Киіктердің кедергісіз өрістеуі үшін экодуктар салу тиімсіз – Олжас Бектенов

0
181
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

 – Киіктердің кедергісіз өрістеуі үшін экодуктар салу тиімсіз. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Киіктердің популяциясын реттеу мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, олардың санын бақылаудың, оның ішінде экодуктар салу арқылы тарихи өрістеу жолдарын қалпына келтірудің барлық ықтимал тәсілдерін қарастырды. Айталық, зерттеу барысында қымбат экодуктар салу киік популяциясының санына әсер етпейтіні анықталды»,- деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, бұл шешім киіктердің жол үстіндегі экодуктармен және жол астындағы өткелдермен жүрмейтінімен ғылыми негізделген. Өйткені олар ашық, тегіс ландшафттарда тіршілік етеді және биік құрылымдардан да, әртүрлі туннельдерден де қорқады.

«Осыған байланысты киіктердің кедергісіз өрістеуі үшін экодуктар салу тиімсіз. Өйткені бұл шаралар оң нәтиже бермейді. Экодуктардың орнына, ғылыми ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес, тиісті ескерту белгілері мен қорғау қоршауларын орната отырып, киіктер өрістейтін учаскелерде еңіс беткейлер салу жоспарлануда»,- деді Олжас Бектенов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ