Ерте қамданғанның есесі кетпейді

0
215

Жыл сайын өзен жағалай қонған жалпақ елдің көңілін май ішкендей кілкітетін жай – көктемгі су тасқыны. Кейінгі жылдары бірнеше мәрте су тасқыны болды. Қаншама адам зардап шекті. Сол оқыс оқиғаларды ой елегінен өткізіп, таразы басына тартсаңыз, табиғаттың тақсіретінен аман болу үшін тыңғылықты дайындық керек екен.

Биыл осы бір қауіпті кезеңнің алдын алып, тасқынға тосқауыл қою бағы­тында біршама дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы арада айта кететін бір жай, өткен жылдың жазы мен күзінде елді мекендерде инженерлік қорғау іс-шаралары түзілген жоспар аясында өзен жағалай қонған 65 елді мекенде жұмыс жүргізіліпті. Бес ша­қы­рымнан артық өзен арналары та­зар­тылған. Әдетте, қамыс пен құрақ, әрқилы су өсімдіктері шіріп, өзен таба­­нына шөгіп қалады. Баттасқан лай­­дың беріктігі сондай, ағын су да алып кете алмайды. Қызыл су жүрген кез­­де көп-көрім бөгесін. Соның салдарынан кеп­­теліс пайда болып, қар суымен мо­лық­­қан арынды өзен жағалауға шы­ғып кетеді. Міне, осындай жайды болдырмау үшін қоңыр күзде өзен табанын тазалаған ләзім. Ендігі бір қауіпті тұс – дала өзендерінің кілт бұрылысы. Жер бітіміне орай сайын дала төсінде өзін­­ше өрнек салатын өзендердің мұн­дай қалтарыс-бұлтарысы аз емес. Өткен жылғы атқарылған жұмысқа қара­ған­да, дәл осындай кілт бұрылып, кідіріс жа­сайтын қауіпті тұстың 24 шақыры­мы тазартылған екен. Сәл жатаған жа­ғалаулар да биіктетіліп, топырақ төгіліп, нығайтылған. 34 су өткізу құ­рыл­ғысы жабдықталған. Жыл сайын ерте көктемде арнасынан асып-тасып жататын, ашуы қатты Жабай өзені­нің бірсыпыра жағалауы бекітілген.

Өңірде су тасқыны болуы мүмкін 128 елді мекен бар. Әрине, бұл есеп осы елді мекеннің барлық жерінде су тасқыны болады деген болжам емес. Мамандардың есептеуі ықтимал дүние. Арнайы әдіс­теме бойынша жасалған сараптама. Өт­кен жылдары жар жағасындағы елді ме­кендерді жазатайым су басса, келер жылы да дәл осындай қауіптің болуы мүмкін деген жорамал жасалады екен. Мәселен, бұл тізімде сонау 1970 жылдарында су тас­қыны орын алған кейбір елді мекендер де бар. Инженерлік қорғау жоспары аясында атқарылатын іс-шаралар бірқатар елді ме­кендерде су басу қаупін сейілткен сы­ңайлы.

Қауіпті болып есептелетін елді мекендерде 13 мыңнан аса тұрғын бар. Айтып келетін апаттың зардабын ескерген тиіс­ті орындар қазірдің өзінде дайындық жұ­мыстарын ширатып отыр. Мәселен, 2023 жылға арналған қор өткен жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға өскен. Өңірдің аудандары мен қалаларында төтенше резервтер мен шұғыл шығындар да қарастырылып жатыр. Бұл орайда да мөлшер өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Яғни 920 млн теңгеге тең. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы бойынша 218 млн теңге бағытталған.

Елді мекендерде тағы бір түйткіл мәселе – қыс бойы жауған қасат қарды уақ­тылы тазалау. Шалғайдағы шағын ауылдарда суағардың жоқтығына байланысты қырдан құлдилаған қызыл су көл-көсір топанға айналып, жыл сайын қиындық тудырып жатады. Мамандардың айтуына қарағанда, қар суын игілікке айналдырудың да жолы бар. Айталық, табиғи су жолдарын бұрып, ойпаң жердегі көлшікке жинақтаса. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта малсақ қауым төрт түлік малын осы көлшіктен суарса да олжа емес пе? Бұрнағы жылы сулы-нулы деген Зеренді, Сандықтау аудандарының мал сүмесімен күн көріп отырған тұр­ғындары жаз айлары құрғақшылық әрі ересен ыстық болған кезде суат таба ал­­май қиналды. Ал көктемдегі қар суы сай-саланы қуалап, айдалаға ағып кеткен. Көнекөз қариялардың пікірінше, судың ысырап болуының тағы бір себебі бар. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдары сүдігер жырта бермейді. Көктемде алқаптың үсті тастай болып қатып жатады да, еріген қар суы топыраққа сіңбейді. Міне, барды бағалай алмай отырған шаруаның қиюы қашатын жері – осы. Оның үстіне елді мекендерден шығарылған тау-теңіз қар су көздерінен алысқа тасымалданады. Егер жақын төгілсе, қызыл судың өзін ырысқа айналдырар едік. Биыл елді мекендердегі қарды тазалауға 1,3 млрд теңге бөлініп отыр. Осы қомақты қаражатты тиімді пайдалансақ, ауыл халқы бағымдағы малын суарудың шешімін табар еді. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді еріген қар суы басып қалмас үшін қазірдің өзінде 255 мың текше метр қар шығарылды деген ақпарат беріп отыр. Алда ақпан мен наурыздың қарлы борандары бар. Ауа райын болжайтын бюроның хабарлауына қарағанда, өңірдің кейбір аудандарында бір метрге жуық қар түскен. Әрине, барлық жерде біркелкі емес, орман-тоғайлы алқаптарда қар жылдағыдан қалың.

Төтенше жағдай департаментіне су тасқынына қарсы тиесілі шараларды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 131,5 млн теңге қаражат бөлінген. Осы қаражатқа өзен арналарында сең кептеліп, судың ағуына бөгет болмауы үшін жарылыс жұмыстарын ұйымдастырады. Қар көбесі сөгіліп, қызыл су ағар алдында ғарыштан мониторинг жүргізеді. 154 тонна жанар-жағар май жинақталған, 15,6 мың тонна инертті материалдар дайындалған, 63,2 мың қапшық әзір. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де өрістетіле түседі. Өңірдегі өзендердің аса қауіпті учаскелерінде су деңгейін уақытылы анықтап отыру үшін 92 қосымша бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік жүр­гізілмек. Облыста 2,5 мың адамнан 1 100 техникадан тұратын арнайы топ дайын тұр. Олар мотопомпалармен, жүзу құрал­дарымен қамтамасыз етілген. Әр жердегі жасақталған топтардың дайындығын тексеру наурыз айында жүргізілмек.

Жер-жерде тәп-тәуір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан сыңайлы. Мәселен, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Целиноград ауданының өңі­рінен ағып өтетін Нұра өзенінің бойын­дағы кейбір жағалауларды нығайту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Қазіргі таңда Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің мәліметіне қарағанда, республикалық бюджеттен 269 млн теңге қаражат бөлу межеленіп отыр.

Облыстық табиғи ресурстар және та­биғатты пайдалануды реттеу басқар­масының «Табиғат қорғау іс-шаралары» бағдарламасына сәйкес 2021-2026 жылдар аралығында Көкшетау қаласының аумағында Қылшақты өзенін абаттандыру және тазарту жұмыстары жоспарланып жатыр. Бұл да – өте қажетті іс. Кейінгі жылдары қылдай ғана Қылшақтының өзі көктем сайын бір буырқанып алады. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлер­дің жертөлелерін басып, жер үйлер­дің аулаларына да кіріп кететін оқыс оқиғалар орын алып тұрады. Жоба бес учас­кеге бөлінген екен. Олардың әр­қай­сысы – жыл сайын қауіп төндіретін жерлер.

Көктемгі су тасқыны кезінде шал­ғайдағы елді мекендердің жолын су басып, қатынастың үзіліп қалуы да ара­кідік кездеседі. Мәселен, әр жыл сайын Колутон өзенінде судың ересен молаюы салдарынан Ягодное ауылы маңындағы жергілікті маңыздағы автожол жабылып, қарым-қатынас жарты айға дейін үзіліп қалатын жағдайлар кездесіп жүр. Міне, осындай түйткілді тұстар та­разы басына тартылып, болашақта мұн­дай бе­ре­кесіздікке жол бермеу жайын ойластырған жөн.

Қызыл судың қауіп-қатері – жыл сайын қайталанатын жай. Түсініксізі әр жыл сайын бюджеттің қыруар қаржысы бөлінгенімен, шаруаның тап-тұйнақтай аяқталмайтыны. Табиғи су жолдарын біржола тазартып, су шайған өзен аңғарларын мызғымастай етіп бекітіп тастауға болмай ма?! Сонда қыруар қаражатты қызыл су шайып кетпес еді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз