Инженерия саласы – Мемлекет басшысының назарындағы негізгі бағыттардың бірі

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Инженерия факультетінде «Жасанды интеллект» және «Инженерия» бағыттары бойынша жаңа зертханалар өз жұмысын бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беріп, білім беру жүйесінде тереңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Президент тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны да тілге тиек болды. Осыған орай жастарды тәрбиелейтін қарашаңырақ білім ордасы әрі қоғамның маңызды бөлігі ретінде Ахмет Ясауи университеті бұл бастамаларды қолдап, нақты жобалар арқылы жүзеге асырып келеді.
Жаңа зертханаларды салтанатты ашу рәсіміне университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек, ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі, Инженерия факультетінің деканы Нажи Генч, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Университет басшылығы:
«Инженерия саласы – Мемлекет басшысының назарындағы негізгі бағыттардың бірі. Жасанды интеллектіге арналған ұлттық жобаларға біздің оқу ордамыз да белсенді қатысып келеді. Жаңа зертхана студенттеріміздің игілігіне қызмет етіп, білімді жастарды даярлайтын орталыққа айналады деп сенеміз», – деп атап өтті.
2025-2026 оқу жылында Инженерия факультетінде «Жасанды интеллект және деректерді талдау» білім беру бағдарламасы ашылды. Ал жаңа зертханаларда студенттер кескінді цифрлық өңдеу, жасанды интеллект, машиналық оқыту және т.б. бағыттарда зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінде факультет студенттері жасанды интеллектіге негізделген қосымшаларды әзірлеуден бастап, оны толық жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңдерді меңгеріп келеді. Қазірдің өзінде 4-курс студенттері Ислам Абдулахадов пен Миләз Хинизов «YasawiGPT» атты тың жобаны қолға алды. ChatGPT сынды мүмкіндіктерге ие бұл бағдарлама қазақ тілінде жұмыс істейді. Жоба авторлары оны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, биыл Ахмет Ясауи университетінің Инженерия факультетінде жасанды интеллектіге бағытталған 2 жоба қаржыландыруға ие болды. Оның бірі – мемлекеттік гранттық қаржыландыру аясында, екіншісі – мемлекеттік бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру негізінде жүзеге асырылады. Екі жобаның жалпы бюджеті 400 млн теңгені құрайды.