Елордада отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған іс-шара өтті

0
59

Қазақстанда 2013 жылдан бастап қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Биыл бұл күн 8 қыркүйекке түсіп тұр. Қоғамның маңызды институты отбасы құндылықтарын дәріптейтін іс-шаралар еліміз бен елордада көптеп өткізілді. Солардың бірі «Отбасылық құндылықтарды дәріптеу» тақырыбындағы жиын Астанадағы Полиция департаментінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жиын модераторы Астана қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Әділбеков қоғамда отбасы әрқашан рухани және мәдени дәстүрдің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болғанын және солай болып қала беретінін жеткізді.

“Отбасы күні біздің қоғамда руханилықты, өнегені нығайтуға, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – өскелең ұрпақтың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасылық құндылықтарды, көпбалалықты насихаттау — мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары 6 миллионнан аса қазақстандық дүние есігін ашты. Ал ел азаматтарының жалпы саны 19 миллионнан асты. Бұл Қазақстандағы отбасылық-демографиялық саясаттың дұрыстығының, халқымыздың әл-ауқатының артқандығының айғағы”, — деді ол.

Астана қаласы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан болашақ жар, ана болатын қыздарымыздың тәрбиесіне мұқият қарау керектігін айтты.

“Былтырдан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы біраз іс-шаралар қолға алынды, заң тарапынан да оң өзгерістер болды. Соларды іске асыратын азаматтар ретінде сіздерге қыз баланың қоғамдағы орны туралы айтқым келеді. Біздің ата-бабаларымыз баланың тәрбиесіне өте мұқият қараған. Осы ретте баршаңызды жұмыстың қауырттығына қарамастан балаларыңызға дұрыс көңіл бөлуіңізді сұраймын, еліміздің абыройы мен отбасы ұйытқысы болатын қаракөз қыздарыңыз бен қарындастарыңызға қамқор болып, тәрбиесіне мән берсеңіздер”, — деді Н. Мақжан.

Сонымен қатар, Астана әкімдігі жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі, «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, «Әкелер одағы» бірлестігі Астана қалалық филиалының бастығы Бекдайыр Күзембай қоғамдағы, жалпы отбасындағы әкелердің рөліне тоқталды.

Жиында “Сенімен Болашақ” РҚБ өкілі Индира Тоқмурзина да сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының қоғамды толғандырған сұрақтарына жауап берді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз