Көшпенділер ойындары: Қазақстан қоржынына алғашқы алтын түсті
Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан сынға түскен қазақ спортшысы Ермек Құралбай алтын медальға ие болды, деп хабарлады Halyq Uni.
Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын түсті.
Аударыспақтан 60 келі салмақта өнер көрсеткен қазақ спортшысы Ермек Құралбай көшпенділер ойындарында жеңімпаз атанды.
Жақсы дайындықпен келдім. Финалдағы қарсыласым – былтыр ат үстіндегі күрестен 60 келіде чемпион болған еді. Ел намысын қорғап, бірінші орын аламыз деп үміттендім. Сенімді ақтағаныма қуаныштымын, – деді Ермек Құралбай.
Сондай-ақ дүбірлі додада 2-алтынды қазақ күресінен Айжан Жылқыбаева алды. Ол ақтық сайыста қырғыз палуаны Луиза Асакееваны жеңді.
Айта кетейік, «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өтіп жатқан аударыспақтан бәсекеге 9 мемлекеттен, 64 спортшы қатысып жатыр.
10 қыркүйекте қазақ палуандары Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.