Еренғайып Қуатайұлы – алты мэйжор жүгірген журналист
Фото: facebook.com/yerengaiyp.quataiuly
Ол Нью-Йорк марафонында мәреге 2 сағат 52 минутта жетті
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында алтыншы мэйжор марафон болды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген желаяқтармен бірге журналист Еренғайып Қуатайұлы да қатысты.
Осы жарыста ол алты мэйжор марафонды sub 3, яғни үш сағат ішінде жүгірген алғашқы қазақстандық атанды.
Алты мэйжор марафон дегеніміз – Бостон, Чикаго, Нью-Йорк, Лондон, Берлин және Токио марафондары. Әлемде ең танымал, талабы да биік марафон. Саб 3 деген – ағылшынның sub 3 дегені. Яғни, ол – 3 сағаттан асырмай, финишке жету деген сөз.
Өткен жылы сәуірде басталған алты мэйжор жорығы осымен тәмам. Америка Құрама Штаттарында бастау алған 6 аламан 1,5 жылдан кейін АҚШ-та өз мәресіне жетті. 6 majors & sub 3 жоспарым сәтті іске асты. Алты мэйжор марафон (Бостон, Чикаго, Нью-Йорк, Лондон, Берлин және Токио) жүгірген сегізінші қазақстандық бақыты бұйырыпты. Дегенмен нәтиже бойынша барлық 6 мэйжор марафонды sub 3, яки 3 сағат ішінде жүгірген алғашқы қазақстандық екенім 6 мэйжорға үмітті жерлестеріме жұғысты болсын! – деді журналист.
Оның айтуынша, Нью-Йорк марафоны оңай болмаған.
Ай бұрын бар күшімізді Берлинге беріп келген бізге өрі мен көпірі көп Нью-Йорк оңай болмады… 51 мың марафоншыны таң алагеуімде Статен-Айленд аралына арнайы автобуспен алып келді. Атақты Верразано көпірі аузы-мұрнына толды. Статен-Айленд, Бруклин, Куинс, Бронкс, Манхэттен сынды бес қалашықты азан-қазан қылған марафоншылар орталық саябаққа келіп бір-ақ тізгін тартты. Оқ атылысымен жолымыз бірден өрге ұласты. Верразано көпірін өрлей жүгірдік. Нью-Йорктың ең ұзын көпірі ентіктіріп, бетті қайтарғысы келетіндей. Бұл жолы эмоцияны емес, тактиканы таңдағаным қандай жақсы болған… Дүбірге ілеспедім. Дүрмекке ермедім. Аптықпай, алыпұшпай, баппен, байсалды бастадым.
Публиканың қолдауын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Нью-Йорк көшесінде жаппай шоу болып жатыр. Биші де, әнші де, оркестр де осында. Концерт тамашалап, 32 шақырым қалай артта қалғанын байқамай да қалыппын. Қалған 10 км он түрлі ойға бөлеп, санаға сан түрлі ой сыйлады! 2:52 нәтижесімен финишке жеттім! Әрине, бұл менің рекордым емес, бірақ нәтижеге көңіл толады. Әлбетте бір жылда төрт марафон жүгіру физикалық тұрғыда ауыр. Адам ат емес. Аттың өзі зорығады. Аз күн тынығып алып, кроссовкиді қайта киетініміз анық, – деді марафоншы.
Осы ретте Еренғайып Қуатайұлы жаттықтырушысы Михаил Красиловқа, өзіне қолдау көрсеткен Young runner клубы мен барлық жақындары мен дос-жарандарына алғыс айтты.
Мені қолдап, Америкаға арнайы келген қазақтың классик жазушысы Нұржан Қуантайұлы ағама мың алғыс!
Клубтасым Сергей Апенконы алты мэйжорды сәтті аяқтағанымен және Нью-Йорк марафонында 60-64 жас категориясы бойынша жүлделі бірінші орынымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — мен үшін, біздің клуб үшін ғана емес тұтас Қазақстан үшін зор мақтаныш!, – деді ол.
Сонымен марафоншының айтуынша, биылғы жүгіру маусымы аяқталды. Енді оны тағы 2024 жылда қайталанбас эмоцияға толы сәттер күтіп тұр.
Еске салсақ, журналист Еренғайып Қуатайұлы Бостон марафонында мәреге 2 сағат 58 секундта жеткен. Одан кейін Токиода 2:54, Лондонда 2:53, Чикагода 2:51, Берлинде 2:50 нәтиже көрсеткен. Енді міне, Нью-Йоркте болған марафонда финишке 2 сағат 52 миунтта жетті. Сөйтіп, ол алты мэйжор марафонды sub 3, яғни үш сағат ішінде жүгірген алғашқы қазақстандық атанды.
Біз елде шығармашылық пен шаруашылықты қатар алып жүрген кәсіпкер әріптесімізге алдағы уақытта да сүйіншілейтін жаңалықтары көп болсын деп тілейміз!