Еренғайып Қуатайұлы: Намиб шөлін кесіп өту жеңіл болған жоқ
Марафоншылар үшін әлемде таңдаулы дода саналатын алты мэйжор марафон бар: Бостон, Чикаго, Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Токио. Осы әйгілі алты мэйжор марафонға 9 отандасымыз қатысқан. Бірақ солардың арасында алты бірдей аламанның әрбірін 3 сағат ішінде (sub 3) жүгіріп өткен алғашқы желаяқ – Еренғайып Қуатайұлы. Қалалық марафондар ғана емес, шөлдегі жүгіруден де олжа салып жүрген журналист-марафоншымен дидарласудың орайы туған еді. Жуырда ультра марафоншы Намибия еліндегі Намиб шөлін басып, алты күнде 250 шақырымды өндіріп қайтты. Ендігі межесі – Сиднейде өтетін 42 шақырымдық әлем чемпионатына қатысу.
– Жуырда Африка құрлығында өткен дала марафонына Қазақстаннан тұңғыш болып қатысып, көмбеге бесінші болып жеттіңіз. Осы аламан туралы тарқатып айтсаңыз.
– Африкадағы мәртебелі бәйге саналатын бұл дода – «Төрт шөл» ультра марафонының бірі. Орталығы АҚШ-та орналасқан спорт ұжымы өткізеді. Бұлар 20 жылдан бері шөлде тұрақты түрде ультра марафон ұйымдастырып келеді. Осы жылдар бедерінде елімізден ешкім қатыспаған екен. Киімдегі көк туымызды көргенде «Қай құрлықтағы ел?» деп таңырқайды. «Бұл – Қазақстан, Орталық Азиядағы мемлекет» деп таныстырамын. Оңтүстік Африканың Намиб шөліндегі ультра марафон алты күнге ұласты. Күніне 40 шақырым жүгіріп, содан соң ғана дамылдауға тоқтаймыз. Бесінші күні 80 шақырымға жүгірдік. Алтыншы күні демалыс болды. Соңғы жетінші күні 10 шақырымды өндірдік. Әлемнің 47 елінен ұзын-ырғасы 147 ультра марафоншы қатысып, 250 шақырымды бір аптада жүгіріп өттік.
– 250 шақырым аз қашықтық емес. Ультра марафоншының бәрі де мәреге жете алды ма?
– 22 қатысушы жол ортада шалдығып, жарыстан шығып қалды. Аңқаңды кептіріп, ми қайнатар аптап ыстықта, табаныңнан ыстығы өтетін құм үстінде жүгіру барлығымызға да жеңіл соққан жоқ. Сайыстың алғашқы күні + 30 градусқа дейін көтерілген ыстық екінші күні + 43 градусты көрсетті. Үшінші күні + 57 градусқа жеткенде жанымызды қоярға жер таппай кеттік. Қу медиен дала, сая болар ағаш таппайсыз. Көпшілігі осы үшінші күні шыдамады. Одан кейін ыстықтың беті қайтып, күн салқындады. Қоңырсалқын болды дегеннің өзінде + 40 градустан төмендеген жоқ.
Намиб шөлі біздің дәуірімізге дейінгі 500 миллион жыл бұрын пайда болған деседі. Тарихы тым тереңге бойлаған, баурына бар құпиясын бүккен шөлдің баурайынан тіршілік атаулыдан кесіртке, қарақұртты ғана кезіктірдім. Басқа жүгірген аң, ұшқан құс көзіме шалынбады.
– Тәуекелге барып, ультра марафонға қатысуға бел буғанда алдыңғы лектен көрінсем дегенді мақсат еттіңіз бе?
– Әу баста жарыстан шығып қалмасам екен деп тіледім. Себебі білмейтін жердің ой-шұңқыры көп қашанда. Алғаш рет Африка шөлінде жүгіремін. Бірақ бірінші күні 40 шақырымды өндіргенде сенімділік оты тұтанды. Қалайда алдыңғы лектен көріну керек деп іштей бекіндім. Көмбеге 147 ультра марафоншының ішінен бесінші болып жеттім. Қатысушылар арасында африкалықтар, жапондар, еуропалықтар көбірек бой көрсетті. Орталық Азия елдерінен келмеді, тек Ресейден бір қатысушы бағын сынады.
Төрт шөл марафоны осы Намиб, Чилидегі Атакама, Моңғолиядағы Қобы (Гоби), Антарктидада ұйымдастырылады. Өзі қызық, Намибте 57 градусқа дейін ыстықта жүгірсең, Антарктидада керісінше қақаған саршұнақ аязда марафонға қатысасың.
Адамның ішкі ерік-жігерін, қажыр-қайратын сынайтын марафонда ішіп-жейтін тамағың мен көрпе-жастығыңды сөмкеңе теңдеп, арқаңа бөктеріп алып жүгіресің. Жол дорбаңның ішінде жеті күнге жететін тамағың мен киім-кешек, көрпенің салмағы 10 килодан асып кетеді.
– Марафонға қатысуға қанша шығын кетті? Сізге атымтай-жомарт азаматтар демеушілік көрсете ме?
– Жоқ, өзімнің қаржыммен қатысып жүрмін. Жүгіру – менің хоббиім. Намиб шөліндегі марафон әлемдегі ең қымбат ультра марафонның бірі саналады. Жол шығыныңды қоспағанда тек қатысу үшін 4 200 АҚШ долларын жарнаға (слот) құясың.
2022 жылы Бостон марафонынан бастап, сол жылдың күзінде Чикаго марафонына да жүгірдім. 2023 жылы төрт мэйжор марафонға қатыстым. Алты мэйжорда жүгірген елімізде әзірге 9 марафоншы бар екен.
– Өзіңіз айтқан әлемдік мэйжорлар спорттық туризмді дамытуға септігін тигізе ме?
– Әрине, мысалы мұндай дүниежүзілік марафонға 50 мың адам қатысады. Олармен бірге кейбірінің туысы, танысы, отбасы деген секілді қолдаушылары да еріп барады. Туризм – табыс түсірудің тетігі. Келген әрбір адам сол елге қаржысын қалдырып кетпей ме? Ішкен тамағынан тартып, ат байлаған қонақүйге түнегені үшін де қомақты қаражат төлейді. Мұны қалай спорттық туризм дей алмайсыз? Марафонда қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, келісті көшелерімен жүгіртудегі басты мақсат – туризмді дамыту. Марафонның негізгі арқалайтын аманаты – қайырымдылық жасау. Сондықтан да ең арзан деген әлемдік марафондарға қатысу жарнасы квалификация бойынша 300 АҚШ долларынан басталады. Қайырымдылық қорлары немесе арнайы тур операторлары арқылы 1000–5000 еуро төлеп қатыса аласың. Марафоншы турист қана емес, қайырымды іспен шұғылданушы, ізгілікті насихаттаушы десем, асылық болмас. Олар осындай игі ісімен де қоғамды тәрбиелейді. Адам жүгіргенде бойындағы шаттық гармоны бөлінеді, көңіл күйі көтеріңкі болып, айналасына шуағын шашып жүреді. Қан айналымы жақсарып, ауру-сырқауға шалдыға бермейді. Ерік-жігердің арпалысында пенде өзінің нәпсісін тыйып, жалқаулығын жеңе алуы өте қиын. Міне, осы қиындықтан өте алған адам ғана өзінің шексіз мүмкіндігін игі істерге, жақсылыққа пайдаланады.
– Жүгіру мәдениетін, денсаулыққа пайдасын қоғам қаншалықты түйсінеді деп пайымдайсыз?
– Жетпіс түрлі аурудың алдын алатын жүгіру спортын біздің қоғам жаппай қолдап, шұғылданады дей алмаймын. Десе де Алматы мен Астана қаласында жалпыхалықтық жүгіру марафоны жүйелі жолға қойылып, қарқынды дамып келеді. Марафонға баулитын спорттық орталық, клубтар ашылып жатыр. Жаңа марафонды қоғам жаппай қабылдай қойған жоқ дегенді бекер айтқан жоқпын. Көпшіліктің марафон мәдениетін тереңдей ұғына қоймайтыны қынжылтады. Көшеде жүгіріп бара жатсаң көліктегілер кіжініп жолыма бөгесін болдың дегенді байқатып сигнал басып кетеді. Ал Еуропада, АҚШ-та керісінше. Мысалы, Чикагода өткен марафонға 40 мың адам қатысса, 1 миллион 700 мың жанкүйер көше бойында жалауын ұстап жанашырлықпен қолдау көрсетті. Содан соң бұл елдерде министрге дейін көпшілікпен бірге жүгіріп марафонға қатысады. Басшының өзі маңдайын терлеткенде қосшылары да ұялғанынан сапқа қосылады. Бізде марафонға тек спортшылар ғана қатысады деген қасаң қағида бар. 21 күн қатарынан жүгіріп жаттығу жасасаң, әрі қарай әдетіңе айналады. Токио марафонына қатысқанда мені 80-ге таяған қариялардың өзі 42 шақырымдық марафонға қосылғаны таңдандырды. Саламатты өмір салтын қалыптастыруды тек сөзбен емес, іспен дәлелдегенде ғана бұқаралық спорт еңсесін көтереді.
– Келешектің еншісінде қандай додаға түссем дейсіз? Марафоншы атануға тартқан нендей күш?
– Шөлді, шөлейтті аймақтарда өтетін экстремалды марафонға қатысудың әсері мүлдем бөлек екен. Келер жылы да түрлі ультра марафонға қосылуға бел байлап отырмын. Намиб шөліндегі марафонның 200 шақырымын өндіргенде ішкі арпалыс, аласапыранда тоқтатсам деген де ой келді. Күн ыстықта ішетін суың да таусылып, ми қайнатар аптапта ындының кеуіп отырғанда қолыңды бір сілтегің де келеді. Бірақ ерік-жігерің мен нәпсің таразыға тартылып арбасқанда қайратың басым түсіп, жүгіруді жалғастырасың. Өйткені осындай тәуекелге саналы түрде барған соң, жол ортадан кері қайтуға болмайды. Бала күнімнен жүгіруге әуестігім артты. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қарайтын Сақсай деген ауылда туып-өстім. Бала күнімізде аулымызда баланың тұсауын кесерде үлкендер қара сирақтарды жинап қара жарыс өткізеді. Кім алдымен дара келеді, соған сыйын да береді, баланың да тұсауын жеңімпаз желаяққа кестіреді. Жеткіншек шағымда желаяқтығымның арқасында бірнеше баланың тұсауын кестім. Марафонмен тұрақты шұғылдануды 40 жастан асқанда мықтап қолға алдым. «Ауру астан» дегенді қазақ тегін айтпаған. Алдымен дұрыс тамақтануды жолға қойып, жаттығуды үзбей жасап, бір жарым жылда 30 кило артық салмақтан арылдым.
– Сіз журналиссіз, әлемдік деңгейдегі марафондарға қатысқанда айналаңыздан нендей ой түйіп қайтасыз?
– Токио марафонында тазалықтың шыңын көргендей әсер алдым. Адамдардың бір-біріне деген құрметі, сыйластығы ерекше. Көшеде көлденең шырпы жатпайды. Мектептен шыққан балалар бір-біріне иіліп ізет көрсетіп тарқасып жатыр. 38 миллион халық тұратын қаланың тазалығына таңдай қағасың. АҚШ-тың қалаларында өткен марафонда адамдардың бір-біріне деген бауырлық ізетін сезіндім. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегенін америкалықтар ұстана ма деп ойлайсың. Марафоншыларға да ерекше құрмет танытады.
– Күзде Сиднейде өтетін әлем чемпионатына қатысуға әзірлікті бастадыңыз ба?
– Иә, Сидней марафоны әлемнің жетінші мэйжоры атануға зор күш салып жатыр. Дүниежүзілік марафоншылар қауымдастығына хат та жолдап, бар мүмкіндікті қарастырып отыр. Осы додаға қатысуға шақырту алдым. Енді дайындықты күшейтіп келеміз. Күнде таңғы алтыда жаттығуды бастаймын, 10–15 шақырым тұрақты жүгіремін.
– Әңгімеңізге рахмет, қажыр-қайратыңыз арта берсін.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»