Көлігін жалған техникалық тексеруден өткізгендерге айыппұл 370 мың теңгеге дейін көбейеді

0
107
Фото: almaty.tv

Көлік министрлігі автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізгендерге айыппұлдың көбейетінін хабарлады.

Министрліктің хабаралуынша, айыппұлды жаңа заң бойынша 370 мың теңгеге дейін көбейту көзделіп отыр.

Заң жобасы шеңберінде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекске автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер көзделген. Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары ақауы бар көліктердің жол қозғалысына жіберілуіне мүмкіндік беріп, кейін бұл жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соғады, – делінген хабарламада.

Көлік министрлігі осы мәселеге қатысты мамандардың пікірін де жариялады.

Мамандардың айтуынша, айыппұл көлемі құқықбұзушылықтарға пропорционалды болуға тиіс және бұзушылықтардың одан әрі жасалуының алдын алуы керек. Құқықбұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жылда қайталанса, техникалық тексеруден өткізетін оператор қызмет көрсету құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырылады. Сондай-ақ заң жобасы аясында автокөлікті техникалық тексеруден өткізетін операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды күшейту көзделген, – делінген хабарламада.

Бұл өзгертулер мен толықтыруларды енгізу автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізуді жақсартуға және жосықсыз техникалық қарап-тексеру операторларының санын 2 есе қысқартуға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Бүгінде нарықта 950-ге жуық оператор көлікті техникалық тексеруден өткізу бойынша қызмет көрсетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз