Ақтауда 15 млн теңгенің қызғалдақтары сынып жатыр

0
605

Ақтауда жақында орнатылған «Гүлді алаңдағы» пластик қызғалдақтар мен теңіз жағалауындағы әткеншектер көпке шыдамай, сынып жатыр, – деп хабарлайды Zamandas.kz сайты.

Аталған «Гүлді алаңға» жергілікті бюджеттен 15 404 000 миллион теңге бөлінген. Ал әткеншекті орнатуға 5 миллион теңге жұмсалған. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Clover media group» жүргізіп жатыр. Десе де орнатылған әткеншектің жерге бекітілген шынжыры ажырап, орындықтары қисайып үлгерген. Ал пластик қызғалдақтар сабағынан айырылып, ұшып жатыр. Сондай-ақ гүлдер бекітілген көгал да тегіс төселмеген, электр сымдары ашық тұр.

Бұл ретте жергілікті билік инсталляцияларды әлі өз теңгеріміне қабылдамағанын айтып отыр.

«Әткеншектер, гүлдер алаңы да қала әкімдігіне тапсырылмады. Әткеншектің сынған элементтері бюджетке ешқандай шығын келтіріп тұрған жоқ. Себебі мердігер мекеме қайта қалпына келтіреді, тапсырма да берілді. Барлық нысанды аяқтап, қала әкімдігінің теңгеріміне бергеннен кейін әрі қарай күтіп ұстау жұмыстары мердігер мекеме тарапынан жүргізіледі. Оған бюджеттен қаражат қаралмайды», – дейді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Айбек Ербөлеков.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Гүлді алаңның» орнына жазда біржылдық питуния гүлі отырғызылған. Алайда ыстықтан қурап, солып қалған. Кейін оның орнына жасанды пластиктерді уақытша қойған. Енді қазан айынан бастап тағы жарығы бар қызғалдақтарды орнатып жатыр.  Одан бөлек әткеншек және «Жұлдызды аспан» инсталляциясы бар. Осы туындыларға қала әкімдігі 43 миллион теңге қаражат жұмсап отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ