«ИП, ТОО-ны жабу керек пе?». 1 қаңтардан бастап жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлік бойынша да есеп бересіз
Фото: masa.media
Декларацияға қатысты ел ішінде сұрақ көп. Азаматтардың мүлкі мен табысы туралы деларация тапсыру тәсілі Еуропа елдері мен АҚШ-та әлдеқашан бірізге түскен. Декларация тапсырудағы басты мақсат – бармақ басты, көз қысты әрекеттерге тұсау салып, жемқорлықты жою, көлеңкелі экономикамен күресу.
Елімізде жалпы халықтық декларация тапсыру 2021 жылы басталды. Бұл жылы табысы мен мүлкі туралы деректерді депутат, шенеунік, мемлекеттік органда жұмыс істейтін азаматтар тіркеді. Ал биыл тізімді квазимемлекеттік сектордағы мекеме мен бюджет қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер толықтырды. 2024 жылы бұл қатарға ЖК, ЖШС (ИП, ТОО) бойынша қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары қосылады.
Асылында декларацияны кезең-кезеңімен 18 жастан асқан барлық азаматтар, тіпті, зейнеткерлер де тапсыруға міндетті. Азаматтардың бұл санаты мүлкі мен активтері туралы ақпараттарды 2025 жылдан бастап тапсырады.
Жалпыхалықтық декларацияның ІІІ кезеңі 2024 жылдың 1 қаңтарында басталады. ЖК, ЖШС (ИП, ТОО) иелері мен олардың жұбайлары жылжымайтын мүлік, табыс, қолма қол ақшасы туралы ақпаратты 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру шарт. Бұл кезеңде 3,9 миллион азамат декларация тапсырады деп болжанып отыр.
ІІІ кезеңде декларация тапсыруы тиіс ЖК, ЖШС иелері мен оның жұбайлары жаппай кәсіптерін жабу үшін жанталасып жатқаны жасырын емес. Қаржыгерлер қоғамда қалыптасқан бұл үрдіс дұрыс емес дейді. Осы жағдаятта ескеретіні, қызметін тоқтатқан ИП, ТОО-ны жабу ұтымды болса, ЖК, ЖШС арқылы табыс тауып тұрған кәсіпті жабудың қажеті жоқ. Керісінше, табысы бар ЖК, ЖШС жабу қалтаңызды қаржыдан қағып қана қоймай, заңсыз әрекет жасауға итермелеуі мүмкін. Ең ұтымды шешім, кәсібіңізді әрі қарай дөңгелетіп, белгіленген мөлшерде салықты төлеу. Әйтпегенде алып-сату бойынша мүлкіңіздің құнынан жылдық табысыңыз асып кетсе, мемлекеттік органдар жемқорлық дерегі бойынша арнайы тексеріс жүргізуге құқылы. Қандай жағдайда да сіздің және жұбайыңыздың банктік шоттары базадан анық көрінетінін ұмытпаңыз.
Қарапайым мысал келтірейік, 2024 жылы 30 миллион теңгелік автокөлік сатып алдыңыз дейік. Егер 12 айдағы табысыңыз бұл суммаға жетпесе, несие рәсімдеген болмасаңыз, мүлікті қандай табысқа алғаныңыз тексеріледі. Өткен жылғы тапсырған декларациядағы құжатта табыс, активтеріңіз толық көрсетілмесе жемқорлық дерегіне күмән туындауы бек мүмкін.
Егер азамат анықталған мерзімде декларация тапсырмай, бір реттік ескертуді ескермесе 15 АЕК (51 750 тг) көлемінде айыппұл салынады.