«Болашақ» түлектері еңбекпен өтеу мерзімін кейінге шегере алады

0
204

2023 жылдан бастап шетелде өндірістік тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» президенттік стипендиясының иегерлеріне еңбекпен өтеу мерзімін 1 жылға шегеру мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Стипендиаттар «Fortune Global 500», «Forbes Global 2000», «Forbes Top 100 Digital Companies» әлемдік рейтингтеріне кіретін ұйымдарда, БҰҰ-ның халықаралық ұйымдарында тағылымдамадан өте алады. Сондай-ақ докторанттарға алған мамандығы бойынша постдокторантурадан өту үшін еңбекпен өтеу мерзімі шегеріледі.

«Болашақ» стипендиаттары шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық оқуын аяқтағаннан кейін әлемдегі үздік халықаралық компанияларда жұмыс істей алады. Бұл оларға жетекші ұйымдарда тәжірибе жинақтап, халықаралық деңгейдегі кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді», деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ләззат Әділова.

Халықаралық бағдарлама стипендиаттары әлемдегі ірі компаниялардың рейтингіне кіретін ұйымға өз бетінше жұмысқа орналасуы тиіс.

Ескеретін жағдай шегеру мерзімі 1 жылдан аспауы тиіс.

Айта кетейік 2023 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ