Бекзад Нұрдәулетов кәсіпқой бокста рингке шығады

0
502

Бекзад Нұрдәулетов «ADAL Promotions» промоутерлік компаниясымен үш жылға келісімшартқа отырды. Енді ол кәсіпқой бокста рингке шығады, – деп хабарлайды Zamandas.kz сайты mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

«ADAL Promotions» промоутерлік компаниясының директоры Рүстем Егеубековтың айтуынша, компания 2021 жылы құрылған. Негізгі мақсаты – елдегі бокс спортын кәсіби тұрғыда дамыту. Соның ішінде Маңғыстау облысының үздік боксшыларына өзін кәсіби бокста дәлелдеуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар ұлттық құрама командасына іліге алмай жүрген боксшыларды кәсіби бокс арқылы көпке таныту, шет елде жүрген боксшыларды қолдап, демеушілік көрсету.

Қазір промоутерлік компания әуесқойлар арасында 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов және кәсіби бокста 14 кездесу өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен Мейірім Нұрсұлтановпен келісімшартқа отырды.

««ADAL Promotions» промоутерлік компаниясының амбициясы жоғары. Себебі алға қойған мақсаттары өте көп. Қазақстаннан бөлек шет мемлекеттерге шығып, дайындық өткізіп, жарыстар ұйымдастырамыз деген ойдамыз. Маңғыстау халқы боксты жанымен сүйеді, әрдайым қолдау білдіреді. Осы ретте келесі айда бокс жанкүйерлерін осы жолы қуантып, тартысты жекпе-жек өткіземіз. Алда белбеулерді алып, елді қуанту жоспарда бар. Сол жоспарға жетуде еңбек етуге, жұмыс істеуге толықтай дайынмын», – деді Бекзад Нұрдәулетов.

Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов әуесқой бокстан қол үзбейді. Оның айтуынша, әуесқой бокста 15 жекпе-жекке дейін өнер көрсете алады. Десе де қазіргі таңда арман-мақсаттары – кәсіпқой бокста.

«Мейірім Нұрсұлтанов пен Бекзад Нұрдәулетовтен басқа компания командасында ҚР ұлттық құрама командасының мүшесі, 3 дүркін Қазақстан чемпионатының жүлдегері, спорт шебері Айболды Дәуренұлы, жастар арасындағы Қазақстан чемпионы, спорт шебері Нұрас Жеңіс, Ш.Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпаздары, спорт шеберлері Самат Жетібаев пен Әл-Мұхаммед Махмут, жастар арасында бірнеше жетістіктерге жеткен, спорт шеберінен үміткерлер Жолдас Жеңісов пен Қыдырәлі Мұрат және де аса ауыр салмақта сынға түсетін Нұрсұлтан Байниязов бар», – деді «ADAL Promotions» промоутерлік компаниясының директоры Рүстем Егеубеков.

Аталған боксшыларды ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Джакиев жаттықтырады.

Ал кәсіби бокстан алғашқы ринг 6 қараша күні «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді. Онда 7 кездесу болады. Ал Бекзад Нұрдәулетов және Мейірім Нұрсұлтановтың шаршы алаңға шығуы басты кездесу болмақ.

«79,3 келі салмақта Бекзад Нұрдәулетовтың қарсыласы өзбекстандық Фаррух Джураев болады. Қазіргі таңда ол Санкт-Петербург қаласында жаттығуда. Кәсіби рингте 11 кездесу өткізіп, алтауында жеңіске жеткен. Әлемдік рейтингте 150 орында тұр. Ал Мейірім Нұрсұлтанов Беларусь Республикасының боксшысы Дмитрий Атроховпен кездеседі. Ол кәсіби рингте 27 кездесу өткізген. 16 кездесуде жеңіске жеткен. Әлемдік рингте 264 орында тұр. 2017 жылы Дмитрий әлемнің үздік 100 боксшысы қатарына кірген. Алдағы уақытта спортшыларымызға сәттілік тілейміз», – деді Рүстем Егеубеков.

Сонымен қатар +90,7 келі салмақта Айболды Дәуренұлы мен Нұрсұлтан Байниязов, 66,6 келі салмақта Әл-Мұхаммед Махмут пен Қыдырәлі Мұрат, 76,2 келі салмақта Жеңіс Нұрас пен Жақсылық Өтешкен сынға түседі. Сондай-ақ 53,5 келі салмақта Самат Жетібаев пен Рахат Махамбетсаилов кездессе, 58,9 келі салмақта Жолдас Жеңісов пен Нұрғиса Айбек шыршы алаңға шығады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ