Дешті Қыпшақтың даңқты қолбасшысы

0
102

фото:atpress.kz

Қазақ даласының боз жусанын бір иіскеуді аңсап өткен Сұлтан Бейбарыстың тұлғалық, қолбасшылық, қайраткерлік қырын зерттеу­ге бетбұрыс жасалды. Өйткені ол – бала кезінде құлдыққа сатылып кеткенімен, Мысыр елінің даңқты қолбасшысы болған тарихи тұлға.

 

Дешті Қыпшақтың даңқты қолбасшысы

Биыл – Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл. Осыған орай Аты­рауда «Дешті Қыпшақтың тарихи тұлғалары: Бейбарыс және оның кезеңі» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту бас­­қармасы мен облыстық тарихи-өлке­тану музейі ұйымдастырған жиынға Қазақстан мен Мысырдан, Ре­сей мен Өзбекстаннан тарих, ар­хео­логия, этнология, филология, шығыстану, мәдениеттану салала­рының ғалымдары қатысты.

– Мысыр елін 17 жыл билеп, мәмлүктер мемлекетінің негі­зін қа­лаған даңқты бабамыз Бейба­рыс Дешті Қыпшақ даласынан көп­те­ген зерттеу жазып қалдырған. Оның Қазақстанға да, Мысырға да ор­тақ тұлға екені дау тудырмай­ды. Сон­дықтан оның тарих ғы­лымындағы орнын айқындап, мұрасын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды парызымыз деп біле­міз. Баһадүрдің туғанына 800 жыл толуына орай Атырауда бас­талған іс-шаралар легі Мысыр Респуб­ли­касында да жал­ғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұр­таев.

Халықаралық конференцияның панелдік отырысы үш бағытта жал­ғасты. Бірінші бағыт – Сұлтан Бей­барыс тұлғасының зерттелу тарихы мен тарихнамасы. Екіншіден, баһадүрдің тарихи ортасы археология, этнография және ескерткіштану материалдарында қалай көрініс тауып жүр? Тарихшыларды осындай мәселе қызықтырып отыр. Ал үшін­шісі – оның әскери істегі, диплома­тия мен әлемдік тарихтағы тұл­ғасы. Бұл да терең зерттелетін өзекті тақы­рыпқа айналатыны даусыз.

Мәселен, Мысырдағы Мансура университеті туризм факультетінің деканы, профессор, мәмлүктанушы Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибра­­­­­­химның айтуынша, Сұлтан Бей­­ба­рыстың қайраткерлігі туралы әлі де ай­тылмаған, жарық көр­меген мәлі­меттер өте көп. Ол тек Мы­сырды ғана емес, Ислам дінін де қорғап қалған.

«Сұлтан Бейбарыс – қазақ халқы мен Мысыр тұрғындарына ғана емес, әлемге танылған кемеңгер. Оның мемлекет құру ісіндегі табандылығы, ерен еңбегі мен мұрасы адамзат қадір тұтатын ортақ құндылыққа айналуы керек. Сол себептен біз ал­дағы уақытта туристік сапар ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз. Сол кезде Сұлтан Бейбарыстың ізі қалған жеті тарихи ескерткішті таныс­тырамыз. Біздің еліміздегі мектеп бағ­дарламасында да, жоғары оқу орын­дарында да Бейбарыс туралы тарихи деректер кеңінен оқытылады. Өйт­кені оның елді өркендетудегі ерен ісін жас ұрпақ білуге тиіс», дей­ді Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибра­хим.

Тағы бір мысырлық ғалым, тарих ғылымдарының докторы Абдулла Атийе Абдулхафиздің пікірінше, Сұлтан Бейбарыс – Мысыр жұрт­шылығы үшін қайталанбайтын қай­раткер. Ол мемлекеттің қалыптасу ке­зе­ңінде жетістікке жеткен ірі қай­раткер екенін таныта алды.

«Сол кезеңде суаттар мен мешіт­тердің салынуына ерекше үлес қосқан. Бұл жеңіл іс сияқты болып кө­рінгенімен, мұның астарында елдік мүдде бар. Баһадүр Мы­сыр­ды ірі мемлекетке айналдыру мақ­сатын көздеді. Ол 1266 жылы мәм­лүктердің сәулет өнері үлгісінде әз-Захир Бейбарыс мешітін салуға әмір берген. Сөйтіп, Мысыр тарихына Қыпшақ мәмлүктерінің лайықты орнын тайға таңба басқандай етіп қалдырды. Мысыр мен Шам елінің төрт құбыласы түгел әрі біртұтас мем­лекет болатынына сеніммен қа­рап, мешіттің іргетасын төрт бұ­рыш­ты пішінде қалатқан», дейді Мұ­хам­мед Ахмед Абдел Латиф Ибра­хим.

Филология ғылымдарының докторы Керім Шамшәдиннің дерегіне сүйенсек, Қыпшақ мәмлүктерінің 25 өкілі билеуші болған. Ал шеркеш мәмлүктерінен 26 сұлтан шыққан.

«Мәмлүк» деген сөздің араб ті­ліндегі мағынасы «біреудің ие­лі­гіндегі адам» дегенді білдіреді. Ер­те кезде Еуразия далалық айма­ғынан Мысыр жеріне тағдырдың тәл­кегімен барып қалғандарды «абд мәмлүк» деп атаса керек. Бұл – «ие­ліктегі құл» дегенді білдіретін сөз. Кейін «абд» сөзі тек құлдарға қа­тысты қолданылды. Ал «мәмлүк» сөзі ресми терминге айналып, әске­ри қызметшіге қатысты айтылатын болған. Ортағасырлық араб тарих­шылары «Мәмлүктердің Отаны – Қара теңізден Хазар теңізі арқы­лы Түркістанға дейін созылып жатқан Қыпшақ даласы» деген де­рек қалдырған. Мәмлүктер жайлы айтқанда, тек Мысырмен ғана шек­телмеуіміз керек. Олар үнді жеріне де аяқ басқан. Ал шеркес мәмлүктерін қазақтың шеркеш руымен шатастырмау керек. Себебі олар қыпшақ-түркі тілінде сөйлеген», деген пікірімен бөлісті Керім Шамшәдин.

Ресейлік тарихшы, ғылым докторы Эльмира Сайфетдинованың айтуына қарағанда, Бейбарыс – тарих­шылардың зерттеуіне сұранып тұрған даңқты тұлға. Әсіресе оның билігімен әлемге танылған Мы­сырдың мәмлүк кезеңіне, Алтын Ор­дамен байланысына ерекше назар аударылуға тиіс.

«Сұлтан Бейбарыс билігінің алғашқы жылдары Берке ханның Алтын Орда мемлекетіне жетек­ші­лік еткен кезеңімен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде Бейбарыстың дипло­матиялық қыры байқалды. Ол екі ел арасында достық қарым-қатынас орнатуды қолға алды. Сұлтан Бей­барыс пен Берке хан бір-бірімен хат алмасып отырған. Алғашқы хат алмасу ол таққа отырғаннан кейін 1261 жылы басталған. Бей­ба­рыстың хаты сол жылғы қара­ша­да, ал Берке ханның жауабы 1263 жылы 11 мамырда жазылған. Осын­дай дипломатиялық, достық рәуіш­тегі байланыстың нәти­жесінде Мәм­лүк сұлтандығы мен Алтын Орда мемлекеті арасында одақ құрылды. Бейбарыс пен Беркенің достығының себебі көп. Біріншіден, Мәмлүк билеушісінің Отаны – Ал­тын Орда. Екіншіден, Мысыр сұл­таны Берке ханның саяси және діни көзқарасына қолдау білдірді», деді Эльмира Сайфетдинова.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Атырау облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ