Елсияр Қанағатов: Канвон Олимпиадасының жүлдегерлері мемлекеттік сыйақыдан құр қалмайды

0
126
Фото: Kazinform

КАНВОН. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы да бел ортасына жақындап қалды. Бүгінге дейін Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 қола медаль алып үлгерді. Осы орайда KAZINFORM тілшісіне Оңтүстік Кореядан Канвон-2024 миссиясының жетекшісі, Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов арнайы эксклюзив сұхбат беріп, қысқы спорт төңірегіндегі мәселерді, жасөспірім Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін сыйақылар, Олимпиадалық штаптың атқарып жатқан міндеттері туралы баяндап берді.

– Елсияр Баймұхаметұлы, Канвон Олимпиадасы қалай өтіп жатыр?

– Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айтуға болады. Осы үлкен кешенді жарысқа 78 мемлекеттен ойыншылар келген. Қазақстан осы Олимпиада ойындарына 41 спортшысын үкілеп бәйгеге қосып жатқан жайы бар. Қазірге дейін қоржынымызда 1 алтын, 1 қола медаль бар. Сонымен бірге спортшыларымыз арасынан 5, 6, 7, 10-орындардан көрініп жатқан ойыншыларымыз да бар. Менің ойымша бұл да жаман көрсеткіш емес.

Біздің штап өз тарапынан спортшыларға да, жаттықтырушыларға да барлық жағдай жасап жатыр. Күнделікті спортшыларымыздың жағдайын қадағалап, дәрігерлік көмек, уақытылы тамақтану, жарыстарға кедергісіз өз уақытында барып қатыстыру, жарыстардан кейін кешіктірмей жатақханаларға алып қайту, уақытында демалдыру,  барлығы біздің жіті қадағалауымызда.

Сондай-ақ әр күні жарыс аяқталғаннан кейін жаттықтырушылармен сол күнгі жарыстарды талқылап, таразылап, қай жерден қандай олқылықтар болғанын кеңесіп, келесі күнге жоспар құрамыз. Егер бір олқылық болған жағдайда соның орынын толтыруға күш саламыз.

Бұл жасөспірімдер Олимпиадасы болғандықтан тек жарыстар ғана емес, басқа да көптеген мәдени іс-шара болып жатыр. Біз бұл жағын да қалыс қалдырмай, сондай шараларға жастарымызды қатыстырып, әр елден келген балалар арасында өзара тәжірибе алмасып, бір-бірімен жақсы қарым-қатынас, түсіністік орнатуға күш-жігерімізді саламыз.

– Жарыстардың әділдігіне спорт маманы ретінде қандай баға бересіз?

– Олимпиада ойындары өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Төрешілердің әділдігіне ешқандай күмәніміз жоқ. Қазірге дейін спортшыларымыздың арасынан да, жаттықтырушылар арасынан да төрешілерге ешқандай шағым болған емес. Сондықтан дода әділ өтіп жатыр деп сеніммен айтуға болады.

Елсияр Қанағатов
Фото: Kazinform

– Қазір қоржынымызда 1 алтын, 1 қола медаль бар. Тағы қандай спорт түрлерінен медаль болып қалуы мүмкін?

– Бұл жасөспірімдер Олимпиадасы аяқталуға әлі аптадан астам уақыт бар. Алда өзге де спортшыларымыз бақ сынайтын жарыстар күтіп тұр. Сондықтан біздің спортшылар әлі де жүлдеге таласа алады деген сенімдеміз. Мысалы, хоккей, шорт-трек, фристаил-могулдан жақсы нәтиже күтеміз.

– Канвондағы жастарымыздың қазіргі жетістіктеріне қарап, «болашақ чемпиондар тәрбиелеп жатырмыз» деп сеніммен айта аламыз ба? 

– Әзірге қоржынымызға түскен 1 алтын, 1 қола жүлдеге қарап, еліміздің барлық облысында қысқы спорт түрі керемет дамып кетті деп айтуға болмас. Бізде әсіресе шалғай мекендерде, аудандық, ауылдық жерлерді былай қойғанда кейбір облыс орталықтарының өзінде қысқы спорт мектептерінің саны өте аз. Балаларды жаттықтыратын жаттықтырушылардың жалақысы да төмен. Қазір Туризм және Спорт министрлігі бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Менің ойымша, елімізде қысқы спортты жақсы дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Біз, өздеріңіз білесіздер 2011 жылы Алматы, Астана қалаларында Қысқы Азиада ойындарын, одан кейін Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыра білдік. Осы жарыстарды қабылдау аясында Алматы мен Астана қалаларында көптеген қысқы спорт алаңдары, жаттығу орталықтары салынды. Ал өзге өңірлерде ондай орталықтар кемшіл болып отыр. Әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытатын мектептер маңында сондай орталықтар болуы керек. Әр облыста дайындалатын орталықтар болса, біздің бұқаралық спорт та, қысқы спорт та қазіргіден де жақсы дамыған болар еді. Әлі де кеш емес, алдағы уақытта бұ мәселенің барлығы шешімін табады деген үміттеміз.

– Елімізде жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қандай сыйақы тағайындалған?

– Елімізде кез-келген әлемдік додаларда топ жарған спортшыларға нақтылы белгіленген қаржылай сыйақы бар. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де мемлекеттік сыйақыдан құр қалмайды.

Атап айтсам, чемпион болған спортшыға 10 мың АҚШ доллары, бапкеріне 5 мың АҚШ доллары, екінші орын алған жүлдегерге 5 мың, бапкеріне 3 мың АҚШ доллары беріледі. Ал үздік үштіктен көрінген спортшыларымыз 3 мың АҚШ долларын иеленсе, бапкеріне 2 мың доллар беріледі.

Сонымен қаратр жеңімпаз спортшыларға әрбір федерациялар, әрбір жергілікті әкімдіктер өздері шешім қабылдап, әртүрлі бағытта, марапаттауға рұхсат етілген. Сондықтан, жеңімпаз атанып, елімізді, өз туған ауылымызды, өңірімізді қуантып жатса, ешкім сол спортшыны жерге қаратпайтыны анық. Бізде жетістікке жеткен спортшыларды марапатту жақсы дәстүрі бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ