Екі ел арасындағы табысты серіктестіктің нәтижесі.

0
188
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына сапары кезінде Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты.

Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашып, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады. Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Содан кейін мемлекет басшысы «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп құрған жаңа инновациялық орталықты ашты.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, аталған орталық «Ақылды темір жол» жобасын іске асыру мақсатында құрылған. Мемлекет басшысына теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер таныстырылды. Жобалар IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компанияларын тарта отырып іске асырылуда.

Бүгінде Қазақстан теміржолы PSA компаниясымен бірлесіп, Транскаспий бағытында тұтас цифрлық дәліз әзірлеп, іске қосты. Жүйе уақытты үнемдейді және тасымалдау процесін барынша ашық, ал Қазақстанды сауда ағындары үшін тартымды етеді. Wabtec компаниясының локомотивтерін тиімді пайдалану жөніндегі пилоттық жобасы іске асырылып жатыр.

Бұлтты шешімдерді, Big Data, Интернет заттар (IoT) және жасанды интеллектіні (AI) пайдалана отырып, «Қазақстан теміржолының» инфрақұрылымы мен қызметтерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Президент көлік-логистика және инновация орталықтарын ашудың маңызды екенін атап өтті.

Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестіктің нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыру мақсатында қабылданып жатқан кешенді шараларды оң бағалады. Бұл ретте мемлекет басшысы шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновациялық шешімдер қабылдаған жөн деп санайды.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Бұл – маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған міндетті іске асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін айтты.

Бұл жұмысқа отандық IT-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде мұндай компаниялар мен мамандар жеткілікті. Әлемдік IT-компаниялармен де тиімді байланыс орнату қажет. Осындай стратегия экономиканың барлық саласында іске асырылуға тиіс, – деді президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.

Сонымен қатар Инновациялық орталықта Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Чжао Сюй, Lianyungang Port Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ян Лонг, Global DTS компаниясының бас директоры Уи Тан Йонг, Wabtec корпорациясының ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша аға вице-президенті Байхан Гохан, «Alan TECH» ЖШС-нің директоры Бауыржан Айтілеу сөз сөйледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ