«Дөнер әпер деген»: спорт мектебінде көз жұмған балаға қатысты тың ақпарат шықты
Ақтөбедегі спорт мектебінде қайтыс болған жасөспірімнің әкесі Қайрат Қайназаров Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында ұлы әлімжеттіктің құрбаны болғанын мәлімдеді.
Қыршыннан қиылған 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкірдің денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның әкесі «баламның ажалы адамнан болд» дейді.
Балам Бексұлтан – егіздің сыңары. Бес қыздан кейін Алладан сұрап алған ұлдарым. Егіздерім Бексұлтан мен Ерсұлтан спорт мектебінде бірге оқиды. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберіне кандидат. 2022 жылы Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданған. Бұл мекеме олимпиадалық резервте, балалар жатып оқиды, – дейді Қайрат Қайназаров.
Қайғылы оқиға 11 сәуірде болған.
Сағат кешкі 18:00-ден кейін жатақханадағы барлық қызметкер жұмысынан кеткен. Оқушылар тәрбиешілер кеткен соң өз шаруасына кіріскен. Жоғарғы сыныптың оқушылары, 10-сынып, 9-сынып, колледждің балалары бәрі жиналып, 10 баланы бөлмеге кіргізіп алып әлімжеттік көрсеткен. Сондағысы бұлардан дөнерге ақша талап еткен, бұлар бермеген. Сол жерде соққыға жыққан, — дейді Қайрат Қайназаров.
Бексұлтан өмірден озар күні анасы алысқа жолға шыққан. Алға басқан аяғы кері кетіп, әбден әбігер болған. Бірақ ана жүрегі баласынан айрылатынын сезбеген.
Барлық 10 баладан кеше полицияда сұрақ алынды. Балам соққыдан қайтыс болды, ал ғаламторда айтылған басқа ақпараттардың барлығы жалған. Соққы баламның жүрегіне тиген, тіземен жүрегінен тепкен, сарапшы тамыры жарылып кеткен деді, — дейді марқұмның әкесі.
Оның айтуынша, бала жатақханада өлген. Жедел жәрдем келгенше жүріп кеткен.
Бексұлтанның бауыры Ерсұлтан да бірге таяқ жеген. Бауыры дәл көз алдында құлаған.
«Ерсұлтанның жағдайы қазір нашар. Бәрі көз алдында болған. Баламның психикасы аяқасты бұзылып, ауырып жатыр. Ұрған балалар, қасында тұрған балалар, тәрбиеші, директор, бәрі өз жазасын алсын. Бұл әлімжеттік 10 күнде бола қойған дүние емес, бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан жүйе», — дейді қайғыдан қан жұтқан әке.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ спорт мектебінің қызметкерлеріне қатысты мiндеттерiне адал қарамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.