Басты мақсат – алкогольдің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу
Астанада Сарыарқа ауданының аумағында мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен «Заң және тәртіп» жобасы аясында рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Басты мақсат – алкогольдің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі өнімдерін сату фактілерін болдырмау.
Тексеру барысында бірқатар сауда орны қаралып, олардың ішінде екеуінде заң бұзушылықтар анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, атап айтқанда:
– ҚР ӘҚБтК 423-1-бабы – 21 жасқа толмаған тұлғаларға темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян қоспасын және темекіні қыздыру жүйелерін заңсыз сату.
– ҚР ӘҚБтК 200-бабы – алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзу.
«Рейд барысында алкоголь мен темекі өнімдерінің заңсыз сатылымы әлі де өзекті мәселе екенін көрсетті. Бұл өнімдердің кәмелетке толмағандарға сатылуы мен контрафакт өнімдерінің айналымы азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Мұндай заң бұзушылықтарды жою және қоғамда заңға бағыну мен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бас маманы Дамир Хисматуллин.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, ал қала тұрғындарын алкоголь мен темекінің заңсыз сатылу фактілері туралы хабарлауға шақырады.