Инвесторларды салықтан босату керек – президент
Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін шетелдік және отандық инвесторларды 3 жыл салықтан босату керек. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президенттің пікірінше, геологиялық зерттеуді өз қаражаты есебінен іске асыратын инвесторлар жер қойнауын пайдалануға басым құқықты қамтамасыз етуі керек. Кешенді мемлекеттік сараптаманы енгізу және процесті толық цифрландыру арқылы жобаларды келісу мерзімі мен рәсімін 2 есе қысқарту қажет.
«Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық зерттеу аумағын 1,5 млн-нан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін жеткізу. Басым міндеттердің бірі «жаңа мұнайға» айналған сирек металдар және сирек жер металдарының кен орындарын игеру болуға тиіс. Осы салада өз әлеуетін іске асыра алатын елдер бүкіл әлемнің технологиялық прогресс векторын айқындайтын болады», – деді президент бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында.
Сондай-ақ ол инвесторларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
«Жыл соңына дейін біз саланы дамытуға кешенді көзқарасты әзірлеуіміз керек. Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдік және отандық инвесторларды алғашқы 3 жылда салық пен басқа да міндетті төлемдерден босату қажет. Бұл өңдеуші индустрияға елеулі серпін беруге тиіс», – деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.