Еңселі ел боламын десек…

0
292

Шекарамыз шегенделіп, еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған уақыттан бастап, өскелең ұрпақты патриотизмге, толеранттылыққа, жоғары мәдениетті нығайту кепілі ретінде құқық пен бостандықты құрметтеуге тәрбиелеу ешуақытта өзектілігін жоймаған. Бұл тек ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыратын дүниелерде мән-маңызын еселендіре түсті. Өйткені Отанын шексіз сүйетін азамат XXI ғасырда бүкіл республиканың келешегін бағдарлайды. Осы ретте баянды болашақтың тірегі әуелі мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен айшықталады.

Алаштың арманынан туған көк байрақ, Елтаңба тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін, 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған-ды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Мемлекеттің өз алдына дербес ел екенін айғақтайтын, қазақ халқының дархандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарға деген құрмет жыл сайын «4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнінде» көрсетіледі. Бұл 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына сәйкей, бекітілген айтулы дата.

Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік рәміздердің құндылығын дәріптеу үшін, Әулиетаудың етегінде мемлекеттік рәміздердің алыңын ашуды тапсырған еді.

– Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз, – деді президент.

Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздер елдігіміздің жарқын көрінісі ғана емес, барша Қазақстан халқын бірлікке ұйыстырып, әрбір азаматты Отан үшін күнделікті қажырлы еңбек етуге және үлкен жетістіктерге үндейтінін айтты.

Расымен еңселі ел боламын десек, адамның бойындағы күш-қуат пен білімді Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жеріне, ана тіліне, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтарды тал бесіктен бойына сіңіре беру керек. Біздің еліміз секілді әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте енді аяқ алып келе жатқан мемлекет үшін де патриотизм идеясының, отансүйгіштік сана-сезімінің қалыптасуы аса маңызды. Бұл – мемлекеттік деңгейдегі міндет екені даусыз.

Осы ретте, патриотизм ұғымы тек атаулы күнде ғана емес, түрлі мемлекеттік бағдарламаларда да, Президент жолдауында да, тіпті тауар өндірісінде көрініс тауып жатады. Оған дәлел елдің экономикасы тығырыққа тіреліп, теңселе бастаған сәтте Үкімет пен жергілікті тауар өндірушілердің «тұтынушылық патриотизм» деген сөзді қолданысқа енгізуі сеп. Осылайша отандық өнімді тұтыну арқылы ішкі нарықты қолдау бірізденіп келеді. Бұл да патриотизмнің бір көрінісі.

Бұған қоса патриотизм спорт саласында ерекше білінеді. Өйткені ат ерлетіп, жерін жауға алдырмаған қазақтың ұрпағы әлемдік додада ел намысы үшін бәсекелеседі. Оған жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық спорттық жарыстарды мысалға кетіруге болады.

Сондай-ақ патриотизм білім-ғылымның да өзегі. Өйткені елді алға сүйрейтін, қай салада болмасын маңызы бар негіз осы. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз шараларды қолға алғанды. Оның бірі жас ғалымдарды ғылымға келуін ынталандыруға бағытталған «500 ғалым» жобасы. Оның игілігін көргендердің бірі жас ғалым – Ержан Керімбаев.

– Зерттеулерімнің барлығы жасанды интеллект, компьютерлік инженерия бағытына қатысты. Дата анализ, мәліметтерді өңдеу саласына қатысты. Сонымен қатар адам жүзін тану, дауыс тану жүйелеріне қатысты зерттеулермен де айналысамын. Мұның барлығы жасанды интеллект пен машиналық оқытумен ақылды оптимизациялық алгоритмдермен, үлкен статистикалық анализдермен, түйіндесетін дүниелер. Қазақстанда бұл сала ғылым бағытында енді ғана дамып келе жатыр. Ал әлемде практикалық қолданыста бұл өте жақсы дамыған. Бізге мұның пайдасы көп. Өйткені өндіріс орындары болсын, жалпы кез келген салада жасанды интеллект пен машиналық оқыту алгоритмдерін пайдалану жиі қолданылады. Қарапайым мысал айтсам, сергек бейнебақылау жүйесі, университеттердегі және өзге де көптеген мекемелердегі адам жүзін тану, мекемеге кіргізу жүйелері. Бұл саланың өте күрделі өндірістерде қолданатын бағыттары бар.  Мен еліміздегі осы саланы одан әрі дамытуды көздеп отырмын. Осылайша мен де Қазақстанның дамуына өз үлесімді қоссам деген ниетім бар, – деді жас ғалым.

Негізі ақпараттық технологиялардың дамуымен ілесе өзгерген көзқарас-пайым тұрғысынан алып қарасақ, жастардың көпшілігі елін көркейтуді ойлайды. Оны әлеуметтік желілерде кеңінен таралған подкасттарда жастардың көтерген өзекті проблемаларынан байқауға болады. Мәселен «Dopesoz», «Derekkoz», «Unknownkazak», «Bas Qosu» сынды You Tube арналарында бейнежазба жүктеп, Қазақстан халқының тарихы, мәдени құндылықтарды түсінідіріп, сауатын ашып жүрген жастар жетеді.

Мәселен ән мен әуенді, би мен өнерді поэзиямен ұштастырған «Tauelxsiz» арт-жобасын алсақ. Онда жастардан құралған команда қазіргі Қазақстанның өзекті проблемарын өнер тілімен түсіндіріп, халықты құлақтандырып, жүкті жұмыла көтеріп, түйінін тарқатып, елді ілгерілетуге итермелеп жүр.

Жоғарыда тізбектеген жастар Отанды сүю білім, ғылыммен сусындап, қажырлы еңбек арқылы іспен дәлелдеу керектігін толық түсінеді. Сондықтан бұл санаттағылар Қазақстанның дамуы үшін теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесін қосатынына кәміл сенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға сенім артатынының басты себебі де осы болар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

  • Президент туризм саласын дамытуды тапсырды


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213