Елімізде бидай мен суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азаяды

0
59
Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

 – Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы егіншілікті дамытуға ерекше назар аударып отыр.

«2023 жылы егіс науқаны сапалы тұқымдарды пайдалану арқылы оңтайлы мерзімде жүргізілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тыңайтқыштарды уақытылы енгізіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеуді дер кезінде жүргізді. Сонымен қатар, былтыр климат пен өсімдік ауруларының салдарынан егін шығымдылығына теріс әсер етті. Қазақстандағы құрғақшылық мәселесі өткір мәселе болып қалып отыр. Жамбыл облысында құрғақшылық салдарынан 6,3 мың гектар қант қызылшасы егістігі жойылды. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Егін жинаудың басында шаруалар жауын-шашынның көп болуына байланысты қиындықтарға тап болды, бұл астық жинау қарқыны мен астықтың сапасына әсер етті. Жыл соңында барлығы 17,1 миллион тонна дәнді дақылдар бастырылды, оның ішінде 12,1 миллион тоннасы бидай. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 3 млн тоннаға жуық ауыспалы көлемдер де бар», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл тұрғыда ішкі тұтынуды ескере отырып, жиналған өнім ішкі нарыққа қажет мөлшерді қамтамасыз етуге және белгілі бір көлемде экспортқа жөнелтуге жеткілікті болады.

«Министрлік саланың өсуінің негізгі факторларын анықтады. Соның бірі – суармалы егіншілікті дамыту. Қазір ауыл шаруашылығы сумен қамтамасыз етудің негізгі проблемаларына тап болып отыр. Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективалары суды үнемдейтін суару технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты. Бұл өз кезегінде суды пайдалануды азайтуға, сумен және қоректік заттармен мақсатты қамтамасыз ету арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты тауар өндірушілерді суды үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында министрлік жағынан инвестициялық субсидиялау, сондай-ақ фермерлерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі», – деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Қазір негізгі міндет – көктемгі егін егу жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу.

«Бұл үшін министрлік өңірлерге бидай мен суды көп қажет ететін дақылдардың (күріш 6 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға) алқабын қысқартуды және баламалы жоғары рентабельді дақылдарды (майлы, көкөніс-бақша, жем-шөп және т.б.) кеңейтуді көздейтін егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі индикативтерді таратты», – делінген министрлік мәліметінде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ