ІІМ-де қаза тапқан полицейдің отбасына автокөлік табыс етілді (ВИДЕО)
Полиция күні қарсаңында спортшы сақшылар мен ұландар марапатталды. Сондай-ақ марқұм полицей Мадияр Қожановтың отбасына құрмет көрсетілді, деп хабарлады Polisia.kz.
Іс-шараға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысты.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осы мереке қарсаңында әлемдік деңгейде топ жарып жүрген және елдегі жарыстарда жетістіктерге жеткен спортшыларымызды атап өткіміз келді. Біздің «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамын білесіздер. Жалпы, Қазақстанның ұлттық құрамасының 80 пайызы осы спорт ұйымының өкілдерінен тұрады, – деді Ержан Сәденов.
Ермек Маржықпаев спортшылардың алдағы Олимпиялық ойындарына дайындығын пысықтап жатқанын айтып, оларға сәттілік пен жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі.
Мерекеге орай спорт саңлақтары ведомстволардың бұйрығымен марапатталды.
Сонымен қатар жиында Ақмола облысында қызмет бабында қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Мадияр Кожановтың отбасына демеушілердің атынан автокөлік, министрлік атынан сыйлықтар табыс етілді.
Темір тұлпардың кілтін Қазақстан-Сібір тау-кен металлургия компаниясының өкілі Радислав Зиннатулин тапсырды.
Міне, 9 жыл өтсе де біз әрқашан қолдау көріп келеміз. Қамқорлықтары біз үшін, балалар үшін маңызды. Алғысым шексіз. Еңбектеріне табыс тілеймін! Ұлым әке жолын қуып, ІІМ Алматы академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр, – деді марқұм полицейдің зайыбы Ботагөз Қожанова.