Дулыға Ақмолда ұлттық идеологияға қатысты пікір білдірді
Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда ұлттық идеологияға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Халық әртісі сұхбаттарының бірінде онда өзі тұратын үй жақтағы жекеменшік балабақшада қазақ балаларын көбіне орыс тілінде тәрбиелейтіні қынжылтатынын жеткізді.
“Көктемде, жазда таң атпастан балаларды орыс тілінде жаттығу жасатып жатқан дауыстары естіліп жатады. Тәрбиешілерінің бәрі орысша сөйлейді. “Раз, два, ноги. Раз, два, руки”. Где руки? Давайте, веселые руки!” деп айқайлап жатады. Барсаң, бәрі қазақтың кіп-кішкентай балалары”, – дейді актер.
Осыған күйінген актер соларға “Неге қазақша сөйлемейсіңдер?” деп бірауыз айтпақ түгілі есігіне ешкімді маңайлатпайтынын айтты.
“Көрдіңіз бе, ұлттық идеология деп отырғаным – осы. Осылардың бәрі қадағалануы керек. Бұған заң органдары кірісуі керек шығар. Қазір кімнің немен айналысып жүргенін білмейтін болдық қой. Көшеде біреу таяқ жеп жатса кімге хабарласып, кімді шақыратынымызды да білмей қалдық. Сондай заман болды. Бұдан да өтерміз енді. Тезірек өтсек екен”, – дейді Дулыға Ақмолда.
Актер сондай-ақ осындай мәселелерді қолға алып, кезінде тіл жанашырлары жап-жақсы бастамаларымен шыққанын, алайда Үкімет тарапынан қолдау болмағандықтан, аяқсыз қалғанына да алаңдаушылық білдірді.
“Әрине, қазір де бар күресіп жүргендер. Бірақ олар да бір күні таяқ жейді. Қашанғы елмен алыса береді дейсіз. Сондықтан тіл мәселесін түзеуді балабақшадан бастауымыз керек. Тілді үйретіп қана қоймай, сол тілдің түпкі негізі қайда жатыр, оның мәдениеті мен әдебиеті қайдан басталады, соны біліп өсуі керек”, – дейді халық әртісі Дулыға Ақмолда.