:

1.                 Проза – Тұрысбек Сәукетаев «Ай қанатты арғымақ» (хикаят);

2.                 Драма – Жолтай Алмашұлы Алмашев «Күш атасы» (пьеса);

3.                 Поэзия – Алмас Ахметбекұлы Сақбаев «От шығармас ойын» (дастан);

4.                 Фантастика / мифология – Пернебай Дүйсенбин «Ақбоз, көкжал, Жансая апа және төрт ноян» (мифофантастикалық хикаят);

5.                 Деректі проза – Мұхтар Анарбек «Дүлдүлдің дүбірі» (повесть);

6.                 Балалар әдебиеті – Аут Даутович Масимов «Айқасқа» (Хикаят);

7.                 Комикс – Сәлімғали Қасымханұлы Мырзашев «Көксерек» (М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі желісімен салынған).

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: «Бұл шара – ұлттық спортты насихаттап-жазып жүрген біздің ақын-жазушыларға рухани жақтан да, қаржылай да үлкен қолдау болды. Алдағы уақытта да осындай игі істерді бірлесе атқара береміз» деп сенім білдірді.

Жеңімпаздарға 2 000 000 теңге қаржылай сыйақыны құрайтын сертификат пен арнайы «ҚҰЛАГЕР» республикалық байқауының мүсіншесі мен дипломдар табысталды.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ