Дзюдодан АЧ: Қазақстан құрамасы елге төрт қола медальмен келе жатыр

0
89
Фото: Туризм және спорт министрлігігің Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан XXXII Азия чемпионаты аяқталды.

Чемпионаттың соңғы күні ұлттық құрама аралас командалық сайыста қола медальді жеңіп алды. Жүлде жолында Түркменстанмен болған жекпе-жек 4:2 есебімен Қазақстанның пайдасына шешілді.

Татамиге алғаш шыққан Екатерина Токарева, одан кейін аса ауыр салмақтағы Камила Берліқаш пен Ерасыл Қажыбаев қарсыласының жауырынын жерге тигізді. Осы екі ортада Асқар Арапов пен Бақыт Құсақбаевадан түркменстандық дзюдошы айласын асырып кетті. Шешуші белдесуде 2022 жылғы Азия чемпионы Данияр Шамшаев командамызға жеңіс сыйлады.

Аралас командалық сайыста Жапония финалда Моңғолиядан басым түссе, екінші қола жүлде Өзбекстанға бұйырды. Түркменстан мен Оңтүстік Корея жүлдеге бір табан жетпей қалды.

Осыған дейін жекелей сында Ғалия Тынбаева (-48 келі), Жанарыс Рахметқали (-66 келі), Эсмигуль Куюлова (-63 келі) өз салмағында үшінші орыннан көрінді.

Бүгінгі сайысқа команда медаль аламыз деп шықты. Бәріміз барымызды салдық. Қазір рейтингте ұпай жинау маңызды. Чемпионатты осылай жақсы көңіл-күйде аяқтап жатқанымызға қуаныштымын, – деді Камила Берліқаш Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Азия чемпионы Олимпиада рейтингінде 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған екі дзюдошыға 350 балл қосылды. Қола жүлде үшін күресте жеңілген тағы екі спортшы 250 ұпай иеленеді.

Жекелей сындағы нәтиже өзім ойлағандай болмады. Жеребе сәтсіз болды деп ақталғым келмейді. Мұнда келген соң қарсылас таңдап жатпаймыз. Бүгін команданың медаль алуына көмектескенім үшін қуанып тұрмын. Енді алдағы ірі жарыстарда барымды көрсеткім келеді, – деді Данияр Шамшаев.

Биыл сары құрлық додасына 34 елдің 262 таңдаулы татами шебері жиналды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз