Үкіметте цифрлық жобалар қаралды

0
28

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларында цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруды және «Әлеуметтік әмиян» жобасын пилоттық енгізу арқылы халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді цифрландырудың оң тәжірибесі қаралды.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі білім берудің барлық мекемелеріне олардың талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуге жол ашады, ата-аналарға балабақшаны өз еркімен таңдауға мүмкіндік береді, «білім беру мекемесіне емес, қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарында жобаны сынақтан өткізу туралы хабардар етті. Бұл ретте алдын ала нәтижелер жоспарланған трансформацияның нақты тиімділігін көрсететіні атап өтілді. Мысалы, Таразда бұған дейін бірнеше жыл кезекте тұрған екі жастан асқан 23 мыңнан астам сәби балабақшаларда орынмен қамтамасыз етілді. Бұрын мемлекеттік тапсырыс алмаған 19 қалалық балабақша тізімге енгізілді. Небары 2 айда балаларды қабылдау фактісі бойынша қаржыландыру есебінен 600 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді. Түркістанда жобаны іске асырудың 2 аптасында 740 ваучер берілді, балабақшаларға кезек нөлге дейін азайтылды. Шымкентте де оң нәтижелер бар. Тұтастай алғанда, бүгінде жобаны аталған өңірлердің қалалары мен аудандарында іске қосу жоспарланып отыр, әрі қарай бүкіл еліміз бойынша кеңейтіледі.

«Әлеуметтік әмиян» жобасына емханалар жанында жұмыс істейтін 726 мемлекеттік дәріхана немесе олардың 100%-ы қосылды. 947 мың рецепт өңделіп, берілді, бұл дегеніміз жартысынан көбі. Тиісті санаттағы балаларды тегін тамақтандыру үшін «Әлеуметтік әмиянды» пайдалану Астана, Маңғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының 215 мектебінде жүзеге асырылады. 2025 жылы «Әлеуметтік әмиян» арқылы спорттық және шығармашылық тапсырыстарды, сондай-ақ демалыс лагерьлеріне жолдама бөлу жоспарлануда.

Дәрілік заттарды таңбалау нәтижелерін қарау кезінде Премьер-министрге 5,5 мыңнан астам субъектінің есепке алу жүйелерінің толық интеграциясы туралы баяндалды. Таңбаланған дәрілік заттардың өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін жетуіне автоматтандырылған мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда 88,5 млн дәрілік зат таңбаланған.

Олжас Бектенов цифрландыруды енгізу тіркеуді алып тастауға, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын жұмсауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Өңір әкімдеріне ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ мектептерді «Әлеуметтік әмиянмен» интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықтау қажет. Денсаулық сақтау және қаржы министрліктері «Қазақтелекоммен» бірлесіп — бақылауды күшейтуі және айналымда таңбаланбаған дәрілік заттарды өткізуге жол бермеуі тиіс.

Сондай-ақ салықтық, кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, бюджетті жоспарлау және атқару мәселелеріне назар аударылды. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов цифрлық шешімдерді енгізу және жаңа жобаларды іске қосу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджеттің орындалуын қадағалауға, қаражаттың тиімді жоспарлануы мен жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған «Онлайн бюджеттік мониторинг» жобасын іске асыруда. Егер бұрын тексерулер «қолмен басқару режимінде» жүргізілсе, қазір жүйеде 150 млн-нан астам төлем өңделуде. Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тәуекелді төлемдер бөлігінде алдын алу шараларын талдап, қабылдайды. Осы жұмыс аясында бюджетке 4 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Мемлекеттік мүлікті қайта бөлу және бюджет қаражатын үнемдеу үшін пилоттық режимде Tapsyru сервисі іске қосылды. Платформа ұйымдарға баланстан балансқа беру рәсімін және бірлескен шарттар тетігін одан әрі жеңілдете отырып, талап етілмеген мүліктің бірыңғай тізілімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Topsyru-да 721 қатысушы және 313 мыңнан астам актив тіркелген.

Бұдан басқа, 2025 жылы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерінің жеке кабинеттеріне қол жеткізуге қосатын «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталын іске қосу жоспарлануда. Бірыңғай интерфейс қызметтердің бытыраңқылығы мен деректердің қайталануы мәселесін шешуге бағытталған. Сонымен қатар ол бизнес-жағдайларды басқару және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл үдерістерін едәуір жеңілдетеді.

Премьер-министр цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар көлеңкелі экономикаға қарсы күресте нақты әсер етуі, салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруы, сондай-ақ бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау мен жұмсауды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ведомстволарға барлық жобаны толыққанды әрі сапалы іске қосу бойынша жұмысты жеделдету тапсырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ