Енді шетелдіктер үшін Айя-София мешітіне кіру ақылы болады

0
46
Фото: www.bbc.com

15 қаңтардан бастап Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Айя-София мешітіне шетелдік туристер үшін кіру ақылы болады. Бұл туралы Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform NTV-ға сілтеме жасап.

Министрліктің мәлімдемесіне сәйкес, Мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой бастаған Айя-София мешітіндегі қалпына келтіру және консервациялау жұмыстары аясында келушілер үшін дайындалған 3-галереядағы Ахмет субұрқағының алдында орналасқан билет кассасы жұмыс істейді. Сондай-ақ шетелдік туристер үшін Айя-Софияға келу үшін мешітке жеке есік болады. Тур маршрутының бойында қауіпсіздік камералары, өрт хабарлау құрылғылары және апаттық хабарландыру жүйелері орнатылған.

Ақпаратқа сәйкес, Айя-Софияға барғысы келетін шетелдік туристер 25 еуро (шамамен 12 370 теңге) төлейді.

Министрлік мұндай шешімге 2023 жылдың қазан айында келген. 2020 жылдың шілдесінде Түрік Мемлекеттік кеңесі Мұстафа Кемал Ататүріктің Ыстамбұлдағы Айя-Софияны мұражайға айналдыру туралы 1934 жылғы жарлығының күшін жойды. Осыдан кейін бұл кешеннің мешіт ретінде пайдаланылатыны белгілі болды.

Айя-София мешітке айналғанға дейін оған кіру тегін болды. Түркия президенті нысанның мәртебесін мұражайдан мешітке ауыстыратын болса, жыл сайын 3 миллионнан астам адам келетін бұл кешенге кіру барлығына тегін болады деп уәде еткен.

Анықтама үшін: Бұл ғибадатхананы 360-жылы Византия императоры Константин II салған. Ол ағаштан салынғандықтан 404-жылы өртеніп кеткен. Сол жылы ғибадатхана алғаш рет жөндеуден өтті. Мешіттің қазіргі ғимараты 532-537 жылдары Византия императоры Юстиниан І-нің бұйрығымен салынған. Оның құрылысы 5 жыл 10 айға созылған. Онда 10 мыңнан астам құрылысшы еңбек еткен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ