Еуро-2024: Қазақстан іріктеу матчын Солтүстік Ирландияға қарсы өткізеді

0
295

10 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Солтүстік Ирландия командасымен ойнайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ойын 10 қыркүйек күні сағат 19:00-де өтеді. Бұл күні «Астана Арена» стадионына дейін қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіледі. Сондай-ақ, жанкүйерлерге ыңғайлы болу үшін және сағат 17:30-да кептелісті азайту мақсатында арнайы шаттл-автобустар ұйымдастырылатын болады.
Олар мына мекенжайлардан қатынайды және жанкүйерлерді дәл осы орынға кері жеткізеді:

– «Жастар» сарайының тұрағы;
– «Қазақстан» СК тұрағы;
– «Астаналық цирк» тұрағы;
– «Әзірет Сұлтан» мешітінің тұрағы;
– «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінің тұрағы (Нұр-Астана).

Ойын аяқталғаннан кейін футбол жанкүйерлері қосымша қалалық және қала маңындағы маршруттармен қайта алады: №№10, 12, 21, 26, 28, 37, 40, 49, 51, 53, 60, 303 автобустары Қабанбай батыр даңғылындағы аялдамаларда  күтеді.

Қазақстан футбол федерациясы матчқа 30 мың билеттің барлығы тиісті қосымшалар арқылы сатылғанын хабарлады. Ойын өтетін жерде билет сатылмайды. Билеттерді қайтара сатып алу фактілері анықталған жағдайда тәртіп сақшылары сатушыларды жауапкершілікке тартады.

Сол сияқты стадионға автокөлікпен де жете аласыз, бірақ тұраққа қоя алмайсыз.
Жақын маңдағы автотұрақтар ЭКСПО мен ботаникалық бақтың жанында орналасады.

Тұрғындар кептеліс болдырмау үшін қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет, өйткені бұл уақытта бірқатар көшелер жабылады. Жанкүйерлерге қоғамдық көлікпен жүруге кеңес беріледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ