Баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралады – Аида Балаева

0
156
Фото: Сенат

Баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Министрліктің ақпараттық жұмысы медиасфераны дамыту бойынша жағдай жасау, ел халқын мемлекеттік саясатты іске асыру туралы хабардар ету және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Ал, тамыз айында Үкіметтің Қаулысымен оны іске асыруға бағытталған іс жоспары қабылданды», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Аида Балаеваның айтуынша, доктринадан туындайтын аса маңызды заң жобаларының бірі министрлік бастамасымен жүзеге асқан “Масс-медиа туралы” заң жобасы болды.

«Өздеріңізге белгілі, 30 қарашада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті. Онда заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстары аясында талқылау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірін ескере отырып, баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралатын болады. Баспасөз карталарын беру критерийлеріне келетін болсақ, бірден айта кетейік, барлығы айтып жүрген жұмыс өтілі, жоғары білімі болу керек деген өзгерістер жалпы жұмыс топтарындағы талқылау қорытындылары бойынша алынып тасталады», – деді ол.

Алайда, министр қазіргі уақытта аккредиттеуді оңайлату тәсілі нақты қандай формада жүзеге асырылатынын айту ерте екендігіне назар аудартты.

«Ол алдағы жұмыс тобының отырысы барысында айқындалатын болады. Жалпы, мен бұрын атап өткенімдей, заң жобасы бойынша депутаттар 114 түзету енгізді. Оның ішінде – 64-і қабылданып, 10 түзету пысықталуда. Осы ұсыныстар қазіргі уақытта Үкіметтің қорытындысында және барлық мүдделі мемлекеттік органдар келісілгеннен кейін Мәжіліске жіберілетін болады. Екінші тыңдауға дейін барлық түзетулер бойынша шешім қабылданады», – деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ