ФК «Шахтёрдің» Премьер-лигаға қайта оралу жолындағы нақты қадамдары

«Шахтёр» футбол клубында кадрлық өзгерістер орын алды. Спорт директоры қызметіне қазақстандық футбол маманы әрі сарапшы, елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың заманауи тәсілдерін қолдайтын сарапшылардың бірі Арсен Іңкәрбеков тағайындалды. Бұған дейін ол кәсіби деңгейде футбол ойнаған. Ойыншылық мансабын аяқтаған соң бапкерлік, әдістемелік және басқарушылық бағыттарда жұмыс істеп келді.

Қызметіне кірісе салысымен Арсен Іңкәрбеков клубтың алдағы маусымға арналған стратегиялық мақсаттары мен негізгі міндеттерін жариялады.
Оның айтуынша, бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар «Шахтёр» клубында еңбек ету – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.
– Алдағы маусымда негізгі команда үшін жалғыз мақсат бар. Ол – Бірінші лигада чемпион атанып, «Шахтёрді» Премьер-лигаға қайта шығару. Осы мақсатқа жету үшін құрамды қалыптастыру жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта бірқатар футболшы қаралымнан өтіп жатыр. Селекциялық қызмет оқу-жаттығу жиындары басталмай тұрып-ақ жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүргізді. Қазір Түркияда ойыншыларды іріктеу, сондай-ақ олардың мүмкіндіктерін жан-жақты бағалауға бағытталған техникалық-тактикалық және физикалық дайындық жұмыстары өтуде. Біз заманауи технологияларды пайдалана отырып, құрамды жасақтауға қатысты селекциялық және аналитикалық жұмысты жалғастырып келеміз. Үміткерлер тізімі кең. Әлеуеті зор жаңа ойыншылардың қатарында Премьер-лигада, Бірінші және Екінші лигаларда, сондай-ақ QJ League-де өнер көрсету тәжірибесі бар жас футболшылар бар, – деді спорт директоры.
«Шахтёр» М жастар командасына қатысты да нақты мақсат қойылған. Команданың басты міндеті – Екінші лигада чемпион атану.
Сонымен қатар клубтың әйелдер командасын дамытуға да басымдық берілмек. «Шахтёр» әйелдер командасын Әйелдер лигасына қосу жөнінде Қазақстан футбол федерациясына ресми өтініш жолданды. Құрамды жасақтау барысында жергілікті тәрбиеленушілерге артықшылық беріледі.
Арсен Іңкәрбековтің сөзінше, клуб дамуының негізгі бағыты – Академиядан бастап негізгі командаға дейінгі дайындықтың біртұтас жүйесін қалыптастыру және ортақ әдістемені енгізу. Осы мақсатта Қазақстан футболы үшін бірегей жоба – ойыншыларды дамыту бөлімі құрылмақ. Бұл бөлімге түрлі бағыттағы, соның ішінде медицина мен оңалту саласының жас әрі білікті мамандары тартылады.
– Бұл бастамаларды жүзеге асыру клубтың жекеменшік басқаруға өтуінің, сондай-ақ QJ League жобасын сәтті іске асырған Тимур Турловтың стратегиялық көзқарасының нәтижесінде мүмкін болып отыр, – деп атап өтті Арсен Іңкәрбеков.
Бұдан бөлек, «Шахтёр» футбол клубы академиясының үйлестірушісі де тағайындалды.

Бұл қызметке белгілі футболшы Максим Жалмағамбетов кірісті. Ол – Қазақстан чемпионы (2006 жыл), Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының иегері (2005, 2012). Маманданған саласы – балалар мен жасөспірімдер футболы.
«Шахтёр» ФК баспасөз қызметінің ақпараты бойынша









