Балалар қауіпсіздігі бейнебақылаумен шектеле ме?
«Бала – бауыр етің» дейді халық нақылы. Алайда соңғы жылдары тіптен жиілеп кеткен бала тағдырына қатысты жантүршігерлік оқиғалар қоғамның бұл мәселеге сергек қарауын талап етіп отыр.
Табиғи апаттар былай тұрсын, суға батып кеткен, өртенген үйде қалған, көлік апатына, әлімжеттікке ұшыраған, ата-анасының қолынан зардап шеккен балалар қорғансыздықтан осындай күйге түсіп отыр-ау деген ойға қаласың.
Қазіргі кезде сарапшылар жағдайдың былайша ушығып кетуін, қатаң бақылаудың жоқтығымен түсіндіреді. Жақында Петропавлдағы №4 мектепте орын алған төтенше жағдай жоғары сынып оқушысының мектепке балта мен пышақ әкеліп, сыныптастарына шабуыл жасағанын мектептегі бақылаудың жоқтығы, әлде тәрбиенің осалдығы дейміз бе?
Жыл басындағы деректерге сүйенсек, елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты 200-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, салыстырмалы кезеңге қарағанда 32 пайызға артық екенін көрсетіп отыр.
Ал өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, бір ғана Түркістан облысында 50-ден астам бала жазатайым оқиғаға тап болған. Бұл біз мысалға алып отырған бір ғана өңірдегі жағдай. Мұндай келеңсіз оқиғалар еліміздің барлық аймағында дерлік орын алып отырғанын ақпарат көздері растайды.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, қазіргі кезде еліміздегі 7 мыңнан астам мектеп бейнебақылаумен жабдықталып, аумақтық полиция департаменттерінің жедел басқару орталықтарымен байланысқан. Яғни балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру нысандары орналасқан жерлерге патруль қызметтері барынша жақын орналасқан.
Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі тарапынан да тиісті шаралар қолға алынып, жыл басынан бері еліміз өңірлеріндегі мектептер қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу бойынша жаңа ережелермен жұмыс істеу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілгені белгілі.
Алайда ел үкіметі республикада орын алып отырған балалар өміріне қатысты келеңсіз жағдайлардың көбеюі бақылау жұмыстарының жетіспеушілігін көрсетеді деген тоқтамға келіп, бала тағдырына бейжай қараудан туындап отырған мәселелерге орай тиісті шараларды қолға алды. Демек, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі әрі ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет.
Бүгінде атқарылған іс-шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1 100-ге жуық оқу ұясы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режімі қатаң сақталмайды. Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылған. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі.
Қазіргі кезде білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Үкімет отырысында биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтау қажеттігі айтылғанын білеміз. Бұл полицияның жедел басқару орталықтарына шығатын бейнебақылауға, мамандандырылған күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етумен байланысты. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үкіметке Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізіп, уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіру жөніндегі шараларды қамтуы тиіс. Сондай-ақ Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері де білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына сапалы мониторинг жүргізуі керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарындағы қауіпсіздік жағдайына 2019 жылдан бері тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі биылғы жылдың 20 ақпанынан 20 наурызына дейін еліміздің барлық оқу орындарының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуін қадағалады. Деректерге сүйенсек, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай, Қостанай және Түркістан облыстарында қауіпсіздік жүйелері талапқа сай келмейді. Министр Ғани Бейсембаев елімізде 6,5 млн-нан астам бала бар екенін ескертіп, осы орайда бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен әріптестік орнатып, тығыз жұмыс істеу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңыздылығын атап өткен болатын. Балалардың құқығын қорғау ісінде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Әкелер кеңесі» және «Аналар кеңесінің» жұмысын жандандыру мәселесі де уақыт күттірмейді.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ақпаратына сүйенсек, жуырда осы мақсаттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, бекітілді. Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды. Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уақытында анықтауға көмектеседі. Қазіргі кезде барлық мектепте мектепішілік есеп жүргізу қолға алынған. Оған сәйкес мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Оқушыға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді мақсат ететін шара құқық бұзушылықтың алдын алуға да ықпал етеді.
М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей директоры Гүлжан Сауытқызы қазіргі кезде баланың қауіпсіздігі ата-анаға да, мектепке де салмақ екенін айтты. Ата-ана баласын мектепке әкелгеннен кейін, ал мұғалім бала мектептен шыққаннан кейін оқушының қауіпсіздігіне алаңдайды. Қалада жол жүру ережесі, қылмыстық жағдайлардың сақталмауы сияқты көптеген фактор бүгінде бала қауіпсіздігіне бей-жай қарамауды талап етеді. Қазіргі кезде ел үкіметі, тиісті министрлік тарапынан балалар қауіпсіздігіне бағытталған шаралар күшейтіліп жатыр. Дегенмен, жауапкершілік ата-ана мен мектеп мамандарынына түсетіні анық. Өйткені баланың негізгі пәндерге қатысты сабағынан кейінгі бос уақытын пайдалы, тиімді өткізуінде осы екі тараптың жүктемесі көп. Осы орайда балаға қолайлы психологиялық ахуал қалыптастырып отырған мектеп және отбасы жағдайынан тыс қоршаған ортаның қауіпсіздігі маңызды. Бала мектеп жағдайында түрлі үйірмелер, факультатив сабақтар, оқушылар арасынан құрылған клубтарға қатысуы арқылы білімге қызығушылығын арттырып, кәсіптік бағдарын таңдауға мүмкіндік алады десек, өз ауласында емін-еркін спорт ойындарымен шұғылданып, таза ауада еркін серуендеуін қоғам тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс.
– Қазіргі кезде ата-аналардың басым көпшілігі үшін жұмыс пен мектеп арасында жүргізуге тура келеді. Баланы мектепке апарып, алып кетудің өзі жұмыс істейтіндер үшін едәуір салмақ. Егер мектеп ішіндегі үйірмелер, қосымша сабақтар жүйелі жолға қойылса, сонымен қатар мектеп көліктері қала, аудан демей жүріп тұрса, балалар қоғамдық көліктердегі қолайсыздықтарға ұрынбай үйіне алаңсыз жетуіне мүмкіндік туған болар еді, – деді бізбен әңгімесінде Гүлбақыт Қиғашбаева есімді ата-ана.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ата-аналардың көңілі баласының үйге аман-есен жетуіне алаң. Өйткені қоршаған орта бала қауіпсіздігінің кепілі бола алмайды. Ал бала қауіпсіздігі қолжетімді заманауи мектептер, әлеуметтік тұрақтылық әрі жайлы орта сияқты бір-бірімен тығыз байланысты жағдайларды қамтиды.
Қазіргі кезде Президенттің тапсырмасына сәйкес, балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленіп, балалар қауіпсіздігін күшейту шараларына байланысты нормативтік, ұйымдастыру жұмыстары іске асырылып жатыр. Осы орайда сарапшылар мектептердегі бейнебақылау жүйесінің күшеюі қауіпсіздікті жетілдіру тетіктерінің бірі ғана екенін еске сала отырып, ата-ана, мұғалім, жекелеген азаматтардың жауапкершілігі көше тәртібі, қоғамдық орындардағы мәдениеттілікті сақтау еліміздің болашағы – балалардың игілігі жолында адами болмыстың деңгейінде жалғасын табуын қаперге алсақ дейді.