Хиджама қиындықтан құтқармайды
Соңғы жылдары хиджама жасату белең алып кетті. Жақында әлеуметтік желіде сәбилерді жылатып, маңдайынан қан алған маманның әрекеті қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір тобы хиджама жасау арқылы арам қаннан арылуға болады деп ойласа, екінші топ хиджамаға заңмен тыйым салу қажеттігін алға тартуда. Дегенмен елімізде курс оқып, сертификат алғандар хиджама жасауды кәсіп көзіне айналдырып алған.
Хиджама жасайтындарға лицензия берілмейді
Елімізде біліктілігі төмен дәрігерлердің көбеюінен қазақстандықтар олардан түңіліп, халықтық медицинаға жүгініп жүр. Бұл жалған емшілердің көбеюіне әкелді. Олай дейтін себебіміз, қазір ауруды қан шығару тәсілі арқылы емдейтіндер қаптаған. Мамандар бұл тәсілдің денсаулыққа кері әсері болуы мүмкін дейді. Себебі қан шығаруға мүлдем болмайтын жағдайлар болады.
– Негізінен, хиджама жасаушылардың арнайы медициналық білімі болмағандықтан, көптеген науқасқа зияны тиіп жатыр. Себебі мемлекет тарапынан тексеріс жоқ, тыйым жоқ. Процедураны дұрыс жүргізбегендіктен, науқастарда инфекциялық сырқат өршиді, бақылаусыз қан алынғандықтан, науқас гиповолемиялық шокқа түсіп қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, қайғылы жағдаймен де аяқталып жатқаны бар. Демек, мұндай емшілердің жұмысын қадағалап, адам емдеуіне тыйым салу керек,– дейді Шығыс медицинасының маманы, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ғабит Рысбаев.
Хиджама дәстүрлі медицинаға жатпайтындықтан, бұл процедура заңнамада қарастырылмаған. Сәйкесінше, лицензия да берілмейді. Мұны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та растап отыр.
– Қазір дәстүрден тыс медицинамен айналысатын адамдар медицина қызметін көрсетсе, өз ісін лицензиялауы керек. Ал лицензияланған медицина қызметіне хиджама жатпайды, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Осылайша, министрлік бұл салада шарасыз екенін жасырмайды. Өйткені бұған дейін Денсаулық кодексінің 54-бабының 4-тармағына сәйкес, жеке тұлғалар уәкілетті орган аккредиттеген денсаулық сақтау ұйымдары беретін сертификат негізінде ғана халықтық медицина, емшілік әдістерімен емдеуге кірісе алатын. Бірақ «Рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 10 шілдедегі заңымен бұл норма алып тасталды. Бұл жаңа заң бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету, сондай-ақ кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін қабылданды. Нәтижесінде, министрліктің денсаулық сақтау ұйымдарын емші сертификатын беру құқығына аккредиттейтін құзыреті жойылды. «Емші сертификаты» рұқсат беру құжаты қысқартылды. Салдарынан бүгінде халық емшілерінің қызметін бағалау мен бақылау қиын.
Хиджама жасайтындардың көбі ем-домның бұл түрін дінмен байланыстырады. «Хиджама – пайғамбарымыздың сүннеті, демек істеген амалдары. Сондықтан мұсылманға сүннет саналады. Пайғамбарымыз өз хадисінде бас ауырса, қан алдыру қажеттігін, өйтпеген жағдайда адамның өліп кетуі мүмкін екенін айтады», – деп кәсіптеріне жарнама жасап, емделушілерді қызықтырады. Осылайша, қаншама адам қан қысымын реттеймін деп хиджаманың құрсауынан шыға алмай жүр. Дегенмен белгілі имам, дінтанушы Нұрлан Асановтың айтуынша, хиджама ескі араб табиғатында бұрыннан бар дүние. Қазақта ем-домның бұл түрі «шертпе» деп аталады. Бірақ қазақ ауырған адамнан көп қан алмаған. Қазір қоғамда «арам қанымызды алдырамыз» деген қате түсінік қалыптасқан. Заңдылық бойынша адамның қаны ауамен араласқан кезде ұйып қалады. Соны «арам қан» деп айтудың өзі қисынға келмейді.
– Қазір ХХІ ғасыр, медицинаның әлеуеті жеткілікті. Сондықтан қан шығарамын деп жан шығарып алмас үшін кәсіби дәрігерлердің кеңесіне жүгінген дұрыс. Әр нәрсе заманға сай болуы керек. Баяғыда көзіне теріскен шықса қызыл жіп байлаған деп отыратын уақыт емес. Бұл емдеу жолдары бұрын қалып кеткен. Хиджама медициналық процедураға жатпайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің хиджама жасаушыларды тексеруге әлеуеті жетпейді. Хиджама жасайтын орталықтар діни рәсім ретінде тіркеліп алған. Сонда осындай орталықтарға тексеру жүргізу үшін міндетті түрде бір бала хиджама жасатып өлуі керек пе? Менің ойымша, мемлекет заң бойынша хиджама жасайтындарды тексеруі керек. Олардың қан алатын құралдарының барлығы стандартқа сай келмейді. Қытайдан шыққан банкалармен адамнан қан алу қауіпті, – дейді Нұрлан имам.
Ақша табу жолына айналған
Осылайша, медициналық ұйымнан «хиджама курсын оқыды» деген сертификат алған емшілер ашық қызмет көрсетіп жүр. Әлеуметтік желіде курстардың жарнамасы жер жарып тұр. Солардың біріне хабарласып, курстың бағасын сұрап көрдік.
– Орталықтың білікті мамандарынан хиджама курсын авторлық әдістеме және сүннет бойынша оқисыз. Курс ұзақтығы 7-10 күн, күніне 3 сағат. Медициналық білімнің болуы маңызды емес. Емдік хиджама, профилактикалық хиджама, косметологиялық хиджама, басқа, шашты алмай жасау хиджамасы, балалар хиджамасы, құрғақ хиджама сияқты хиджаманың барлық түрі курс бағдарламасында бар. Курс аяқталған соң білікті маман иесі атанып, әлемдік деңгейде лицензиясы бар «Аподит» халықтық емдеу ассоциациясының 5 сертификаты мен біздің орталықтан 2 сертификатына ие боласыз. Курс бағасы – 100 мың теңге, – деді біз байланысқан курс операторы.
Оның айтуынша, курсқа кеткен ақшаны, кейін хиджама жасап бір аптада тауып алуға болады екен.
Сонда да болса хиджама жасататын адамдар баршылық. Бірақ олардың барлығы бірдей хиджама жасатып ауруынан айығып кетпейді. Себебі хиджама жасайтындардың өзі аурудан толық айықтырамыз деп уәде бере алмайды.
– Кімде гемофилия ауруы бар, оларға хиджама жасауға болмайды. Ол қанның сұйықтығы, сол үшін алдымен жалпы қанға анализ тапсыру керек, диабет, дене қызуы болмауы керек. Өйткені температура болған кезде бастан қан алуға болмайды, инфекция басқа көтеріліп кетуі мүмкін. Ал денеден алуға болады. Бірақ бәріне бірдей әсер етпейді, хиджама біреуіне ем болып жатады, біреуіне ем болмайды. Сондықтан біз алдын ала науқасқа: «саған 100 пайыз көмектеседі деп айтпаймыз» деп ескертеміз, – дейді хиджама жасаушы Қарлығаш Байкенова.
Ал кәсіби медицина мамандары бұл процедураның медициналық қызмет түріне жатпайтынын айтады. Дәстүрлі медицинаға дәл осы шертпе емі кірмеген.
– Хиджаманы соңғы 2 жылдан бері ғана естіп жатырмыз. Ол қазақ тарихында жоқ. Хиджаманы қайдан үйрендің десе, «бәленбай дәрігер ашқан курсқа бардым, 10 күн үйретті, міне, сертификаты» деп шығады. Бір тамшы қанның сұрауы бар. Қанша адам қанға зәру. Ал қан тапсыратын адамдар қанды далаға төгіп отыр. Іс жүзінде оны да ақшаның көзіне айналдырды, одан қанша адамның көзі көрмей қалады, қанша адам менингит болады, мүмкін, қан қысымы түсіп немесе көтеріліп кеткен шығар. Ал іс жүзінде қандай зардабы болатынын халық қайдан білсін, – дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы.
Медицина ғылымының кандидаты Жұпар Нақанованың пікірінше, хиджаманы арнайы медициналық білімі бар дәрігерлер жасауы керек.
– Қазір елімізде хиджаманы кім болса сол техникалық жағын үйреніп, ақша табу үшін жасап жүр. Олар адамның қай нүктесінен қан алу керек екенін де білмейді. Тіпті, қазір кішкентай балаларға дейін хиджама жасайды. Бірақ 18 жасқа дейінгі балаларға, жастарға хиджама жасатудың қажеті жоқ. Сондықтан хиджама жасауға қарсымын. Одан да азаматтар донор болып, қан тапсырсын. Қазір арнайы органдар хиджама жасайтындарды тексермейді. Егер тексерсе, олардың ешқайсысында лицензияның болмауы да мүмкін,– дейді Жұпар Нақанова.
Иә, аңқау елге арамза молда. Кәсіби мамандардың қаққан дабылына құлақ түрмей, хиджама жасатқан қаншама адам өз өміріне зиян келтіріп жатыр. Нәрестеге хиджама жасағаннан кейін бір топ қазақстандық медицина саласының мамандары мен ғалымдары Денсаулық сақтау министрлігін баламалы медицина тәжірибесі мен хиджаманы қолданумен байланысты әрекеттерді, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты осы тәжірибені қолдануды реттеуге араласып, шара қолдануға шақырған петиция бастады. Екі күн ішінде оған 11 мыңнан аса азамат қол қойған. Енді министрлік дер кезінде хиджама орталықтарының жұмысын бақылауға алуы керек.