Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Шортанды ауданында 150 орынға шақталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысан дене шынықтыру мен спортты дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Кешен заманауи спорт залдарын және әртүрлі спорт түрлеріне арналған алаңдарды қамтиды. Бұл нысанда дене шынықтыру және спортпен шұғылдану барлық жастағы тұрғындарға қол жетімді болады, бұл аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
«Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізілуде, бетон бағаналарын құю және отандық өндірістің үш қазандығы бар блоктық-модульдік қазандықты орнату жұмыстары аяқталды. Қабырғалық және төбелік сэндвич панельдеріне арналған материал әкелінді. Жоспар бойынша құрылыс 2025 жылы аяқталады», — деді Шортанды ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Мерей Серікбол.
Айта кету керек, Ақмола облысында спорттық ғимараттар желісін кеңейту мақсатында осы жылы Есіл және Қосшы қалаларында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Целиноград және Бурабай аудандарында 2 спорт кешені пайдалануға берілді.
Степногорск қаласында тез салынатын спорт кешені мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуда. 7 нысанның құрылысы жүргізілуде: Щучинск қаласындағы Спорт сарайы, облыстың 6 ауданында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласында көпфункционалды кешеннің, Зеренді ауылында спорт залы бар спорт мектебінің құрылысы басталды.