Егер сіз орманда адасып қалсаңыз — құтқарушылардың кеңестері

Қазақстанда жыл сайын адамдар орманда жоғалады. Жасына, дайындық деңгейіне және жергілікті жерді білуіне қарамастан кез келген адам жоғалуы мүмкін. Саңырауқұлақ теру маусымы кезінде мұндай жағдайлардың саны артады. Саңырауқұлақ терушілер ғана емес, орманға серуендеуге барған қарапайым адамдар да жоғалады.
Егер орманда адасып қалсаңыз, тоқтаңыз, сабыр сақтаңыз, қай жақтан келгеніңізді еске түсіріңіз. Айналадағы дыбыстарға құлақ түріңіз: иттің үргені, көліктің дыбысы, трактордың үні – бұлардың бәрі бағдар алуға көмектеседі.
Мүмкіндік болса, 112 нөмірі арқылы құтқару қызметіне хабарласыңыз. Телефондағы геолокацияны қосулы күйде ұстауға және батарея қуатын үнемдеуге тырысыңыз.
Егер көмек күтіп отырсаңыз, сол жерде қалыңыз, от жағыңыз, ән айтып немесе дыбыс шығарып отырыңыз. Бұл құтқарушылардың сізді тезірек байқауына көмектеседі.
Түнейтін болсаңыз, құрғақ жер таңдаңыз, бұтақтардан төсек жасап, жылу мен белгі беру үшін отты сөндірмей ұстаңыз.
Жолды өзіңіз іздейтін болсаңыз, көзге көрінетін бағдарлармен жүріңіз: өзен, электр желісі, жол – бұлардың барлығы адамдар тұратын жерге алып барады.
Жолды қысқартуға тырыспаңыз және бір орында айналмаңыз — әр 100–150 метр сайын көзге бірден түсетін нақты бағдар белгілеңіз.
Сазды жерлерде абай болыңыз: жерге жатып, сырғыңыз, жолдастарыңызға жақын болыңыз.
Әуеден көрінетін ерекше белгілер қалдырыңыз, өзіңізді байқатуға тырысыңыз (ашық жерде бұтақтардан үш крест жасаңыз, SOS жазуын көрнекі етіңіз және т.б.).
Орманға шықпас бұрын міндетті түрде туыстарыңызға жүретін бағытыңыз бен болжамды келу уақытын хабарлаңыз.